• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2018

Батыс Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтілді

1352 рет
көрсетілді

Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды күй тарландарының туған жері саналатын Батыс Қазақстан облысында Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. 

Ұлттық домбыра күніне байланысты Орал қаласындағы салтанат Құрманғазы мен Дина ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Одан кейінгі негізгі көпшілік шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті алаңында жалғасты.

Оралдың орталық алаңындағы Қадыр ақынның ескерткішіне гүл шоғын белгілі домбырашы Едіге Нәбиев пен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастап қойды. Одан кейін мерекелік концерт басталды. Қазақы дәстүрмен безендірілген сахнада облыстың белгілі өнер ұжымдары, жыршы-термешілер, домбыра шеберлері əн-күй төкті. Ғабидолла Оспанқұлов өз сөзінде «рухани жаңғырудың нағыз үлгісі – домбыраны ұлықтау екенін» айтты. Домбыраға құрмет Ақ Жайық өңірінде бұрыннан ерекше. Мәселен, соңғы жылдары облыс аумағындағы орта мектептер үзіліс кезінде дәстүрлі қоңыраудың орнына күй әуендерін жаппай пайдалана бастаған.

* * *

Ұлттық домбыра күніне байланысты Орал қаласында өткен ерекше шараның бірі – қалалық перзентқанада жас босанып жатқан аналарға жасалған құрмет болды. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловпен бірге көпбейінді қалалық аурухананың перзентханасына барып, домбырамен əуелетіп ән салып, шағын концерт қойып берді. «Дудар-ай» әнін шырқаған Ғабидолла Абдоллаұлы бүгінгі мерекенің маңызын түсіндіріп, киелі өнер ұрпаққа мирас болып қалатынын айтты. Бұл күні дүниеге сәби әкелген 15 ана гүл шоғымен бірге бір-бір киелі домбыраны сыйға алып, мәз болып қалды.

* * *

Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған шаралар Батыс Қазақстан облысының әр түкпірінде де өтті. Сырым ауданының орталығы Жымпитыдағы шара «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп аталды. Аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы домбыра мерекесін ақын Қадыр Мырза Әлидің ескерткіші тұрған алаңда өткізуді ұйғарыпты. Мұның себебі де бар: қазақ әдебиетінде домбыраға Қадыр ақындай дәл, Қадыр ақындай тура, әрі Қадырдай табиғи теңеу айтқан адам жоқ. Оның «Нағыз – қазақ домбыра!» атты сөзі бүгінгі күні халықтық сөзге айналды.

Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жас әншісі Әбілмансұр Қанат, аудандық саз мектебінің жас домбырашылары Бернар Жолдығали, Дінмұхамед Құмарғали және жас ақындар Әлижан Кеңес пен Дильназ Сүлейменова өнер көрсеткен шара көпшілік көңілінен шықты. Қосымша білім беру педагогы, суретші Мұса Сұлтанғалиев домбыраның құрылысы, оның атаулары туралы баяндапберді. Шара көрермендің флеш- мобымен аяқталды.

* * *

Кеше ғана Ақжайық ауданының Шабдаржап елдімекенінде пайдалануға берілген су жаңа мектеп ұжымына осы мектепті әр жылдары бітірген түлектер 10 домбыра тарту етті.

- Ауылымызда су жаңа мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілгеніне барша шабдаржаптықтар жүрегі жарыла қуанып жатыр. Осы қуанышты оқиға Астана қаласының 20 жылдығымен және тұңғыш рет атап өтілгелі отырған Ұлттық домбыра күнімен орайлас келіп отыр. Ауылымыздың балалары жан-жақты өнерлі болсын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өссін деп біз мектеп ұжымына су жаңа он домбыра тарту еткенді жөн көрдік, - дейді ауыл мектебін 28 жыл бұрын тәмамдаған Ақмарал Мұратқызы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген Динара АМАНҒАЛИ