• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Дәрігерлер қуанышқа бөленді

332 рет
көрсетілді

Қостанай облысындағы денсаулық сақтау саласының қызметі де, материалдық жағдайы да осыдан 20 жыл бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді. Айыр­ма­шылығы жер мен көктей. Бүгінге дейін облыс өңіріндегі барлық емдеу орындары ине-жіптен жаңа шыққандай, жөндеуден өтті. Қостанай, Рудный қалаларында жаңа медициналық нысандар салынып, халық игілігіне жарап отыр. Ауруханалар шетелдік үздік медицина­лық құралдармен жабдық­тал­ды. Бір мысал. Басқасын айтпа­ғанда, аудандардағы дәрі­герлер жүздеген ша­қы­рымға ат сабылтпай-ақ видеоқұрал арқылы облыстық ауруханадағы әріп­тес­терінен қажет кеңес ала береді. Күрделі операция қажетсінетін, ауыр нау­қас­тарды жылдам облыс орталығына жеткізуге де мүмкіндік мол. Мұның өзі ана мен бала және жалпы адам шығынына жол бермейді. Міне, жақында аудандар мен қалалардағы «Жедел жәрдем» стансалары мен емханалар «реаномобиль» деп аталатын жылжымалы медициналық кешенге ие болды. Облыс әкімі Сергей Кулагин Қостанай, Арқалық, Рудный қала­ларын­дағы «Жедел жәрдем» стансалары мен Жітіқара аудандық ауруханасына, Лисаков қалалық емха­на­сына осындай жылжымалы медициналық «Жедел жәрдем» кешенінің кілтін тап­сырды. Олардың бағасы 70 миллион теңге болса, ал облыстық балалар ауру­ха­на­сына тапсырылған осындай кешеннің өзі облыс бюд­жетіне 5 миллион теңгеге түсті. Қазан айының басында облыстық және облыстық балалар, Арқалық қалалық ауруханаларына бір өзі бір емхананың жүгін арқалайтын жылжымалы ме­ди­циналық кешен тарту етілген болатын. Бұл заманауи жабдықтар үшін 256 миллион теңге жұмсалды. Оның қайтарымы қазірдің өзінде білініп отыр. Екі айға тол­майтын уақыттың ішінде осы жылжымалы медициналық кешен аудандар мен ауылдарды аралап, 6 мың адамның денсаулығын тексерді. – Тәуелсіздік алған жылдардан бері жеткен жетістіктердің барлығы да көз ал­ды­мызда. Ештеңені дабырайтып, ойдан қосудың қажеті жоқ. Облысымыздың денсаулық сақтау сала­сы, әсіресе соңғы он жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп, дамыды. Медицина саласына көп қаржы құйылды, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді, жалақысы өсті. Сіздер енді адамды емдеп қана қоймай, аурудың алдын алу жұмыстарын күшейтулеріңіз керек. Жан-жақты дамып келе жатқан тәуелсіз еліміздегі талап осындай, –деді облыс әкімі Сергей Кулагин үздік медициналық кешендердің кілтіп тапсырып тұрып. Бұл дәрігерлер үшін де, жалпы жұртшылық үшін де мереке алдындағы шын мәніндегі қуаныш болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.