Қадірлі отандастар! Бүгін біздің халқымыздың өмірінде ерекше маңызды тарихи күн. Біз Отанымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын бірлікте, бейбітшілікте, мамыражай заманда мерекелеудеміз.
Біз қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған ұлы мұратының ақиқатқа айналып, қазақ жерінде азаттықтың ақ таңының арайлап атқанына куә болдық. Тәуелсіздік – Қазақстан халқы үшін қастерлі ұғым, ұлы оқиға, өшпейтін құндылық.
Ең күрделі кезеңдерде қазақ халқының кемеңгерлігі мен толеранттылығы, ақжарқын көңілі мен қонақжай қасиеті жаңа мемлекеттің азаматтарының этностық шығу тегіне қарамастан ұйыстырушы бастау болды.
Жас мемлекеттің төрт құбыласы теңеліп, іргесі бекітілген осы жылдар ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанда жаңа экономикалық және саяси қатынастар жүйесі қалыптасты.
Президенттің басшылығымен әлемдік қауымдастықпен ең тиімді жүйелердің бірі деп танылған этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі іске асты.
Бірліксіз – ұлт жоқ. Ұлтсыз – мемлекет жоқ. Мемлекетсіз болашақ жоқ. Осы бір қарапайым қағидалар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың бастауына айналды және жас мемлекеттің адымды қадамдармен дамуын қамтамасыз етті.
Осының арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде жүз жылға татитын жолды басып өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы азаматтық бейбітшілік, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылықтың іргетасына айналды.
Бүгінде Ассамблея «бір ел – бір тағдыр» қағидасы бойынша ел бірлігін қалыптастырудың ең басты тетіктерінің біріне айналды.
Тәуелсіздік, мемлекеттік тіл, мәдени-тілдік әралуандықты сақтау, қоғамды экономикалық-әлеуметтік жаңғырту оның қызметінің басты қайнарына айналды.
Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өзінің өткеніне мақтанышпен және болашағына сеніммен қарсы алады. Біз келешек ұрпаққа лайықты мирас – ерікті, тәуелсіз, болашаққа ұмтылған Қазақстанды қалыптастырып қалдырамыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы барша Қазақстан халқын осы тарихи оқиғамен, біздің бірлігімізбен, бейбітшілікпен және қасиетті қазақ жерінің тұтастығымен құттықтайды.
Осы жарқын мереке жалынды жігер сыйлап, Отанымыздың игілігі жолындағы ізгі мақсаттарға қол жеткізуге жол ашсын!
Бірлігіміз бен берекеміз баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз мәңгі болсын!
Мерекелеріңізбен, қадірлі отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы