• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Маусым, 2018

Астана шежіресі: 1999 жыл

1221 рет
көрсетілді

1999 жыл

10 қаңтар – Қазақстан Президентінің кезекті сайлауы өтіп, 5 846 817 сайлаушының дауысын жинаған Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетті.

18 қаңтар – Астана қаласында халықара­лық білім стандартына сай «Мирас» халықаралық мектебінің алғашқы іргетасы қаланды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, жиналған көпшілікке, іргесі қаланып жатқан мектепте еліміздегі ең дарынды, зерек балалар оқитын болады, деген еді. Бұл мектеп қазір халықаралық Бакалавриат (IB), бастауыш (PYP), негізгі (MYP) және жоғарғы (DP) мектеп бағдарламалары бойынша авторизациядан өткен тұңғыш оқу орны ретінде белгілі.

20 қаңтар – Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне байланысты инаугурациялық – ұлықтау салтанаты Конгресс-холда (қазіргі «Астана» концерт залы) өткізілді. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. Елбасы ата-баба жолымен ақ киіздің үстінде тұрып ант берді. Одан кейін халыққа өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

20 ақпан – еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті елордаға қоныс аударды. Ұжымды ұлттық баспасөз баһадүрі Шерхан Мұртаза мен сол кездегі басылым басшысы Ержұман Смайыл бастап келді. Осы бір тарихи сәттің маңызы жайлы Шерхан ағамыз: «Астанаға тек «Егемен Қазақстан» газеті көшіп келген жоқ, онымен бірге Сәкен, Тұрар, Смағұл, Ғабит сияқты ұлылар рухы оралды» деді.

13 наурыз – Мысыр елінің орталығы әлемдегі ең көне шаһардың бірі Каир қаласы мен ғаламның жаңа шәрі Астана арасында достық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, осы оқиғамен қанаттас перғауындар елінің астанасындағы бір көшеге Абайдың аты берілді.

8 сәуір – Бұған дейін ел астанасы және облыс орталығы ретінде қатар танылып келген Астанаға жеке мәртебе беру үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шешім қабылдап, Ақмола облысының әкімшілік орталығын Астана қаласынан Көкшетау қаласына көшірілді. Сонымен қатар осы күні Астана атына лайық жаңа әуежайдың құрылысы аяқталып, оның ашылу салтанаты өтті.

29 сәуір – Астана қаласында тұңғыш рет республикалық дәрежеде ақындар айтысы басталды. Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың алқау батасымен басталған сөз сайысына ескікөз ақындар Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев бастаған 22 жүйрік қатысты. Бас жүлдеге тігілген жеңіл көлік қостанайлық жыр зергері Әсия Беркеноваға бұйырды.

23 мамыр – Елорда төрінде алғаш рет «Астана аруы» байқауы өтті. Бұған әр тараптан іріктеліп алынған 17-25 жас аралығындағы 30 бойжеткен қатысып, қазылар алқасы бас қаланың байырғы мектебі Жамбыл атындағы №4 қазақ гимназиясының 10 сынып оқушысы Айнұр Исмаилованы жеңімпаз деп таныды.

10 маусым – Астана қаласы бір жылдық мерекесін салтанатпен атап өтті. Осы шарамен орайластырып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында акцияларының 90 пайызы мемлекет меншігінде болатын Технопарк ашты.

15 шілде – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Молдова Республикасының президенті Петр Лучинскиймен кездесіп, оған қалалық мәслихаттың шешімімен «Астана қаласының Құрметті азаматы» атағын берілді.

16 шілде – Боливия астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның шешімімен елордаға «Қалалар бейбітшілік үшін» сыйлығы берілді. Осы уақыттан бастап Қазақстанның астанасы «Бейбітшілік қаласы» деп аталады.

28 шілде – Астана қаласында «SOS Kinderdorf International» халықаралық қорының қолдауымен төрт гектар аумақты алып жатқан отбасылық үлгідегі 12 үйлі балабақша типтес медициалық орталық пайдалануға берілді.

6 тамыз – Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда жалпыхалықтық мәдени шара ұйымдастырылып, ол жыр алыбы – Жамбылдың немересі Әлімқұл ақсақалдың жыр-батасымен ашылды.

7 тамыз – Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен гольф клубы ашылып, Мемлекет басшысы алғашқы доп­ты соғу рәсімін жасады.

1 қыркүйек – Білім күніне орай Қ.Мұңайт­пасов атындағы орталық стадион­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылы мектеп табалдырығын аттауға тиіс балдырғандармен кездесті.

19 қараша – Қалалық мәслихаттың шешімімен әйгілі әнші Бибігүл Төлегеноваға «Астана қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

15 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында елорданың Абай және Жеңіс даңғыл­дары қиылысында аумағы 32 мың шаршы метр, 12 қабаттан тұратын Қаржы министрлігінің сәулеті де еңселі ғимараты пайдалануға беріліп, шараға Елбасының өзі келіп қатысты.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»