Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы санаға серпіліс, қоғамға қозғалыс әкелгені белгілі. Оның ішінде аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі саналатын «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасының маңызы зор.
Аз ғана уақыт аралығында жолға қойылған жоба әдебиет пен мәдениет жауһарларын әлемге танытуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып үлгерді. Соның бірі қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясын құрастырып әлем тілдеріне аудару ісі десек қателеспейміз. Қазақ жырының құрлық асып, құндылықтарымыздың алпауыт 6 тілге аударылуы Алашқа абырой, қазақ қазынасына олжа. «Рухани жаңғырудың» рас үлгісі боларлық іргелі істің игілігі болашаққа азық.
Осыдан бірер ай бұрын ғана Алматыдағы Достық үйінде қаламгерлер қауымымен кездескен Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева еліміздің бай әдеби мұрасын әлем халқына танытуда бұл бастаманың орны айрықша екенін айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталған болатын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай қолға алынған халқымыздың білім көкжиегінің кеңеюіне ғана емес, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге де ықпалы үлкен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын тәуелсіздік дәуіріндегі тұңғыш серпіліс десек те болады.
500-ге жуық іргелі шығарманың іріктеліп, әлемдік нарықта насихатталуын қазақ руханиятының қанатының кеңге жайылғаны деп білуіміз керек. Елбасы айтқандай қоғамдық сананы жаңғыртып, оны түбегейлі өзгертуде зиялы қауым өкілдерінің үлкен жауапкершілігі жатыр. Бұл тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия тарапынан төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлемге әйгілеуде біршама нақты қадамдар жасалуда. Оның нәтижелері жуырда жария болған қазақстандық проза мен поэзия антологиясының ағылшын, француз, испан, қытай және орыс тілдеріне аударыла бастаған берекелі бетбұрысы дер едік. «Бұл жай ғана жалаң аударма жасап кітап шығару деген мақсат емес. Мақсатымыз – мәдениет саласындағы халықаралық қарым-қатынастарды нығайту, оның ауқымын кеңейту, әдебиетімізді әлемдік нарыққа шығарып дүниежүзіне таныстыру», дейді Аида Балаева.
Аталған істердің ақжолтай хабары алдымен Кембриджде (Ұлыбритания) «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен Кембридж университеті баспаханасы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды деп жетті. Келісім бойынша ұлыбританиялық баспахана қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату жұмысын қолға алатын болды. Белгілі болғандай, қазіргі заманғы қазақ әдебиеті үлгісінің жинағын БҰҰ-ның алты тіліне аудару жұмысы «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Жоғарыда айтқанымыздай, ол жобаның басты мақсаты – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі біздің әдебиеттің, музыка және бейнелеу өнерінің, хореография, кино мен театрдың жетістіктерін әлемге паш ету болып табылады. Қазақстандық тараптан меморандумға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.
«Британдық Кеңес жақтан қолдаудың болуы, сонымен бірге Сambridge University Press секілді белді ұйыммен ынтымақтастық пен оның 500 жылдық тарихы, талассыз абыройы біздің жобаның сәттілігіне негіз болар деген сенімдеміз. Бұл аударма жұмысының жоғары сапасына оң әсер етіп, басылымның Ұлыбританияда ғана емес, жалпы ағылшын тілді әлемге таралуына мүмкіндік берер деген сенімдеміз. Дәл осындай аударма жұмыстарын испан, француз, орыс, қытай және араб тілдеріне аударып, антология ретінде шығару үшін келіссөздер жүргізіп жатқанымызды атап өткім келеді. Әлеуетті серіктестерге талап та жоғары. Алдымен тәжірибеге, абырой мен баспахананың мүмкіндіктеріне басымдық беріледі», – деді Аида Балаева меморандумға қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Өз кезегінде Сambridge University Press ұйымының реформа және білім жөніндегі директоры Джейн Манн Қазақстанмен мәдени жоба бағытындағы ынтымақтастыққа қуанатындарын жеткізді. «Қазақстандық авторлардың прозасы мен поэзиясын ағылшын тілді әлемнің оқырмандарына таныстыру үшін барлық күш-жігерімізді саламыз. Сambridge University Press бұл ретте жұмыс жүргізу мүмкіндігіне ие болып отырғаны үшін алғысын білдіреді», деді ол.
Одан кейін қазақ әдебиетінің жинақтары 600 миллионнан астам адам сөйлейтін испан тіліне аударылады деген сүйіншілі сөзге марқайдық. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазақ әдебиеті жинақтарын испан тіліне аудару, басып шығару және ілгерілету жобасының әлеуетті қатысушыларымен келіссөздер аяқталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын осынау қазақстандық бастамаға Испанияның Мәдениет министрлігі стратегиялық серіктес болса, жоба кеңесшісі ретінде «Сервантес институты» бекітілген. Бірқатар ірі испандық басылымның ұсыныстарын қарап, сонымен қатар стратегиялық серіктестік ұсынысымен қазіргі қазақ әдебиетінің 2 антологиясын испан тіліне әдеби аудару, басып шығару және тарату бойынша жұмыстардың негізгі операторы ретінде «Visor-Libros» баспа үйі белгіленіп отыр. Сәйкесінше, меморандумға испан астанасындағы Қазақстан елшілігінде қол қойылды. Ол құжатты да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева мен баспа үйінің президенті Хесус Гарсиа Санчес рәсімдеді. Шараға Қазақстанның Испаниядағы елшісі Константин Жигалов пен «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Айта кетуіміз керек, «Visor-Libros» шетелдік әдебиетпен жұмыс істейтін мамандандырылған баспа саналады. Баспа редакциясы әлемнің 10-нан астам елінің ақын-жазушыларының шығармаларын аудару, басып шығару және ілгерілетуде көп жылдық тәжірибеге ие. Сонымен қатар бұл баспа Латын Америкасы елдері мен Солтүстік Американың испан тілді халықтарының арасында кеңінен танымал. Қазақстанмен ынтымақтастық аясында баспа Испаниядан тысқары жерде де қазақ әдебиетінің антологиясын таратуға қатысатын болады. Айта кетерлігі, испан тілі тек Испанияда ғана емес, сонымен қатар Латын Америкасының 18 елінің халқы үшін де ана тілі саналады.
Келесі жаңалық та көзі-қарақты оқырманның көңіл көкжиегіне серпіліс әкелері сөзсіз. Кеше ғана газетімізде жарық көрген жарқын жазбаны тағы да бір қайталап айтып өткіміз келеді. Жоғарыдағы жобалар Парижде заманауи қазақ әдебиетінің екі антологиясын француз тілінде тарату, басып шығару және аудару жұмысына араласатын шығармашылық концорциумның қатысушылары анықталды деген жаңалықтармен толықты. Жоба қатысушылары Париждің бірінші округінің мэриясы мен елордалық мәдени бірлестіктің қолдауымен іріктелді. Олар Қазақстанның бұрыннан келе жатқан достары екені белгілі әрі жобаның стратегиялық серіктестері атанды. Сондай-ақ қазақстандық бастаманы Француз ұлттық кітаптар орталығы қолдады және аталмыш ұйым өкілдері кітап сапасының сыртқы рецензенті болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия ондаған француз баспаларын және стратегиялық серіктестердің ұсыныстарын қарай отырып, өнер және әдебиетті дәріптеу бойынша аударма және баспа ісінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар Мишель Де Мол (Michel de Maule) баспасын таңдауды ұйғарды. Оның негізін салушы және бас редакторы-танымал француз лингвисі, ақын Тьерри-де-ла-Круа (Thierry de La Croix). Меморандумға қол қою кезінде баспашы әрі әдебиетші ретінде жобаның француз оқырманына жаңа мәдениетті ашатын зор әлеуетін байқайтынын айтты.
Париждің Мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Оригони (Carla Arigoni) жобаның академиялық маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, антология мәтінінің әдеби және эстетикалық құндылықтан бөлек зерттеушілік мәні бар. Қауымдастық жұмысқа әдебиет, мәдениеттану және аймақтану салаларының білікті мамандарын тартуды жоспарлап отыр. Олар француз оқырманына Қазақстан мәдениетін жан-жақты әрі кәсіби түрде танытатын болады. Жоба аясында антологияны тек Францияда емес, сондай-ақ француз тілі ресми түрде жүретін немесе негізгі тілмен қатар пайдаланылатын елдерде тарату бойынша үлкен жұмыс атқарылғалы отыр. Әлемде дәл осындай елдер саны әртүрлі есептер бойынша 50-ден астам, 220 миллионнан көп халық француз тілін күнделікті өмірде қолданады. Қазақ әдебиетін аталмыш елдерде кеңінен танытып, дамытумен француз тілінде сөйлейтін елдердің барлығына танымал «Престиж Коммуникацион» (Prestige Communication) жаһандық коммуникациялық агенттігі айналысады.
Халықаралық агенттіктің бас директоры Лоран Тайб (Laurent Taieb) ынтымақтастық орнату меморандумына қол қою кезінде елді мәдениеті, рухани жәдігерлері мен ішкі дамуы арқылы жаһандық әлемде дамытуға бағыттайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын ерекше атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева қазақстандық тараптан меморандумға қол қоя отырып, серіктестердің назарын аудармалардың жоғары көркемдік сапасы мен жарияланымдардың эстетикалық сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды.
Франциядағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында өткен келіссөздерге Франциядағы Қазақстанның елшісі Жан Ғалиев және «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Не керек, әлемнің әр қиырына тарайтын қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясына 30 ақын мен 30 жазушының тәуелсіздік дәуірінде жазылған елеулі шығармалары енбек. Зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, шет тілдеріне аударылатын шығармалар қазақ әдебиетінің биік өресін танытатын шоқтығы биік туындылар болуға тиіс. Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет жобаны ойдағыдай жүзеге асыру баршаға ортақ міндет екенін жеткізіп, ұлт әдебиетіне танытқан жанашырлығы мен қолдауы үшін Президент Әкімшілігіне барша қаламгерлер атынан алғыс сезімін білдірген болатын.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»