• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2018

Бас ауырып, балтыр сыздағанда...

1179 рет
көрсетілді

Халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау ісі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені дау тудырмайды. Дегенмен қолға алынған әлеуметтік шаралардың ойдағыдай жүзеге асуына кейбір келеңсіз жағдаяттардың кедергі келтіріп, тұрғындардың көңіл-күйіне кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ұсынылатын қызметтердің бірқатары өзінің жоғары сапасымен ерекшеленсе, екінші бір бөлігі әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтер сапасы деңгейінің ала-құла екенін білдіреді. Осы жағдаят атқарушы биліктің игілікті істерін көлеңкеде қалдырып, ел ішінде билікке деген жағымсыз көзқарасты қалыптастыратыны анық.

Әлеуметтік қызметтер көрсету сапасы жөнінде сөз еткенде, бірінші кезекте денсаулық сақтау саласы әңгіме өзегіне арқау болатыны белгілі жайт. Мәселен, бас ауырып, балтыр сыздағанда, дертің асқынып, жан-тәнің қиналғанда немесе перзентің науқастанып дегбірің қашқанда жүгінер емханалар мен ауруханалардың көрсететін қызметі жөнінде нақты «былай» деп кесіп айту қиын. Десек те, өзіне мәжбүрлікпен келіп тұрған науқастарды сарсаңға салу, сабылту, ары-бері жүгірту, лайықты көмек көрсете алмау тәрізді жағдаяттар денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік мекемелерге тән үрдіс болып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Кіріптар болып өзің тіркеуде тұрған емханаға үмітпен барғаныңда онда сенің дертіңді қарайтын маманның немесе қажетті медициналық аппараттың жоқтығын естіп тауың шағылып, мекеменің сен жолыққан дәрігерінің жол сілтеуімен өзіңе қажет маман-дәрігер бар өзге емхананы немесе жекеменшік дәрігерлік құрылымды іздеуге мәжбүр болатының бүгінде екінің бірінің басындағы іс. 

Осындайда анадайдан менмұндалаған еңселі емхана сіз үшін шалғайдағы ауылда орналасқан «медпункттей» дәрменсіздік танытқанына ыза боласыз. Оның үстіне тіркеуде тұрған емхана­ңыздың өкілдерінен сізге қажетті маман немесе медициналық аппарат бар дәрігерлік орталықтың қызметі ақылы болатынын естігенде әрі-сәрі күй кешесің. Ақшаң болса жақсы, ол құрғыр жоқ болса... 

Осы арада санаңызда сізге жол сілтеген адам мен әлгі медициналық құралы мен маманы бар, ақылы қызмет көрсететін құрылымның арасында жасырын келісім, жең ұшынан жалғасқан байланыс жоқ па деген күдікке бой алдырып, ол мемлекеттің тегін ұсынып отырған қызметін көрсетпей, амалын тауып сіздің қалтаңызды қағу мақсатымен сыбайласына жұмсап отырғандай сезінесің.

Қалай десек те науқастардың диагнозын анықтау барысында онсыз да мазасы қашып, жан-тәні қиналып тұрған адамдарды сарсаңға салу үрдісі бүгінде қалыпты жағдайға айналғандай. Бұл келеңсіз жағдаяттар көбіне маман тапшы­лығынан туындап жатады. Қазіргі таңда ден­саулық саласына қатысты түрлі мамандардың жетіспеушілігі дәрігер көмегін қажет етіп, емхана жағалаған тұрғындарға бірден байқалады. Мәселен, басқасын айтпағанда, қан және қан түзілу ағзалары ауруларын емдеу бағытындағы гематологтардың жетіспейтіндігі талайлардың жүйкесіне тиіп жүр. Өйткені гематологтың емдеуі немесе тексеруі қажет болған жағдайда бұл сала маманы барлық емханаларда бола бермейтіндіктен, оны шарқ ұрып іздеуге тура келеді. Гематологты тапқанның өзінде оның қабылдауы үшін алдын ала кезекке тіркеліп, кем дегенде бір ай күтесіз. Астананың өзіндегі жағдай осындай.

Соңғы деректерге қарағанда, еліміз бойынша гемофилия дертіне шалдыққан 1300-ге жуық адам есепте тұрады екен. Бұған гематологиялық тұрғыда тексерілуді қажет ететін азаматтарды қосқанда аталған саладағы маман-дәрігер қызметінің маңызы айқындала түседі.

Осы мәселені зерттеу барысында анық­талғандай, бүгінде гематологтардың жетіс­пеушілігінен олардың орнына учаскелік терапевттер медициналық қызмет көрсетіп жүр. Бұл өз кезегінде гемофилиямен ауыратын тұлғалардың арасында тиісті кәсіби мамандардан ем қабылдай алмай жүргендердің баршылық екенін аңғартады. 

Таяуда Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров ел Үкіметінің назарын біз қозғап отырған мәселелерге аударып, арнайы хат жолдаған болатын. 

Омбудсмен өз үндеуінде ерте кезден ауруды диагностикалауды, емдеуді, ауруды алдын алуды, науқастарды оңалтуды, сондай-ақ гемофилиямен науқастанғандарды бірыңғай орталықта есепке алуды, олардың дәрі-дәрмектік препараттарға, стационарлық және амбулаторлық емдеуге объективті қажеттілігін қамтамасыз етуді жүзеге асыра алатын республикалық мамандандырылған мекеме құру қажеттілігін қозғаған. Бүгінгі таңда шын мәнінде мұндай мекеменің қажеттілігі анық байқалып отыр. Осы орайда дамыған мемлекеттерде, тіпті өзімізбен етене, ғасырлар бойы тығыз қарым-қатынаста келе жатқан Ресей, Өзбекстан сынды елдерде аталған салаға қатысты орталықтар жұмыс істейтінін айта кеткеніміз орынды. Мысалы, Ресейдің Гематология ұлттық медициналық зерттеу орталығында жыл сайын 4000-нан астам гемобластозамен және қанға тікелей қатысты басқа да ауруларға шалдыққан науқастар ем алып, мыңнан астам ота жасалады екен. Сондай-ақ бұл елде ғылыми-клиникалық және клиникалық-диагностикалық бағытта қызмет көрсететін 28 мекеме бар көрінеді. Ал Өзбекстанның Гемофилия орталығында диспансеризация, ортопедиялық емдеу және оңалту мен алдын алу іс-шаралары жүзеге асырылады екен. 

Жалпы, біз бүгін медицина саласындағы білікті, тәжірибелі мамандардың тапшылығының бір ғана мысалын сөз ете отырып, осы саладағы мамандарға деген зәрулікті, соның салдарынан денсаулық сақтау ісіндегі кейбір жағымсыз жайттар көбіне халықты әбігерге салып жүргенін айтқымыз келді. 

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»