Шымкенттен Астанаға қарай сапарлайтындар саны бүгінде көбейе түскен. Жолға шыққандардың мұраты – мерейтойға жету, елорда тұрғындарының қуанышына ортақтасу. Жылдам жеткісі келетіндер ұшаққа, асықпайтындар пойыз бен автобусқа алдын ала билет алып қойған. Бүгінде жолаушы тасымалдайтын пойыз бен ұшаққа билет табу қиын. Ал Түркістан облысының тауар өндірушілері Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай, елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізіп жатыр.
Алғашқы жәрмеңкеге қатысқан 50-ден астам кәсіпкер, жалпы құны 122,8 млн теңге болатын 286 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағамен саудалады. Атап айтқанда, 65 тонна ет өнімдері, 101 тонна көкөніс, 18 тонна сүт өнімдері, 23 тонна жеміс-жидек, 18 тонна картоп, 20 мың дана жұмыртқа, 6 тонна балық, 5 тонна кептірілген жеміс, 4 тонна түрлі консервілер, 41 тонна басқа да өнімдер сатылымға шығарылған. Облыс мереке аясында 5 рет жәрмеңке өткізбек. Осы аралықта түркістандық шаруалар елордаға 14 753 тонна болатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрін жөнелтеді. Бұл орайда облыстан 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары іріктеліп, дайындық жұмыстары күшейтілген. Сондай-ақ облыста «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы өтуде. Яғни мереке қарсаңында облыста 20 нысан ашылып, ел игілігіне беріледі. Мысалы, «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «Шымкент Темір» ЖШС-ның болат құю зауыты іске қосылады. Жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар Шымкентте ұлттық теннис орталығы, зообақтың «Сафари» бөлігі мен Астана даңғылының бойында гүлзардың ашылу рәсімі өтті. Бұдан басқа мерейтой қарсаңында ел игілігі үшін облыс аумағында 4 балабақша, Шардара ауданында 10 пәтерлі екі қызметтік тұрғын үй мен Төле би ауданында 20 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй, ал Бәйдібек ауданында 1 пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үй құрылысы пайдалануға беріледі. Ал 1-6 шілде аралығында Түркістан қаласында «Яссы құс» шаруа қожалығының екінші кезеңі, сыйымдылығы 200 тонна болатын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын сервистік орталық ашылады. 200 орындық мәдениет үйі мен 600 орындық мектеп, 60 балаға шақталған «Ақкен» емдеу-сауықтыру лагері және спорт нысандары мен демалыс орындары да «Астана қаласының 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы барысында ел игілігіне тапсырылмақ.
Мұндай игі іске Шымкент қаласы да өз үлесін қосуда. Жуырда «Астана» шағын ауданы мен «Астана» гүлзары ашылды. Тұрғындарға шағын ауданнан жаңа пәтерлердің кілті тапсырылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған бұл үйдің пәтерлері әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жетімдерге және ұзақ уақыттан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Жалпы, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында осы уақытқа дейін 90 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда мұнда көп қабатты 27 үй салынуда. Енді бұл шағын аудан «Астана» деп аталады. Ал аумағы бір гектарға жуық «Астана» гүлзарында шынар, каштан, қайың ағаштары мен түрлі гүлдер егіліп, орындықтар мен жарықшамдар, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы