Көкшетау қалалық орталық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ашық аспан аясындағы кітапхана ұйымдастырды. Алғашқы күні орталық саябақта салтанатты түрде ашылған бұл жоба бір күнді ғана қамтыған жоқ. Тұтастай онкүндікті қамтып, саялы ағаштардың аясында, таза ауада балғындарды кітап оқуға тартудың, осы орайда, оларды талай танымдық іс-шаралармен қауыштырудың қолдан келген барлық мүмкіндіктері қарастырылды. Сөйтіп бұл арада кәдімгідей балаларға арналған әртүрлі қызғылықты көркем әдебиеттерден, ойыншық кітаптардан, мазмұнды энциклопедиялар мен әсерлі фотоальбомдардан тұратын кітапхана қалыптасты. Кішкентай балдырғандар осы арада үстел ойындарына қатысып, түрлі құрастырмалы ойыншықтарды құрастырып, асфальт үстіне түрлі-түсті суреттер салып, бақытты балалық шақтың алаңсыз әлеміне бойлай түсті.
Бір атап өтуге тұрарлық жайт, кітапхананың «Әдебиет әлеміндегі демалыс» атты ашық аспан аясындағы бұл жобасы осы тектес республикалық шаралардың тізіміне енгізіліп отыр. Біраз балалар мен олардың ата-аналары қатысқан онкүндіктің ашылу салтанатына балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар Серік Жетпісқалиев, Қайырбай Төреғожа қатысып, өз қолтаңбалары қойылған кітаптарын сыйлады. Сонымен бірге жас өнерпаздар өнер көрсетіп, қазақ және орыс тілдерінде балалар өлеңдері оқылды, әндер шырқалды.
Бүгінде өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналып отырған рухани жаңғыру шаралары жас жеткіншектердің де бойларына кішкентайларынан осы ұғымды сіңіріп, оларды отансүйгіштікке, кітапқұмарлық пен зерделілікке баулуымыз қажеттігін алға тартып отыр. Бұл ретте, көбіне өз-өзімен болып, жоғарыда айтқан себептермен айналасынан оқшаулана түскен жас ұрпақты руханияттың сара жолына салуымыз қажет. Осы бағытта өздері өмірге әкелген жобаға бір кісідей жұмылып, он күн бойы балаларға ашық аспан астындағы кітапхана ұйымдастырған Көкшетау қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының ұжымына ризашылығымыз мол.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Көкшетау