2018 жылғы 27 маусым күні ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында түлектерге диплом тапсыру салтанаты болып өтті. Дипломдар беру рәсіміне мәртебелі қонақтар қатысып, түлектерді құттықтады.
Құрметті қонақтар ішінде, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Оразалин Оңдасын Сейілұлы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасы Шпекбаев Алик Жатқамбайұлы болды. Сонымен қатар, салтанатты кешке Ауғанстан елшісі Шахим Кадам Шах, Моңғолия елшісі Луасан Баттулга, Біріккен Араб Әмірлігінің елшісі Ахмад Султан Эсса Альджабер, Македония Республикасының бірінші хатшысы Муарем Меджити, Қырғыз Елшілігінің екінші хатшысы Океева Алима, Біріккен Араб Әмірлігі Елшілігінің атташесі Альтахери Хинд және Орта Азиядағы Ханнс Зайдель Қоры жобасының басшысы Майер Макс Георг қатысты.
Магистратура бойынша оқыған 105 мемлекеттік қызметкерлер ішінде Қазақстаннан басқа, Қырғызстан, Моңғолия және Ауғанстан азаматтары болды. Олар «Мемлекеттік менеджмент», «Мемлекеттік саясат», «Аймақтық даму» және «Халықаралық қатынастар» мамандықтары бойынша магистр дәрежесіне ие болды. 11 мемлекеттік қызметкерлерге PhD докторы және мамандық бойынша доктор дәрежелері берілді. «Үздік мемлекеттік қызметкер» Республикалық конкурсының жеңімпазы Игенбаев Алмат Ердәулетұлы құттықтау сөз сөйлеп, түлектерді елге адал қызмет етуге шақырды. Кеш соңында «Халықаралық қатынастар» мамандығының магистрі білім алушылар атынан ант қабылдап, Мемлекеттік қызметкер мәртебесін биік ұстауға сенім білдірді.