Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында алғаш рет Алматы қаласының фотосуреттер және суреттер, заманауи теледидарлар QLED озық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, инновациялар көрмесі өтті.
Жауһар жарықтар алмалы қаланың айшықты тынысын таныта түседі. Қала ортасындағы Панфилов көшесі жаяу жүргіншілер еркін қозғалатын әрі демалатын орталыққа айналған. Арнайы орындықтар, сусын сататын орындар, балалар ойнайтын алаңдар жасақталған көшенің ұзына бойында қолөнер бұйымдары сатылатын базарлар ұйымдастырылғанын да айта кеткеніміз жөн.
Мың бояулы шаһардың мерекесін танытатын шарада Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен QLED Samsung Elektronics Central Eurasia компаниясының президенті Бен Юн сөз сөйледі.
Еліміздің егемендігінің алдында маңызды шешімдер қабылданған Қазақстанның бұрынғы астанасының ерекше рөліне тоқталған Бауыржан Байбек бүгін Алматы мәдениет, бизнес және қаржы орталығы екенін, ол сондай-ақ іс-шараны ұйымдастырған Samsung Electronics компаниясына алғысын білдірді.
Алматыда 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының президенті Ун Чол Юн өз кезегінде өздерінің қазақстандықтарға арналған инновациялық жетістіктерді енгізуге қуанышты екендіктерін айтты. Бір жыл бұрын олар Астанадағы EXPO-2017 көрмесінде QLED сызығын енгізсе, енді міне, Алматыда мереке күнін ұйымдастырып отыр.
Өзгеше бояумен түрленіп сән-салтанат тапқан Панфилов көшесі бойындағы Samsung QLED теледидарлары арқылы жоғарғы сапалы әдемі суреттер, көз жауын алған әшекейлі өрнектер мың түрлі бояуға малынған қаланың әсем дидарын танытады. Жаяу жүргіншілер жолының көңіл демдейтін әспеттілігі демалушыларға айрықша тыныс бергендей екен. «Алматыда өткен бір күн. Өмірге арналған қала» кітабының тұсаукесері оқырмандар арасында ерекше қызығушылық туғызды. Жаңа басылымда Алматы қаласының бірегей суреттерін, таныс көшелерді және азаматтардың күнделікті өмірін көре аласыз.
Алматы қаласына арналған фотография мен сурет көрмесі және бір актілі «Шахерезеда» балеті келушілерге қуаныш сыйлады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ