Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККБК) жаңа үлгісі жасалуда. Яғни бұл үлгіде тегін медициналық көмек көлемін ұсыну бойынша мемлекет кепілдігінің нақты шегі көрсетілетін болады.
ТМККБК-нің жаңа пакеті халықты ең төменгі деңгейдегі медициналық қызмет базасымен қамтамасыз етпек. Бұл қызметтер тізімі ауқымды және нақты болады. Оның қатарында профилактикалық екпе және дәрігерлік тексеру, тоқ ішек қатерлі ісігі, сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойыншығы қатерлі ісігі бойынша сонымен қатар қан айналым жүйесі аурулары және глаукома қаралады. 1 жасқа дейінгі балаларды патронаттық қамқорлыққа алу, жүкті әйелдердің жағдайын бақылау, шұғыл медициналық көмек, науқастың өткір немесе шиеленісті созылмалы аурулар жағдайында өтініш жасауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету маманының қабылдауы қарастырылуда. Дәл осы жаңа пакетке науқасқа саламатты өмір салты мәселелері бойынша кеңес беру, 50 зертханалық диагностика қызметі және құрал-саймандық диагностикалық зерттеу (ЭКГ, тәулік бойы қан қысымын бақылау, спирография және т.б.) енеді.
ТМККБК-нің жаңа үлгісінде науқасты диспансерлік тіркеудің орнына созылмалы аурумен ауыратын науқасты динамикалық бақылау енгізілетін болады.
– Егер науқаста 25 ауру емес, 25 ауру тобынан, яғни топтарына және әлеуметтік маңызы бар аурулардың 4 тобынан тұратын динамикалық бақылау тізіміне жататын ауру белгіленсе, мұндай жағдайда консультативті-диагностикалық қызмет, жоспарлы стационарлық қызмет, жоспарлы стационар-алмастырушы қызмет тегін көрсетілетін болады, – дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Ол сонымен қатар емдеу схемасы бойынша екінші рет медициналық тексеру, барлық қажетті бақылауға арналған зертханалық зерттеулер және ТМККБК шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін қарастырылатын болатынын атап өтті.
Тегін медициналық көмек көлемінің жаңа пакеті барлық азаматқа жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жедел стационар-алмастырушы көмек, жедел стационарлы көмек, паллиативті көмек көрсетуді көздейді.
Тағы бір айта кетерлігі, міндетті әлеуметтік сақтандыруға 2018 жылдың 1-30 маусымы аралығында 8,7 млрд теңгеден астам қаржы аударылған. Жалпы алғанда, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің міндетті әлеуметтік сақтандыруға 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2018 жылдың 30 маусымы аралығындағы аударымдары мен төлемдерінің жалпы сомасы 80,6 млрд теңгеден аса қаржыны құраған. Өңірлер бойынша Астана қаласының жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлері 10 млрд теңгеге жуық аударым жасаған.