Болашақта, қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркілері бөлімінде «Тұңғыш Президент», «түркі дүниесінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Астана қаласы» деген сөздер бір ұғымға айналып, қатар аталатын болады.
Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табалдырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстанбұл үшін қолданылған еді.
Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған ақсақалымыз – көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елдің символы ретінде Астананы іргетасынан бастап түбегейлі жоспарлап, әрбір ғимараттың құрылысын қалтқысыз қадағалап, әр кірпішін қамқор қолмен қалады. Астана әп-сәтте егемен елдің алтын тәжіне айналып үлгерді.
Түркия Республикасы құрылған кезде астананы Ыстанбұлдан Анкараға көшіру себебі қандай болса, бас қаланы Алматыдан ауыстырып, Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыру сондай заман талабы еді. Бас қаланың қоныс аударуы дер кезінде дербес қабылданған стратегиялық шешім ретінде тың бастаманың және жаңа бір дәуірдің бастауы ретінде тарихи маңыз иеленді.
Жаңа Түркия мемлекетінің қаһарманы және құрушысы Мұстафа Кемал Ататүрік десек, ал қазіргі Қазақстанның лайықты лидері Нұрсұлтан Назарбаев деп мойындаймыз. Ұлы тұлғалардың өмірі, көзқарасы, сенім артқан құндылықтары бір-біріне ұқсайды және толықтай үйлеседі. Екі қайраткер де түгел түркінің мақтанышы, есімі ел есінде мәңгі қалатын беделді басқарушылар. Екеуі де еркін, азат және зайырлы мемлекет жасақтау үшін халықтың рухын қайта тірілтті. Еркіндік пен бостандық аңсаған күресте Ататүрік Анкара арқылы, Нұрсұлтан Назарбаев Астана арқылы жеңіске жетті. Жаңа шаһардың бой көтеруі және мегаполис мәртебесіне жетуі ұлт тарихымен, әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен тікелей байланысты өрбісе, болашағы да осы құндылықтармен айшықталары анық.
Иә, Астана – байырғы байтақ даланың басты орталығы. Жаңа қоныстан соны технологиямен салынған заманауи ғимараттармен қатар, қаймағы бұзылмаған көне қазақ мәдениетінің әр алуандығын көруге болады.
Астананың айбары – Қазақстанның және қазақ бауырларымыздың биік мәртебесі, асқақ абыройы.
Астана – Қазақстан жетістіктерінің айнасы.
Киелі мекенге көз жүгірткенімізде мәдениеті бай, тарихы терең, сенімі нық қабырғалы қалың ел мен көне шежірені, саф өнерді анық көреміз.
Астана – отарлық езгіден құтылып, бодандықтың қамытын сыпырған азат елдің бейбіт жеңісінің жемісі.
Орыс патшалығының құрсауы мен кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан қазақтың ақыл-парасатын, ерік-жігерін паш еткен қала.
Бұрын тұрақ тепкен орыс халқының өкілдері басым болса, кейін жас отбасылар лек-легімен шоғырланып, қазақтың құтты мекеніне айналды. Толерантты қоғам орнап, ұлтаралық татулық салтанат құрды. Дінаралық келісім мен ымырагершілік біте қайнасқан ғаламат ғасырдың алтын арқауы – түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Астана арқылы терең парасат иесі, дара тұлға, дана басшы, мемлекет және қоғам қайраткері, ірі саясаткер екенін дәлелдеп шықты.
Жас қала қазіргі таңда Қазақстанның дамуы мен өсіп-өркендеуіне оң ықпал етіп, аймақтық тұрақтылыққа, ғаламдық қауіпсіздікке үлес қосу арқылы аса маңызды миссия атқарып отыр. Сирия мәселесін реттеу бойынша келіссөздер жүргізілген Астана процесі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Астана «ЕХРО-2017», Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының саммиті сынды көптеген халықаралық басқосулардың бастамашысы болып, бейбітшілік сүйгіш қала атанып үлгерді.
1991 жылдың аяғында тәуелсіздігін жаңадан жариялаған түркітілдес елдерді бірнеше жыл ғана өмір сүреді деп ойлағандар аз емес еді.
Алайда бүгінгі жағдайға қарап отырсақ, өсіп-өркендеуі мен дамуы қарқынды түрде жалғасқан егемен Қазақстанның өнегелі үлгісі тұманды сейілтіп, күдікті жоққа шығарды, жан-жағына жарқын үлгі бола білді. Сонымен қатар түркі әлемінің «тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұстанымын берік ұстаған Қазақстан көшбасшы мемлекет ретінде алға шықты.
Жүздеген жыл бойы мәдениет мәйегін бұзбай жеткізіп, түркілік рухты қайта түлеткен Қазақ елі шығыстан көтеріліп, батысқа шуақ шашқан күн тәрізді жарқырап келеді.
Жүзжылдық басқыншылықтан аман шығып, Атажұрттан келіп, Анадолыда үміт отын тұтатуы барлық ғұмырын осы идеяға арнаған біздер үшін шексіз бақыт.
Бүгінде Қазақстан – Азия кіндігіндегі төрткүл дүниемен терезесін теңестіріп, шежіре-тарихын түгендеген озық мемлекет, зайырлы республика. Жер бетінде әр саланы ұршықтай иіріп, дамушы елдердің қатарынан қалмай келе жатқан Қазақстан деген ел бар екені сөзсіз. Осы ғажап құбылыстың сәулетшісі, ұлы көшбасшы – түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев, ал оның қолтаңбасы – таңғажайып шаһар Астана.
Төбедегі көк күмбез құламайынша, төмендегі қара жер қақ айырылмайынша, ұлы түркі әулетінің қаһарман да өжет әрбір мемлекеті, халықтары мәңгі-бақи еркін және тәуелсіз өмір сүріп, тыныштығын сақтап қалмақ.
Бауырлас Қазақстан мемлекеті дүние тоқтағанша тоқтамай, жасай берсін!
Ялчын ТОПЧУ,
Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі