Йылдыз ДОҒАН – Отанымызға табан тіреген түрік жігіті. Қазақстанға 1995 жылы қоныс аударған. Қазір Астанада тұрады. Түркиядағы «Жиһан» ақпараттық агенттігінің еліміздегі өкілі.
– Йылдыз мырза, ең алдымен өзіңіз, өмірбаяныңыз жайлы бір-екі ауыз әңгімелеп берсеңіз.
– Мен 1974 жылы Түркияның Карс қаласында дүниеге келдім. Әке-шешем ауылда тұрады. Фермамыз бар. Мал ұстайды, егін егеді. Отбасында 3 баламыз. Ағам және інім бар. Ағамның мамандығы тарихшы. Інім – географ.
– Қазақстанға келуіңізге не түрткі болды?
– Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алар алдында Түркиядағы мектептерде түрік мемлекеттері туралы көп оқытатұғын. Екі мемлекет арасында студенттер алмасу бағытындағы бағдарламалар да біздің қызығушылығымызды оятты. Менің де бұрынғы ата-бабаларымыздың жеріне барып, көрсем, оқысам деген арманымның болғаны рас. 1995 жылы Қазақстан жеріне осы бір ізгі арманымның жетегімен келдім. Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ағылшын тілі факультетіне оқуға түстім. Сол жылдары Қазақ-түрік лицейінде тәрбиеші болып жұмыс істедім. 1998 жылы университетті тәмамдап, сол жылы Астанадағы ұл балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне ағылшын тілі маманы болып жұмысқа орналастым. 1998 жылдан 2003 жылға дейін лицейде жұмыс істедім. Қазақстанда Достық білім беру орталығы бар. Осы орталықта 2003-2006 жылдар аралығында қызмет атқардым. Кейін 1 жыл Алматы қаласына барып, бастауыш мектепте Түркияның балаларын оқыттым. Бір жылдан кейін, 2007 жылдары Астанаға қайта оралып, Елбасымыз ашқан «Нұр Орда» халықаралық мектебінде директор болып жұмыс істедім.
– Қазақстанға барам деген ниетіңізге алғаш ата-анаңыз қалай қарады?
– Әрине, басында қарсы болғаны рас. Әке ғой. Көрмеген, білмейтін елге қалай барады деген ой болған да шығар. Бірақ, өткен жылы әкем Қазақстанға алғаш рет келді. Өзімнің оқыған университетіме апардым. Қазақстанға алғаш табан тірегендіктен, оған өте ұнады. Алған әсері де жақсы болды. Ал анам әлі Қазақстанды көрген жоқ.
– Бүгінде Түркияның «Жиһан» агенттігінің Қазақстандағы өкілі болып қызмет атқарады екенсіз. Енді осы агенттіктің бүгінгі күнге дейінгі тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– «Нұр Орда» лицейінде директор болып жұмыс істегеннен кейін 2009 жылдан бері Түркияның «Жиһан» ақпараттық агенттігінің Қазақстандағы өкілі болып қызмет атқарып жүрмін.
Біздің агенттік 1992 жылы мемлекеттік деңгейде құрылған. Бірақ агенттік ретінде, дүниежүзілік деңгейде 1994 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 55 мемлекетте өкілдігі бар. Қазақстанда өзінің журналисі бұрыннан бар болатын. Бірақ, өкілдік ретіндегі қызметі менің 2009 жылы жұмысқа келуіммен басталды. Қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен ақпараттық агенттіктермен қарым-қатынасымыз орныққан. Екіжақты меморандумдарға қол қойғанбыз. Олардың ішінде Ассошэйтед пресс, РИА-Новости, Қазақстандағы «Хабар» секілді агенттіктермен тығыз байланыстамыз. Біздің агенттігіміз тарататын материалдарымыздың басым көпшілігі – бейнематериалдар, деректі фильмдер, фотосуреттер. Сондай-ақ, жазбаша түрде хабарлар таратамыз. Түркиядағы кейбір телеарналарда тапсырыстық негізде бағдарламалар түсіріледі. Түркияда 1 мемлекеттік агенттік бар. Қалғандары жеке меншік. Біздің агенттік жеке меншік болып саналады. Түркияның өз ішіндегі және басқа да сыртқы елдердегі өкілдерін қосқанда 2000-нан астам қызметкері бар. Біздің Орталық Азиядағы елдердің ішінен Қазақстанды таңдауымыз да көп нәрсені аңғартады деп ойлаймын.
– «Жиһан» агенттігінің құрылудағы көздеген мақсаты не?
– Бірінші мақсаты – кез келген ақпаратты жылдам, өз ойын, пікірін қоспай тура жеткізу. Осындай қасиетіміз үшін қазіргі таңда біздің агенттік деңгейі жағынан көш басындағы 3 агенттіктің қатарында тұр. Яғни, біз нені көрдік, нені естіп, білдік соны оқырманымызға жазып, жеткіземіз. Бұл біз ұстанатын негізгі қағида. Ал біздің Қазақстандағы ұстанымымыз басқаша. Біз көп жылдар бойына осы елде қызмет атқарып жатырмыз ғой. Сондықтан бұл жердегі міндетіміз – Қазақстанды халықаралық аренаға дұрыс, өз деңгейінде таныстыру. Осы елде болған халықаралық іс-шараларды әлемге насихаттау. Бұл мақсатта да бірнеше үлкен іс-шаралар атқарып жатырмыз. Қазақстан жас мемлекет болғаннан кейін, Түркияға белгілі болғанымен, басқа елдер онша біле бермеуі мүмкін ғой. Ал біздің осы жерден жіберген ақпараттарымыз тек Түркияға ғана емес, 55 мемлекетке тарайды. Қазақстанда 2009 жылдан бастап үлкен іс-шаралар өтті. 2009 жылы Елбасымыз Түркияға сапарының алдында Түркі әлеміне белгілі Ататүрікке арналған ескерткіштің негізі қаланды. Одан бір жыл өткен соң Абдулла Гүл мырзаның Қазақстанға сапарынан кейін де Анкарада Н.Назарбаевтың ескерткіші бой көтерді. Осы жылдар ішінде екі мемлекет басшысы 3-4 рет кездесті. Қазақстан ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы саммиттері сынды үлкен іс-шаралар ұйымдастырып, оларды жоғары деңгейде өткізді. Біз агенттік болғанымызбен Түркияның өз ішінде бізбен әріптестікте жұмыс істейтін газеттер, журналдар, телеарналар бар. Олар агенттік жіберген ақпараттарды таратады. 60-тан астам телеарна, 100-ге тарта газет-журналмен байланысымыз орныққан.
Ал Қазақстанның ішінде жүргеннен кейін мұндағы қалыптасқан жағдайға, кез келген шараға оңай сараптама жасай аласыз. Басқа елдермен салыстыра аласыз. Бүгінде Астанадағы өкілдікте 1 журналист, 1 операторымыз бар. Сондай-ақ, Алматыда бір журналист қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, «Жиһан» ақпараттық агенттігі Қазақстандағы жақсылықтарды әлемге жақсы деңгейде жеткізуді мұрат тұтады. Осының бір дәлелі ретінде «Тарих таңбасы» деген фотоальбом түріндегі кітабымызды айтуға болады. Бұл еңбек 2009-2010 жылдар аралығында Қазақстанда болған оқиғаларды көз алдыңызға әкеледі. Келер айдың ортасына қарай кітаптың тұсаукесері болады. Біз мұнда елімізде болған тек саяси оқиғаларды ғана емес, мәдениет, спорт саласындағы іс-шараларды да енгіздік. Болашақта «Тарих таңбасын» жыл сайын шығаруды көздеп отырмыз.
– Отбасылық жағдайыңыз туралы айтып берсеңіз. Қазақ қызына үйленген екенсіз.
– Қазақстанда оқыдық. Көрдік. Ұнады. Артынан 1999 жылы Өскеменде үйлендім. Балалы-шағалы болдық. Жұбайым – қазақ. Есімі – Ләйла. Екі балам бар. Ұлымның аты – Хамза, қызымның есімі – Элиф. Ләйла да Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ағылшын тілі мамандығы бойынша менен төменгі курста оқыған. Әрине, Өскемен орыс ұлты көп қоныстанған жер ғой. Бірақ мен қазақтың қызына үйлендім. Оған өкінбеймін. Қызым әлі кішкентай. Ұлым 11 жаста. Ол 6 жасқа дейін орысша сөйледі. 3-сыныптан кейін «Нұр Орда» халықаралық мектебіне бердік. Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерін меңгерген. Мектепте болсын, достарының арасында жүргенде болсын қазақша сөйлейді. Ал жеке өз басым қазақ тілін үйрену кезінде соншалықты қиналған жоқпын.
– Қазақстанға келгеніңізге 15 жылдан астам мерзім өтіпті. Осы жылдарды саралай келе, Қазақстан туралы жеке ойыңыз, көзқарасыңыз қандай?
– 1995 жылдармен салыстырғанда Қазақстанның қазіргі деңгейі анағұрлым жоғары. Мен сол жылдары Өскеменге келгенде Түркиямен байланыс өте нашар болатын. Дүкендерге барсаңыз да бір нәрсені табу қиынға соғатын. Бұл – халық дағдарысты басынан кешіп жатқан кез еді. Ал қазіргі жағдай қандай? Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Интернеттің жылдамдығынан бастап, барлық жағдай қамтамасыз етілген.
Кейін 1998 жылы Астанаға келдім. Бұл кезде Астана өзгешелеу еді. Мен келген жылдар Астананың алғаш елорда ретінде бой көтере бастаған кезі еді. 15 жылдың ішінде Қазақстанның өскендігін көріп, өзгерістер мен жаңалықтарының куәгері болдық. Көзіміз жетті. Түркиядан келген қонақтарымыздың Астананы көрген кезде ауыздары ашылып кетеді. Мұндай әдемі қала болады деп ешқашан ойлаған жоқпыз деген ойларын да жасырмайды. Бір сөзбен айтсақ, Астана – Қазақстанның барлық өзгерістерін, жетістіктерін көрсететін қала.
Қазір Астананың ауа-райы да өзгеріп жатыр ғой. 1999 жылдары Наурыз мейрамы кезінде қатты боран болатын еді. Қазір ауа-райы да жылы, адамдардың көңілдері де жылып келеді. Ең бастысы, Президентіміздің көреген саясаткерлігі, елді дұрыс басқаруы, басқа елдермен қарым-қатынас орнатудағы шеберлігі Қазақстанды әлемдік деңгейге шығарды. Мысалы, ешбір Орталық Азия елдерінде дәл Қазақстандағыдай жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізілген жоқ. Бұл көп нәрсені аңғартады.
Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс жақсы деңгейде өрістеп келеді. Түркия мемлекеті Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың қатарында мойындаған ел болғандықтан, өзара қарым-қатынасымыз да жақсы жолға қойылған. Бұл ретте Елбасының екі мемлекет арасындағы байланысқа серпін берудегі еңбегі зор. Нахчыванда басталған түркітілдес елдердің ортақ келісімінен бастап, Түркия академиясының ашылуына дейінгі қадамдарға Елбасының ықпалы мол болды. Президенттің білім саласын дамыту бағытындағы жобаларын да айрықша атап өтуіміз қажет. Назарбаев университеті, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның болашағының негізін қалау бағытындағы игі бастамаларының бірі деп ойлаймын.
Меніңше, мұндай өзгерістердің барлығы Қазақстандағы жағдайдың жақсарғандығының, жақсарып қана қоймай, мемлекетіміздің күн санап дамып келе жатқандығының айқын дәлелі дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.