Өткен жылдан бері елімізде «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бастамасымен «Men qazaqpyn» мегажобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба ел ішіндегі талай жастың талантын танытып, шығармашылығының шыңдалуына үлес қосқаны сөзсіз.
Ғасырлар бойы жасап келе жатқан бабалар мұрасын насихаттау, жауһарларды халыққа жеткізу мақсатында еліміздің әрбір өңіріндегі өнерпаздар да аянып қалған жоқ. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып, Жамбыл өңірінде жасындай жарқылдаған өнерпаздар өнер көрсетті. Әуелі аталған жоба негізінде өңірдің әрбір аудандарында іріктеу кезеңі өткен болатын. Нәтижесінде, сыннан сүрінбей, өнердің барлық талаптарына жауап бере алған 40-қа жуық өнерпаз Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыстық іріктеуге қатысты. Өнерпаздар терме, дәстүрлі ән және күй аталымдары бойынша бас жүлдені сарапқа салды.
Мәдени шараны «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясы «Jambyl» филиалының директоры Жасұлан Әбдіхалық сөз сөйлеп ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Ал белгілі дирижер Ерлан Бақтыгерей, әнші Айгүл Мақашева, термеші Ертай Тазабеков және күйші Ержан Рысметов үміткерлердің өнеріне қазылық жасап, шын жүйрікті анықтады. Алғашқы «Күй» аталымында тараздық Дулат Байзілдаев жеңімпаз деп танылса, «Дәстүрлі ән» аталымында Сарысу ауданынан қатысқан Ахат Кенжебаев ең үздік деп танылды. Сонымен қатар термешілер арасында Жуалы ауданынан Мәлік Мықтыбеков жеңімпаз атанды. Енді аталған үш жүлдегер «Men qazaqpyn» ұлттық мегажобасында Әулиеата өңірінің намысын қорғап, өнерлерін көрсететін болады.
Ұлттық мегажобаның облыстық іріктеу кезеңіне орай өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Осы орайда «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық шараның сәтті жүзеге асуына қолдау білдірген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басқарма төрағасы Ерлан Қаринге және тиісті мекеме басшыларына алғысын білдірді. Сонымен қатар ол облыстық «Jambyl» телеарнасынан бір сағаттық «Men qazaqpyn» бағдарламасы ашылатынын, аталған жобаға аудандар мен ауылдардан қатысқан барлық үміткерлердің өнерін насихаттайтынын, ал үш жеңімпазға жергілікті жерден тәлімгерлер тағайындалатынын жеткізді. Өз сөзінде әнші Айгүл Мақашева алдағы уақытта Тараз қаласынан міндетті түрде көп салалы музыкалық колледж ашылуы керек екенін айтып өтті.
Айта кетейік, жобаның аудандық кезеңдеріне 146, ал облыстық кезеңіне 41 үміткер қатысып, бақ сынаған.
Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы