• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2018

Халық әнінің тоналу тарихы

1959 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деді. Елдің ұлттық-рухани тамыры дегеніміз не? Ол ха­лықты сан ғасырдан бері адастырмай, алып келе жатқан салт-дәстүрі, фольклоры, әні мен жыры. Осылардың ішінде әннің ұлт руханияты үшін орны айрықша. Дана Абай атамыз, «Ұйықтап жатқан жүрек­ті ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар» дегенді бекер айтқан жоқ.

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, қазақ әнінің білгір маманы Б.Ерзакович: «Қазақ халқының төңкеріске дейінгі рухани мәдениетінің қуаты – ұлттық музыка өнері болды. Ол ғасырлар бойы ауызекі ұлттық-музыкалық-поэтикалық мәдениет арқылы жасалды. Онда адам мен табиғаттың сұлулығы, рухани эстетикалық көзқарастар дүниесі мен өмір туралы философиялық байыптаулар және тұрмыстық этикалық һәм адами құнды негіздер көрініс тапты» дейді. Үлкен оқымысты бұл пайымы арқылы халық­тың рухани қуаты әнінде екенін меңзесе, қазақ топырағында туған тағы бір ғалым Г.Потанин «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегені белгілі.

Осы орайда, халықтың ұлттық-рухани қайнары оның ән өнеріне терең сіңірілгенін аңғарған отарлаушы идеология кеңестік дәуірде қазақ әнін ақсату үшін барын салды. Мұндай қасіретті науқанға, әсіресе ғасыр­лардан тамыр тартқан құнарлы халық әндері көптеп ұшырады. Қазақ музыкасын зерттеушілердің айтуына қарағанда, халқымыздың 12 мыңға тарта әні бар екен. Осылардан таспаға түсіп, айтылып жүргені 250-ге жуығы ғана. Басқасы жойылған. Неге?

Кеңестік кезеңде мемлекеттік идеология саласында жұмыс атқарған жазушы Бекежан Тілегенов 1992 жылы жарық көрген «Тұйық өмірдің құпиясы» атты роман-толғауында, Қазақ Кеңестік Республикасының идеология жөніндегі хатшылары қазақтың ұлт­тық аспаптар оркестрінің рөлін кемітіп, әсіресе домбыраны жойып, қазақ өнерін сим­фониялық оркестрге айналдырып жіберу үшін атсалысты, дейді. Сонымен қатар қазақ ән өнерінің зерттеушісі Ахмет Жұбановты «КСРО халық әртісі» атағына ұсынғанда, республика идеологтары «қазақтың ұлттық өнерін зерттеген адамға мұндай атақ беру жарамайды» деп, сызып тастағаны тағы бар.

Ұлттық музыка – ән өнеріне шабуыл жасау мұнымен аяқталған жоқ. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркес­трін апару керек пе, жоқ па деген талас басталғанда, декаданы өткізу жөніндегі комиссия төрағасы: «Қазақтың музыкасы кімге керек, Мәскеуге оның қандай қажеті бар?» деп шешім қабылдаған.

Мұндай келеңсіз әрекеттерді айта берсе таусылмайды. Мысалы, композитор Ілия Жақанов, 1920-30 жылдары қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады. Сол кездерде колхоздас­тыру, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі нау­қаны басталғанда Үкілі Ыбырайдың «Толқын» әні: «Елім бар колхоз болып дүріл­деген» деп, «Ақбаян» әні: «Ой, Ленин, қараң­ғыда көп елің» деген қайырмамен шыр­қалса, Үлебайдың қалжыңдап шығара салған «Дударай» әні ұлттар достығы үшін Мәриям Жагорқызының әні боп ел санасына сіңді. Ықылым заманнан бері бір сөзіне қылау түспеген әндеріміз осылай «жаңа сипатқа» ие болды.

Қазақ әнінің майталман орындаушысы және өнертанушы зерделі тұлға Жәнібек Кәрменов: «1933 жылы 200-ден аса халық әні сотталды. Мұның бәріне тағылған айып – «фео­далдық дәуір туындылары» неме­се «ескінің сарқыты» дегенге саяды. Кей­бірі арнайы тапсырмамен «жаңа заманға» лайық­талып сөзі немесе әні өзгертілді. Бұл науқан 1951 жылы тағы бір қырағылықпен жүргізіліп, барлық әндер қатаң цензурадан өткізілді. Әсіресе діни атауы бар сөздер тұтқындалды. Осылай үш мың жылдық тарихы бар қазақ әнінің қанаты қатыгездікпен қырқылды. Қатал уақыттың диірмені жаныштап, аштық пен түрмеден ақсөңке болған ел мәдени мұрасынан, әнінен айырылған соң, арқасы жауыр, мұрны тесік тайлақтай бәрінен безіп, жетекке жүре берді. Рухани тап­шылыққа, тоқырауға ұшырады. Төл сөз түр­меге кетті. Жаңа жасанды сөз жанға жа­рық түсірмеді. Көптеген әндер айтылмай ұмыт қалды. Тіпті қазақ даласын жаяу аралап тірнектеп жүріп жинаған А.Затаевичтің 1500 әні шаң жұтып архивте қалды. Қызығып қо­лына алған жан «заманның қырағы­лы­ғынан» қорықты. Себебі бұл әндер жоға­рыд­ағы сұрыптаудан өтпей қалған еді» деп жазыпты 1990 жылы жарық көрген «Халық әндері мен композиторларының әндері» атты еңбегінде.

Қазіргі таңда халық әндері мен халық сазгерлері туындыларының сөздері бір-біріне ауысып, шатасып жүруі, мағынасыз мәтіндердің телінуі, сайып келгенде, жоға­ры­дағы зауалдың кесірі. Әнді тонау – тарихты тонау. Ең бастысы – сол ән авторларына жасалған қиянат. Сондай қиянат көр­гендер арасында алаш ардагері Ахмет Бай­тұрсыновтың «Аққұм», «Қаракөз» әндері Жүсіпбек Аймауытовтың «Қызыл бидайы», Мағжан Жұмабаевтың «Сүй, жан сәулем», «Сен сұлу», «Япыр-ай», тағы басқа авторлық әндер халық әніне телініпті.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»