Бағаналы орда, басты ордаға айналған елорда – тәуелсіз ел тарихындағы ерекше белес, айтулы жетістік.
Кемелдік пен кенендіктің көрінісі Астана бұл күнде әлемнің алып шаһарларымен тең дәрежеде. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өркениетін заманауи тұрғыда жаңғыртып, жасампаз жолға бастады. Ал елорданың мерейтойы – халықтың қуанышы, мемлекеттің мерейі.
Бүгінде бас қаланың айтулы мерейтойын лайықты деңгейде өткізуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күн сайын дамудың жаңа сатысына көтеріліп келе жатқан Астана шаһарының сәнін келтіріп, көркін арттыратын жобалар да аз емес. Мәселен, «Арай-2», «Астана-Арена», сонымен қатар Бөгенбай батыр, Жеңіс даңғылындағы гүлзарлардың абаттандырылуы қазыналы мерейтойға деген қызу дайындықты көрсетеді. Бұл ретте әрбір өңірдің елордаға деген ықыласы мен құрметі ерекше.
Елорда тойына әулиеаталықтардың да қосар үлесі қомақты. Астана қаласындағы «Велосипед көлігінің инфрақұрылымы» нысанының №3 жер телімінде тиісті жұмыстарды жүргізу Жамбыл облысының еншісіне тиіп отыр. «Шын мәнінде Астана тойы – елдіктің тойы. Осыдан жиырма жыл бұрын Арқа төсінен еңсе көтерген елордамыздың жыл өткен сайын жасарып, жайнай түскенін көру барша қазақстандықтар үшін үлкен мерей, мақтаныш екені анық. Елордамыздың әлемдік қоғамдастық алдындағы беделі, мәртебесі аласармауы жолында тер төгу әрбіріміз үшін де абыройлы міндет деп білеміз», дейді облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев.
Өңірдің бас құрылысшысының айтуынша, мұндағы велосипед көлігі жолының ұзындығы 12,36 шақырым екен. Бұл Есіл ауданының Достық көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықты қамтитын аумақ.
Құрылыс жұмыстарын іргелі мердігерлік ұйым – «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ағымдағы жылғы мамыр айында бастаған болатын. Бүгінгі таңда жер дайындау, ұсақ тас, қиыршық тас, жиек тас және ірі түйірлі асфальт төсеу жұмыстары толықтай орындалған. «Осы жоба аясында велосипед көлігі жолы бойында қоқысқа арналған жәшіктер, орындықтар, велосипедті уақытша орналастыратын арнайы құрылғылар, велосипед тұрақтары мен сәйкестендіру жол белгілерін орнату көзделуде. Сонымен қатар жер телімінің басында және соңында облысымыз атынан екі монумент орнату ойластырылып отыр. Монументтердің іргетасы куртинск гранитінен қаланып, сырты иран-египеттік травертинмен қапталатын болады», дейді Әділет Ахатаев.
Веложолдардың әсіресе жастар үшін саламатты өмір салтын қалыптастыруда маңызы ерекше болмақ. Сонымен қатар бұл – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Жамбыл өңірінен де ерекше естелік.
Астана қаласынан бастау алған барлық жаңалықтың еліміздің әрбір өңірінің даму деңгейіне оң әсер етіп отырғаны анық. Тарихы тым тереңде жатқан қазақ ұлысының бүгінгі ұлы тойы елдік пен мемлекеттіліктің тойы. Бабалардың аманатына адалдық таныта отырып, ерлік шежіресін шертетін елдіктің тойына көне Жамбыл өңірінің де қосары мол. Әрқашанда асқақ кейіпті Астананың шұғылалы келбеті қазақ жүрегінің төрінен мәңгілік орын ала беретіні даусыз.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы