• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

Астана шежіресі: 2003 жыл

1233 рет
көрсетілді

Бұл жылы – еліміз «Қазақстан 2030» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісіп, алғаш рет аналарға бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақы беріле бастады. Сонымен қатар осы жылдан бастап, алдағы үш жыл (2003-2005 ж.ж) «Ауылды қолдау жылы» деп жарияланды. 

20 қаңтар – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ресми сапармен Швейцарияға барып, Конфедерациясының Федералды Президенті П.Кушпенмен кездесіп,  еларалық мәселелерді талқылады. 

23 қаңтар – Елбасы Н. Назарбаев Давостағы 33-ші Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты. Форумда сөйлеген сөзінде Президент: «Мемлекеттік тәуелсіздікке ие болып, халықаралық аренаға танылған сәттен бастап Қазақстан әлемдік экономикалық және саяси элитамен пікірлесу мүмкіндігіне ие болды. Осындай форумдар жаңа әріптестер табуға көмектеседі, ең бас-

тысы мемлекеттерді жақындастырады, біздің ортақ болашағымызды айқындайды» деді. 

6 ақпан – Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ватиканда Папа Иоанн Павел II-мен кездесіп, Астана қаласында дүниежүзілік діндер мен конфессиялар көшбасшылары құрылтайын шақыру туралы ақылдасты. 

16 сәуір – Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдауда қоғамды одан әрi демократияландыру мен мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгiн арттырудың, мәдениет, бiлiм беру және руханият салаларын дамытудың негiзгi бағыттары баяндалды. «Тарихи аса қысқа мерзiмнiң iшiнде бiз ең шұғыл экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырдық. Бүгiн мен бiздiң ең жаңа тарихымызда әлеуметтiк шығыстарды барынша ұлғайтқанымыз жайында жариялау абыройына ие болдым, бiз бұл iстi көп ұзамай қолға аламыз, әрi оның игiлiгi әрбiр қазақстандыққа және әр отбасына тиетiн болады», – деді Елбасы Жолдауында. 

6 мамыр – Президент Н.Назарбаев Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы доктор Абдалла Бен Абдель-мухсин Әт-Түркимен кездесті. Екі жақ Астана төрінде әлемдік діндердің құрылтайын өткізу мәселесін талқылады. 

17 мамыр – Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Думан» ойын-сауық орталығы ашылды. Ойын-сауық орталығында океанариум, «Джунгли» аниматроникстер театры, экзотариум-хайуанаттар бағы, 5D кинотеа-

тр мен кәдесыйлар дүкені орналасқан. Мұхитаралдың су қоры – 3 миллион литр. Оны әзірлеу үшін 120 тонна теңіз тұзы қажет болды. Онда теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі тіршілік етеді. 

28 мамыр – Президент Н.Ә.Назарбаев Мәскеуде өткен ШЫҰ мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысты.

3 маусым – Астана қаласында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде 2003-2008 жылдарға бағытталған Қазақстан-Қытай ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

23 қыркүйек – Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші құрылтайының ашылу салтанаты болды. Оған Каир қаласындағы Әл-Азһар жоғарғы имамы Шейх Мухаммад Саид Тантауи, дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Шейх Абдалла бен Абдель-Мухсин Әт-Түрки бастатқан дін қайраткерлері қатысты. 

13 қазан – ұзындығы 1225 шақырымды құрайтын Алматы – Астана автожолы салтанатты түрде ашылды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жобаны іске асырған отандық және шетелдік құрылыс компанияларына, сондай-ақ осы құрылысты жүргізген жұмысшыларға алғыс айтты.

11 қараша – Елбасы Н.Назарбаев Филиппинге мемлекеттік сапармен барып Г.Макпагал-Арройомен кездесіп, Қазақстан Республикасы мен Филиппин Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы Декларацияға қол қойды. 

4 желтоқсан – Президент Н.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Германия­ның Федералдық канцлері Герхард Шре­дер­мен кездесті. Екі ел басшысы Қазақ­стан мен Гер­мания арасындағы іскер­лік қатынастарды тал­қылай келіп, Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Германияның Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

 8 желтоқсан – Президент Н.Назарбаев екі күндік ресми сапармен Пәкістан Ислам Республикасына барды. Кездесу барысында тараптар саяси-экономикалық мәселелерге баса назар аударды. 

25 желтоқсан – Елбасы Н.Назарбаев Астана қаласында Қырғызстан Президенті А.Ақаевпен кездесті. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық интеграцияны дамыту мен нығайтуда Қырғыз Республикасы шынайы әріптес бола беретініне сенім білдірді. 

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»