• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2018

Ормуз бұғазы жабылған жағдайда...

1519 рет
көрсетілді

Осы айдың басында Иран Ислам Рес­публикасының президенті Хасан Рухани Швейцария еліне жасаған сапары кезінде мұнай импорттаушы мемлекеттер Иранның мұнайын сатып алмаған жағдайда Ормуз бұғазын жауып тастайтындарын мәлімдеді. Президенттің бұл мәлімдемесі АҚШ билігінің Иран мұнайын сатып алмауға өз одақтастарын ықтиярсыз көндіруге бағытталған қысымына байланысты болса керек.

Бұдан біраз уақыт бұрын АҚШ тарапы Иран Ислам Республикасы үшін «қара алтын» саудасын тоқтатуға «бар күшін салатынын» әлем жұртшылығына жария еткен еді. Сондай-ақ биылғы жылдың мамыр айында Дональд Трамп Иранмен арадағы ядролық бағдарламаға қатысты келісімнен шықты және осы келісімге кіретін Еуропадағы елдерді де одан шығуға үндеді. АҚШ басшысының бұл «іс-әрекеті» Иранды ғана емес, Ресей, Қытай, Германия және Франция билігін де әрі-сәрі күйге түсірді.

Ормуз бұғазы Иранның стратегиялық және транзиттік маңызы зор аумағы саналады. Себебі осы бұғаз арқылы Пар­сы шығанағында мұнай өндіретін мем­лекеттердің мұнайы тасымалданады. Кей­бір деректерге қарағанда, оның жалпы көлемі өндірілген «қара алтынның» 20 пайызынан асады. Сол себептен сарапшылар Ормуз бұғазын Иран билігінің өзгелерге «қыр көрсететін» көзірі деп атайды. Ал бұғаз Халықаралық теңіз құқықтары және БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы бойынша халықаралық су жолы ретінде танылған. Өйткені Ормуз бұғазы Парсы шығанағындағы елдердің жүк тасымалын ашық теңізге шығаратын бір ғана су жолы болып табылады.

Ормуз бұғазы Иранның солтүстігін және Оманның оңтүстігін тұйықтап жатыр. Оның енінің ең тар жерінің өзі 50 шақырымды құрайды. Ал Иран тарапы бұғазды жауып, өзге мемлекеттердің мұнай тасымалына кедергі жасаса, ол халықаралық келісім нормасын бұзғандық болып табылуы мүмкін. Бірақ Иран парламенті БҰҰ-ның жоғарыда аталған 1982 жылғы конвенциясын әлі күнге дейін мақұлдаған жоқ. Дегенмен, Иран үкіметі конвенция талаптарын бұзуға апарып соқтыратын кез келген әрекеттен қашық болуға тырысты. Екінші жағынан, Иран үкіметі конвенцияға қол қоятын кезде осы құжатқа қосылған елдердің құқығын ғана мойындайтынын мәлімдеген еді. Бұл аталған конвенцияға кіретін мемлекеттер ғана Ормуз бұғазын пайдалана алады дегенді білдіреді. АҚШ – осы құжатқа қол қоймаған елдердің бірі.

Егер Иран билігі Ормуз бұғазын жа­уып тастайтын болса, АҚШ-тың оған қарсы күш қолдануы әбден мүмкін. Оған өткен ғасырдың 1980-1988 жылдары аралығындағы Иран мен Ирак соғысы нақты мысал болмақ. Жеті-сегіз жылға созылған сол соғысқа байланысты Ормуз бұғазы суында кемелер мен танкерлердің еркін жүзуіне қауіп төнген еді. Осыны алға тартқан АҚШ-тың әскери-теңіз күштері Парсы шығанағында өз әскерін орналастырып алды. Иран-Ирак соғысының аяқталғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де АҚШ Парсы шығанағынан әскери-теңіз күштерін әкетуге ниет танытпай отыр. Ал Иран тарапы АҚШ-тың Ормуз бұғазына құқығы жоқтығын мәлімдеумен келеді.

Халықаралық құқық нормалары негізінде алып қарағанда, Иран Парсы шығанағына апаратын жалғыз су жолын жауып тастауға құқығы жоқ сияқты. Яғни кемелердің қатынауына ты­йым сала алмайды. Бұл тек бейбіт уақытта ғана. Егер соғыс бола қалған жағдайда Иранның да, Оманның да Ормуз бұғазын өз қалауларына қарай пайдалануларына құқықтары бар. Жасыратыны жоқ, бұғаздан кеме жүзуге ты­йым салынатын болса, бұл алдымен қарулы қақтығысқа, оның соңы алапат соғысқа ұрындырады. Атап өтейік, 2012 жылдың шілдесінде Иран парламенті Еуропа елдерінің Иранға салынған экономикалық санкцияға қарсылық ретінде мұнай танкерлері үшін Ормуз бұғазын жауып тастау туралы заң жобасын мақұлдаған еді.

АҚШ билігінің Ормуз бұғазын көздің қарашығындай «күзетіп» келе жатқаны жайдан-жай емес. Өйткені, бұл ел ұзақ жылдардан бері араб мемлекеттерінің мұнайын аса мол көлемде тұтынатын елдердің ішіндегі алдыңғысы болып саналады. Болжамдарға қарағанда, алдағы уақытта да солай бола бермек. Сондықтан да оларға осы өңірдің қауіпсіздігі қажет. Егер бұғаз жабылып, мұнай тасымалына тосқауыл қойылатын болса, әлемдегі мұнай экспортының 40 пайызы орындалмай қалады екен. Міне, бұл мұнай бағасының еселеп артуы­на соқтырып, мұнай нарығында тұрақсыздық жағдай қалыптасады. Сондай-ақ ол біреулерге орасан зор пайда әкеледі, екіншілерін орасан зор шығынға батырады.

Бүгінде отын-энергетика көздері мен мұнай-газ қорлары экономикалық саясаттан гөрі халықаралық саясатқа айналып барады. Мысалы, Иранның күшеюі араб елдерінің көпшілігіне ұнамайды. Олар өздеріндегі сая­си режимдерінің қауіпсіздігі тұрғысынан алғанда, Иранның ядролық держава атануы­нан «өлердей» қорқады... Сол себептен Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттер Иран экономикасының дамымауына мүдделі. Оның үстіне бұл елдегі мұнай мен газдың мол қоры осы шикізатты көп тұтынатын АҚШ пен Қытайға тыныштық бермей келеді. АҚШ-тың Иранға қарсы экономикалық санкциялар салуына осы мәселе де белгілі бір деңгейде әсер еткен сияқты. Ал Иран президентінің Ормуз бұғазына байланысты мәлімдемесі Парсы шығанағындағы елдермен қатар, олардың мұнайын тұтынушы мемлекеттерді де алаңдатқандай болды.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»