«Адамзаттың Айтматовы» атанған алып тұлғаның 90 жылдық мерейтойы бүгінде еліміздің әрбір өңірінде аталып өтуде. Ал жазушының өмірінде Жамбыл жерінің орны бөлек. Шыңғыс Айтматов кезінде Жамбыл қаласындағы Луговой мал дәрігерлік техникумында білім алған. Сонымен қатар заңғар тұлға Әулиеата өлкесін әрдайым құрмет тұтатынын шығармаларында да жазған. Осы орайда жамбылдықтар да әйгілі жазушының мерейтойын лайықты деңгейде атап өтті.
Жамбыл облыстық Қазақ драма театрының 82-маусымының жабылуына орай, театр сахнасында Шыңғыс Айтматовтың өміріне негізделген Байғали Есенәлиевтің «Таң сыры» атты драма-элегиясы сахналанды. Драманың қоюшы-режиссері – халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов, ал қоюшы-суретшісі – Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.
Шығармада Шыңғыс әлемінің шындығы көрсетілген. Драманың басты кейіпкерлері жазушының жары Мәрия Урматқызы мен өмірде сүйген ғашығы, белгілі биші-балерина Бүбісара Бейшеналиева екеуінің арасындағы диалогтармен өріледі.
Мәрия – бойжеткен шағында тағдыр соқпағымен Жапония жеріне кетіп, туған жері Қырғызстанға жете алмай көп қиындықтарға тап болады. Сол уақыттарда Шыңғыс Айтматов Жапонияға шығармашылық сапармен барып, өзімен бірге Мәрияны алып қайтады. Өзіне жар етіп, ұл-қыз сүйеді. Ал Бүбісара Шыңғыстың сүйген адамы. Сахнадағы қос бейне бір-біріне сырын ашып, мұңын шағу арқылы көрерменге жазушы әлемінің беймәлім сырларын ашады. Мәрияның «Екеуміздің де тағдырымыз бір азаматпен байланысты болған екен. Демек күндестерміз. Рас қой. Бірақ менің ешкім түсінбейтін сырымды тек сіз ғана түсінесіз. Өйткені екеуміз де бір адамды құлай сүйдік. Бір адамның жүрегі екеумізге ортақ болды» деген сөздері шынайы махаббаттың көрінісін береді. Бүбісараның Мәрияға айтқан «Біз екеуміз ғана емес, Мәрия, оны сүйетіндер өте көп. Пешенесіне ұлы істер жазылып, ұлы міндеттер атқарып, адамзаттың сүйіктісіне айналған жандарды бір адамның меншіктеуі мүмкін емес. Ол бүкіл адамзатқа ортақ. Оған ғашық, оған ынтық әйелдердің саны екеумізбен ғана шектеліп қалмайды» деген сөздері де Айтматовқа деген асқақ махаббатты аңғартқандай.
Драмаға жазушының сүйген жарлары мен өзінің «Боранды бекет», «Жәмилә», «Ақ кеме» шығармаларындағы Жәмилә, Данияр, Едіге бейнелері арқау болған. Сонымен қатар Шыңғыстың әкесі Төреқұлдың тағдыры да елес бергендей болады. Қойылым ерекшелігі – бір актердің екі рөлде бірдей ойнауы болды. Мәселен, актер Мәлік Ақүрпеков бірде Шыңғыс образын сомдаса, енді бірде Едіге бейнесіне көшеді. Сондай-ақ Анар Сағымбекова үш бірдей Мәрия, Бұғы-Ана, Зарипа бейнелерінде жарқырап көрінсе, Жадыра Құлтаева Бибісара, Жәмилә рөлдерін өз деңгейінде алып шықты. Ал Асқар және Данияр бейнелерін келістіре сомдаған Руслан Оразалиев көрермен көзайымына айналды. Едігені азаптаған Момын, Шал рөлдеріндегі Жүніс Әлімбеков және Оразқұл бейнесіндегі Асқарбек Сейілханның сахналық шеберлігі көпшілікті тәнті етті.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы