• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Маусым, 2018

Павлодарда «Ақылды үй» тұрғындарын күтуде

780 рет
көрсетілді

Бұл күндері облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында орналасқан «Павлодарэнерго» АҚ кәсіпорнында еңбек етіп жүрген, болашақта өндіріске келетін мамандарға арналған тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл са­йын өңірдегі басқа да кәсіпорындарда өндірісте еңбек етіп жүрген жұмысшы-қызметкерлеріне, жас мамандарға арнап тұрғын үй құрылысын салу үрдісі жалғасуда.

Жалпы болашақта Астана ауданы деп атауға лайық Усолка шағын ауданы облыс орталығының оңтүстік бөлі­гінде, Ертіс өзенінің жағалауына қоныс тепкен. Ауданда 80-ші жылдардан бастап тұрғын үйлер құрылысы бой көтеріп, дүкендер, мектептер салына бастады. Шеткері аудан болғандықтан қалааралық трамвай жолына қосылған, шаһардағы бағыттағы шағын автобустар да тынымсыз.

Қазір бұл шағын ауданға тіпті жақсы көңіл бөлінуде. Елімізде қабылданған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына орай жиырмаға жуық тұрғын үй салынды. Құрылыс әлі де жалғасуда. Ауданда жарқырған жаңа мектеп, балабақша, емхана пайдалануға берілді. Кардиохирургиялық орталық, Назарбаев зияткерлік мектебі, бірнеше спорттық орталықтар, бассейн, мәдени орындар, сауда дүкендері, аула клубтары жұмыс істеуде. Облыс орталығының жаңа келбетіндей жарқырап өркендеп, өсіп келеді.

Ал енді келесі жылдың соңына қа­рай пайдалануға берілетін «Ақылды үй» шағын ауданның тіпті сәнін де, мә­нін де келтірмек. Жаңа заманның өркениетті тұрғын үйі тұрғындарды таңғалдырмақ.

Кәсіпорынның бас директоры­ Олег Перфиловтың айтуынша, бірін­ші кезекте, «ақылды үйдің» әр пәтеріне ыстық, суық су мен жылуды есептейтін құрыл­ғылар орнатылады. Жылу бата­рея­­ларында арнайы реттегіштер және суды салқындататын климат жүйесі ж­а­салуда. Күн ыстық кезде жүйе бо­йын­ша өтетін салқын су бөлменің ауа­­сын салқындатады. Яғни, үй өзін-өзі салқындата алады. Қажетті қондыр­ғылар орнатылады.

«Ақылды үй» – өмір сүруге аса қолайлы, үнемді, жайлы, қауіпсіз саналады. Елімізге келетін инвесторлар да қаланы емес, өмір сүруге, жұмыс істеуге қолайлы мекенді таңдайды екен. Биылғы Жолдауда да «Ақылды қала­лар» «ақылды ұлт» үшін, «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деген жолдар бар.

С. Торайғыров атындағы универси­теті физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттер командасы да «Ақылды үй» жобасын жасады. Команда жетекшісі Дархан Жақсыбаевтың айтуынша, болашақта жүзеге асса, «Ақылды үй» жобасының көптеген қызметі бар. Үйге кіру үшін үй иесінің саусақ таңбалары керек. Баспанаға кірерде қозғалыс дат­чигі іске қосылып, жарық автомат­ты түрде жанады. Жарықтандыру дең­гейін реттеу жүйесі де автоматты түр­де қосылады. Сонымен бірге ауа райы өзгерістерін бақылау, перделерді ашып-жабу жүйелерінің автоматты жұмы­сы, түнгі уақытта баспалдақ арқы­лы қауіп­сіз қозғалу үшін арнайы жарық қосыл­мақшы.

 Студенттер демекші, былтыр «Ор­талық-Азия отын-энергетикалық ком­пания­сы» АҚ «Павлодарэнерго» АҚ еншілес компаниясының қолдауымен облыс әкімдігі арасындағы әлеуметтік жобаларды бірігіп атқару меморандумын жүзеге асыру шеңберінде облыс орталығындағы политехникалық монтаждау колледжіне 200 орындық жатақхана да салып берді. Болашақ энергетиктерге кәсіпорынға жұмысқа бару үшін бұл үлкен сенімді демеу.

Жалпы, өңірде облыс орталығында, Ақсу мен Екібастұзда «Ақылды үй» мобильді қосымшасы таныстырылуда. Бұл жобалар қала тұрғындары мен пәтер иелері кооперативтерін тұрғын үйдің жағдайы туралы хабардар етуге бағытталған. Қызмет көрсететін мекемелер болса өздеріне қарасты үйлер­дің картасын көріп бақылай алады. Жобаның авторы – «BF Group» ЖШС директоры Сергей Голышев.

Облыс орталығындағы осындай «Ақылды үйлер» жобасының бірін жасауды қолға алған «Павлодарэнерго» АҚ компаниясы тұрғын үйдің құрылы­сына 1,5 млрд теңге бөлсе, 200 миллион теңгесіне жер асты паркингке қа­жет­ті құрылғылар алған. Пәтердің бір шаршы метрі 167 мың теңге шамасын­да. Ал кәсіпорынның жұмысшы, қызмет­керлеріне 25 пайыздық жеңілдік беріл­мек. «Ақылды үйдің» ауданы 52,4 және 63,9 шаршы метрді құрайтын 96 пәтер­ден тұрады.

Пәтер алатын компания жұмысшы, қызметкерінің жасы 45-тен аспауы керек. Кәсіпорында он жыл еңбек етіп, осы уақыт аралығында пәтерді сатпауы керек деген шарттары да бар. Қазірдің өзінде «Ақылды үйден» пәтер алуға асыққан 400-ден астам өтініш түскен көрінеді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР