Бір әріптесіміз көгілдір экраннан «тақыр жерде тұрғызылған қала» туралы көсіліп сөйлеп тұр. Тақырып Астана туралы екен. Мерейтойы иек астына келіп қалған шаһарды мақтауға теңеу таппай қатты қиналса керек, тілінің ұшына оралған тіркестің түрі әлгіндей.
Бұл бір емес, журналистиканың төңірегінде жүрген әріптестеріміздің тарапынан осыған ұқсас әңгіме ауанын бұрын да естігенбіз. Жиырма жылда жарты әлемнің жанарын жаулаған қаланы қалай мақтаса да жарасады, әрине. Бірақ кейбіреулер бас қаланың бұрынғы өткен тарихын сүмірейте суреттеп, тіпті жоққа шығарып жібергеннен қаланың мәртебесі биіктеудің орнына, аласарып кететінін аңдамайтыны өкінішті-ақ.
Жалпы, жатқа да, жақынға да белгілі жайт, елорданы Арқа төсіне көшіру – алдын ала терең ойластырылып, сараланып барып қабылданған шешім. 1994 жылы 6 шілдеде Президент Н.Назарбаев Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысында: «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 өлшем тұрғысынан жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола екендігін көрсетті» деген болатын. Көріп отырғанымыздай, Елбасымыздың тікелей араласуымен 32 түрлі өлшемнің басым көпшілігі бойынша басқа үміткер қалалардың арасында Ақмоланың аты озыпты. Яғни, сол кездің өзінде шаһардың артықшылықтары көп болғаны ғой.
Одан әріге көз жіберсеңіз, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ Кеңес үкіметі Ақмоланы одақты көктей өтіп жатқан тарам-тарам темір жол жүйесінің маңызды орталығына айналдыруды көздеп, аймаққа арнайы шойын жол магистралін салыпты. Аса маңызды көлік торабы ретінде қаланың орталық пен солтүстік өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық маңызының артуына бұл айтарлықтай ықпал еткендігі белгілі.
Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында әскери-көлік торабы болған өңір соғыстан кейінгі жылдары одан әрі дәуірледі. Тың өлкесінің орталығына айналып, атауы Целиноградқа өзгерді. Әрине өзге ұлт өкілдерінің қаптап келгені, қаланың һәм өңірдің орыстанғаны рас, бірақ бұл басқа тақырыпқа арқау болатын мәселе.
Одан да сәл әрірек шегінсек, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың Ақмоланы қазақтың елордасы ретіндегі әлеуетін болжай білген көрегендігі таңғалдырады. Бір мақаласында Әлихан Бөкейханов: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды шығарған», Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» дейді.
Қараөткел демекші, бұл маңайда бұрынырақта көктемге салым жәрмеңке қызып, қара күзге дейін толастамайды екен. «Қараөткел әуел бастан үлкен сауданың басы қосылған жер болған» дейтін белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев, орта ғасырларда Түркістан мен Сібір хандығы арасында жүрген сауда қарым-қатынастарында Қараөткелдің атауы кездесетінін айтады. Ақмола бекінісі салынбай тұрғанда Қараөткелде сауда керуендері айлап жатып, саудасын жасаған көрінеді. Ал Ресейге толық бодан болғанға дейін солтүстік өлкеде төрт үлкен керуен жолы болған, соның бірі солтүстіктегі Қызылжар қаласынан шығып, Ақмола дуаны арқылы Ұлытауды басып өтіп Бұқара, Ташкентке дейін жеткен екен. Ұлы Жібек жолының осы маңызды сүрлеуі ел аузында «Хан жолы», «Абылай жолы» аталыпты.
Қазақтан шыққан алғашқы капиталистер Қосшығұловтар әулетінің дүкен ұстаған, кондитерлік фабрика салып, өнімін Петербургке дейін экспорттаған, сауда-саттығын дөңгелеткен жері де осы Қараөткел. Осында атақты бай, Алашорда үкіметінің демеушісі болған Құрманғали Қосшығұлов Петербургтен автомобиль әкеліп, өзі мініп, басқаларға да көлік жеткізумен айналысқан. Яғни, бір ғасыр бұрын қазақ жеріндегі капитализмнің іргетасы қаланған шаһарды енді келіп ел қонбаған жер сияқты «айдала», «тақыр жер» деп суреттеу шындыққа қайшы әрекет. Айта берсек, Қыпшақ хандығының астанасы болған Бозоқ қаласының орны да қазіргі Астананың іргесінде орналасқан.
Біз мұның барлығын аспаннан алып айтып отырғанымыз жоқ. Елбасы Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде де қазіргі Астана – бұрынғы Ақмоланың өрлеген шағы туралы деректер жеткілікті.
«Тақ келген жерге – бақ келеді» деген ақынның тегеурінді теңеуіне мысал іздегенде тіл ұшына Астана оралары хақ! Айналдырған жиырма жылда абыройы алты құрлыққа жеткені бас қаланың бағы емей немене?! Алайда алты алаштың айдарынан жел естірген Астананың бүгінгі сән-салтанатын сөз еткенде аңдап сөйлеген де артықтық етпейді деген ойдамыз. Әйтпесе, төрқаланың атын асқақтатудың орнына аласартып алуымыз ғажап емес.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»