Елімізге Өзбекстан әскери делегациясының ресми сапары шеңберінде Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-майор Абдусалом Азизов «Ерік дала» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуының белсенді фазасына қатысты.
Оқу-жаттығу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері түнгі уақыттағы барлау, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу бойынша тапсырмаларды орындады.
Іс-шараның шартты жоспары бойынша ұшқышсыз ұшу аппараттары 2500 метр биіктіктен әуе барлауын жүргізуі кезінде Су-30 СМ ұшағы жойған заңсыз қарулы құрылымның жан сақтап үлгерген тобы анықталды. Бұл дабылдан соң жедел түрде қарсыластың қозғалу бағыты бойынша 2000 метр биіктіктен десант түсіріліп, майдандық авиацияның атқылауын бағыттап отырды. Аталған заңсыз құрылым елдімекен аумағында оқшауланып, шабуылдау жасақтарымен бір уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары және жерүсті электрондық-оптикалық барлау құралдары қолданылды.
– Қазақстан мен Өзбекстан Қарулы Күштері арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне қойылған тапсырмалар сәтті орындалды, бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінің мақсаттарына қол жеткізілді. Оқу-жаттығудың екінші кезеңінің өткізілуі Өзбекстан Республикасының «Фориш» оқу-жаттығу орталығының базасында жоспарланып отыр. Сапар барысында біз Елбасы – Жоғарғы Бас Қолбасшы қойған тапсырмалар шеңберінде көптеген мәселелерді шештік деп айтқым келеді. Біз жедел жауынгерлік даярлық және кадрларды даярлау мәселелерін шешуде толыққанды ұғыну мен үйлесімділікке қол жеткіздік, – деді Қазақстанның Қорғаныс министрі С.Жасұзақов.
Өз кезегінде, Өзбекстан әскери ведомствосының басшысы, генерал-майор А.Азизов бірлескен жаттығулардың, кездесулердің жиі өткізілуі екі армияның өзара қарым-қатынастарына жоғары серпіліс беретінін атап өтті.
– Бірлескен оқу-жаттығулар түнгі жағдайларда жауынгерлік авиацияны анағұрлым заманауи техниканы қолдануда арнайы бөлімшелеріміздің толық үйлесімділігі мен өзара түсіністігін көрсетті. Менің ойымша, оқу-жаттығу сәтті өтті деп бағалауға болады, – деді Өзбекстанның қорғаныс министрі.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»