• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2018

Ұлттық кітапхананың залына Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді

712 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың ғылыми қызметкерлерге арналған залына көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, профессор Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді.

Қазақстанның Ғарыштық зерттеулер институтының негі­зін қалаған Өмірзақ Сұлтан­ғазиннің есімі отандық ғы­лымға өлшеусіз үлес қосқан қайрат­керлер қатарында аталады. Өмірзақ Махмұтұлының есімі физика-математика сала­сындағы сирек әрі маңызды зерттеулермен де тығыз байланысты. Ғарыш саласына қатысты зерттеулері еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жоғары бағаланғаны белгілі. Ол Карлов, Париж, Киото, Стэнфорд және Мэриленд университеттеріне, Банах атындағы Халықаралық математикалық мектептерде ғылыми дәрістер оқып, НАСА (АҚШ), КНЕС (Франция) сияқты шетелдік жетекші ғарыштық агенттіктермен ғылыми байланыстар орнатты.

Ал «Мир» кешені бортында, халықаралық ғарыш стансасында ғарышкерлер Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаев қа­тысқан ғылыми зерттеулер мен тәжірибелердің төрт бағ­дарламасын әзірлеу мен жүзеге асыруға тікелей атсалысқаны отан­­дық ғарыш саласындағы шоқ­тығы биік жетістіктердің бірегейі.

Өмірзақ Махмұтұлының ғы­лы­ми жетекшілігімен жарық көрген монографиялар мен оқу­лықтар бүгінде еліміз­дің жоғары оқу орындары студенттері үшін құнды еңбектер болып табылады.

 Қалалық Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орын­басары Данияр Әлиев осы игі шараны қолға алып, жүзеге асы­рып отырған ғалымның отбасына, Ұлт­тық кітапхана директоры Ж.Сей­думановқа ризашылық білдірді.

Ал ғалымның жары Райхан Ғаниқызы кітапханаға ғалымның математика, физика саласындағы ғылыми кітаптарын сыйға тартып, игі шараға атсалысып отыр­ған азаматтарға алғыс айтты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ