Орталық коммуникациялар қызметінде Астана күнін мерекелеу қарсаңында мерекелік концерт және «Домбыра – асыл мұра» көпшілік серуендерінің өткізілуіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Тұрар Әліпбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрқиса Дәуішев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айгүл Үлкенбаева қатысып, кештің бағдарламасы турасында баяндады.
«Домбыра ата бабамыздан қалған асыл қазына. Ұлттық домбыра күні мерекесінің өскелең ұрпаққа берер тағылымы зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген жаңа мейрам – Ұлттық домбыра күні ұлттық өнерді насихаттап жүргендер үшін үлкен қолдау. Қазақтың төл аспабын жалпыұлттық деңгейде насихаттау мақсатында жасалған дүние үшін Елбасына айтар алғысымыз шексіз. Домбыраның адам жанын тебіренте алатын қасиеті бар. Қазақтың күйлері де, қоңыр домбырасы да бабаларымыздан қалған мұра. Күй өнері – қазақ халқының рухани байлығының, жан дүние байлығының ең бір киелі, қасиетті түрі», деді А.Үлкенбаева.
Мемлекет басшысы «Ұлттық домбыра күнін бекіту туралы» 2018 жылғы 12 маусымдағы №699 Жарлығына қол қойды. Елбасының осы Жарлығын қолдау мақсатында Алматыдан арнайы Ахмет Жұбанов және Күләш Байсейітова атындағы мамандандырылған мектептерінен 500 дарынды домбырашы келе жатқанын атап өткен абзал. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің халықаралық, республикалық байқауларының 90 лауреат домбырашысы және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінен 70 адам арнайы келіп қатыспақшы. Және де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан 200 ұстаздар мен студеттер, Қазақ ұлттық өнер университетінен 500 жас өнерпаз домбырашы қатысады. Шара 1 шілде күні «Қазақ елі» монументінің алаңында өтеді.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»