• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Қазақстан жиырмада

255 рет
көрсетілді

Қай заманда да тәу етер тәуелсіздікті дәл ақындардай аңсаған, дәл ақындардай ардақ­та­ған ешкім жоқ болса керек. Кеше ғана қазасы қа­лың қазақтың қабырғасын қайыстырып өткен ғажайып ақынымыз Тұманбай Молдағалиев та өміріндегі соңғы жырын Тәуелсіздікке арнапты. Бұл өлеңді редакцияға ақынның жары Күлтай жеңгей жіберді. Тұмағаң оны өзі талай жылдар бойы белсенді авторы болған «Егемен Қазақ­стан­ға» арнап жазған деп шамалаймыз.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.

Кеудесін жақсылыққа сақ ұстаған, Нар далам, өркендей бер намыс далам. Тауың да, кең далаң да анам менің, Күнім жоқ мен олардан алыстаған.   Таулар да тарихынан хабар беріп, Өз сырын айтатындай маған келіп. Жаңа күн, жаңа батыр, жаңа әншілер, Ақырын бара жатыр заманға еріп.   Бақ елім, баяғыдан, батыр елім, Гүл басып қарашы, әне, жатыр өрін. Жиырмаға келді бүгін Қазақстан, Ешкімге бастырмастан көкірегін.   Жарқынсың, мейлің таңмен жаңа да атсын, Пейілсің, мейірімсің, қанағатсың. Өр елім беделіңді бермей жатқа, Өрмелеп биігінде бара жатсың.   Соғады алыстарда асқардан жел, Жерден кел, қуаныштар, аспаннан кел. Өзенін өрге қарай ағызады, Өзінің туған ұлы басқарған ел.   Оятып көкірегін жан ананың, Басталды бақыт жайлы жаңа да әнің. Мақтанып қазақ болып туғанына, Мектепке бара жатыр балаларың.   Қадаған жүректерге қара көзін, Бітпейсің арулардың санап өзін. Әншілер бар даусымен шырқап жатыр, Аялап замананың жаңа кезін.   Жайнайды жаралған бір көлім нұрдан, Барғанда толқынына шомылдырған. Ғылымның асқарларын аламыз деп, Ғалым көп Қанекеңнің жолын қуған.   Келеміз өмір сүріп күн қасында, Қызықтар өтер талай қыр басында. Жиырмаға келді бүгін Қазақстан, Тойлар ел оның әлі мың жасын да.