• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Шілде, 2018

Домбыра Голливудты бағындырды

702 рет
көрсетілді

Мұхиттың арғы жағынан жеткен сүйінші хабар күллі қазақтың абыройын арттырды. Қара домбыраны серік еткен «Бастау» дуэті Голливуд төрінде өткен әйгілі дүниежүзілік «Әлем чемпионы» (World championships) байқауында топ жарып, алтын медальды қанжығасына байлады.

World championships өнер байқауы – жыл сайын Гол­ливуд төрінде өтетін әлем­дік деңгейдегі ауқымды жоба­­ла­р­дың бірі. Өз тарихында 22-ші мәрте ұйымдастырылып отыр­ған өнер додасының негізгі ұйымдас­ты­ру­шылары – гол­ливудтық жергілікті продюс­серлік компания. Қазақстан аты­нан тұңғыш рет қатысып отырған «Бастау» тобы айтулы жобада «Аспап­тық орындау» ата­лымы бойынша сайысқа түсті. Жалпы саны 72 ел – Каль­­мар, Палау сияқты шағын аралдардан бастап, Аустралия, Қытай, Канада, АҚШ, Еуропа, Азия мемлекеттері, Африканың көптеген елдері қатысқан байқаудың 3 кезеңге созылған талабынан сүрінбей өткен қазақстандық өнер тобының қос ішектен төгілген күмбір күйіне әлем тамсанып, таңдай қақты. 

«Бұл конкурстың жалпы жас өнер­паздардың өнердегі жо­лын ашып, жұлдызын жағуда мүмкіндігі өте мол. Жоба­ның ерекшелігі сол – ұйым­дас­тырылуы мен өту тәртібі кәдім­гі спорт олимпиадасы сияқты. Тек бұл жерде әркім спорт түрі емес, өнер өлшемінде сайыс­қа түседі. Тіпті ашылу рәсімі­нің өзі спорттық олимпиада­дан кем емес, әр мемлекет өз туын желбіретіп шығып, ұлттық өнерін таныстырады. Өкінішке қарай біздің елде бұл байқау туралы көпшілік біле бермейді. Алғаш болып «Бастау» дуэті қатысып, өздеріңіз куә болғандай, өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазақ музыкасын Америка аспанында әуелетіп, төрткүл дүниені таңдай қаққызды. Голливуд өнердің шыңы болса, біз сол шыңды бағындыруымыз керек. Келесі жылы бізге үл­кен мүмкіндік туып отыр. Себебі мұнда әр елдің ұлттық директоры, ұлттық бапкері болады екен. Биылдан бастап байқаудың бапкерлігіне мен тағайындалып, келешекте жақсы жобаларды қолға алу жоспарда бар. Бізге ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түсті, алдағы жылы маған тек домбырашылармен ғана емес, өзге өнерпаздармен қатысуға ресми түрде рұқсат берілді», дейді «Бастау» то­бы­ның продюсері Алпамыс Шәрімов.

Бұл жеңіс – қара домбыраны жанына серік еткен «Бастау» тобының алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін Латвияның астанасы Рига қаласында өткен айтулы өнер байқауында бас жүлдені еншілесе, араға аз ғана уақыт салып Иерусалимде ұйымдастырылған «Әлем музыкасы» конкурсында да жеңіс тұғырынан көрінген домбырашылар дуэті алдағы мақсат пен жоспар ауқымын ұлғайтып, мұхиттың арғы жағын мойындатуға бел шеше кіріскен болатын. Сол үміт алдамай, міне, Голливудтың айтулы өнер байқауының алтын тұғырынан көрінді. Америка төрінде Құрманғазының «Адай», Нұрғиса Тілендиевтің «Баламишка», Олжас Сүлейменовтің «Еуразия», Темірлан Олжабайдың «Бастау» және өзге де халық күйлерінен попури орындап, ұлттық музыканың құнарлы үнін жаһанға паш етті. Топ продюсері Алпамыс Шәрімовтің айтуынша, қазақы үн табиғатына таң қалмаған маман кемде-кем. 

Аталған байқауда әр мемлекет өнердің сан түрлі жанры бойынша сайысқа түсіп, бақтарын сынады. Мәселен, биылғы додада Қазақстан «Аспапта орындау» аталымы бойынша қатысса, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өзге қатысушылар вокал, би, модель, актерлік шеберлік, цирк өнері сияқты түрлі жанр бойынша бәсекеге түсті. 

 «Жалпы, біз үшін ең басты қолдау осы байқаудың алдында Президенттің шілденің бірінші демалысын «Ұлттық домбыра күні» деп жариялауы болды. Қолымызға ұстаған аспабымыздың өз мерекесінің, өз күні болуы жігіттер үшін де, мен үшін де үлкен мотивация болды. Одан кейін бізге қай кезде де қолдау білдіріп, жанашырлық көрсетіп жүретін Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға алғыс айтамыз. Жігіттеріміз осы білім ордасында білім алады. Ал ол кісі нағыз өнер жанашыры, өнерге құлшыныс білдіргендерге әрдайым қолдау көрсетуге әзір» деп топ жетекшісі туған еліне де таудай алғысын жеткізді. 

Расымен де, қазақтың өзіне ғана тән ұлттық колоритке бай музыкасы, ұлттық аспабының, өнерінің құдіреті қай кезде де еліміздің беделін асқақтатып, Алаш абройын әлем кеңістігінде мойындатып келеді. Кезінде Париж көгін әуезді әнімен таңдай қаққызған Әміреден бастап, Құрмағазы күйімен жаһандық жаңалыққа айналған бүгінгі «Бастау» дуэтінің Голливудтағы айтулы жеңісі шын мәнінде тұтастай ұлттың абыройы, беделі екені сөзсіз. Күні кеше Домбыра күнінің жалпы ұлттық мереке ретінде тойлануының өзі де қазақтың төл өнерінің қай кезде де көркемдік деңгейінің жоғары, сапалық мазмұнының сан тарапты екендігін әйгілесе керек. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»