Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, осы аптада Хельсинкиде АҚШ пен Ресей президенттерінің көптен күткен кездесуі өтті. Екіжақты саммитке бүкіл әлем назар аударып, жиын барысында екі ел арасын жақындастыруға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Бүгінгі күні АҚШ та, Ресей де Қазақстан үшін стратегиялық әріптес саналады. Сондықтан екі ел басшылары келіссөздерінің нәтижесі, екі ел арасындағы байланыстардың алдағы уақытта қалай өрбитіні еліміз үшін де маңызды. Осы орайда, аталған кездесуде талқыланған мәселелерге көз жүгіртіп көрген едік.
Кездесу белгіленген мерзімнен кеш басталды. Ұлыбританияның беделді басылымы The Guardian газетінің хабарлауынша, бұған Владимир Путиннің кешігуі себеп болған. Кремль басшысы 50 минутқа бөгелген көрінеді. Басылым мұндай кешігу В.Путинге тән екенін, әлемнің басқа елдерінің басшыларымен кездесуге де дәл уақытында келмегенін жазды. Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп та саммит өтетін жерге кештетіп келіпті.
Қол алысқаннан кейін екі ел басшысы кішігірім пікір алмасты. В.Путин сөзінде бұған дейін Д.Трамппен бірнеше рет тілдескенін, телефон арқылы сөйлескенін еске салып өтті. Ақыры екіжақты қарым-қатынас мәселелері мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі түйткілдерді талқылаудың қажеттігі туындап отырғанына тоқталды.
Ақ үй басшысы әңгіме барысында Ресейді футболдан әлем чемпионатын сәтті өткізуімен құттықтап, жартылай финал мен финалдық ойындарды тамашалағанын жеткізді. Сондай-ақ екіжақты кездесуде сауда-саттық, әскери іс-қимылдар, ядролық қару және зымырандар туралы, Қытай жөнінде сөз қозғалатынын айтып өтті.
«Ресеймен ынтымақтастықта болудың тиімсіз тұстарына қарағанда тиімді тұсы көп. Әлем біздің әріптестік орнатқанымызды қалайды. Ресей мен АҚШ – ядролық арсеналы үлкен мемлекеттер. Әлемдегі ядролық қарудың 90 пайызы бізге тиесілі. Бұл жағымсыз жағдай. Осы мәселені де талқылау жоспарда бар», деді Д.Трамп.
Бұдан кейін Д.Трамп пен В.Путин жеке-дара әңгімелесті. Бұл басқосуға аудармашылар ғана қатысты. Тіпті, президенттердің көмекшілері де әңгімеге араласпаған. Бетпе-бет жүздесу аяқталғаннан кейін екі тараптың делегациялары қатысқан кең көлемдегі отырыс өтті.
Екіжақты саммит аяқталған соң мемлекеттер басшылары журналистерге арналған баспасөз жиынын өткізіп, талқыланған мәселелер туралы мәлімдеме жасады.
Алғаш болып сөз алған Ресей басшысы Д.Трамппен кездесу іскерлік жағдайда өткенін атап көрсетті. Оның айтуынша, жиынның маңызы зор әрі тиімді. «Біз Ресей – АҚШ қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегін талқыладық. Екіжақты байланыс бүгінде шиеленісіп тұрғаны белгілі. Алайда жағдайдың бұлай ушығуына себеп жоқ», деді Кремль басшысы.
В.Путин, сондай-ақ Д.Трамптың АҚШ-тағы 2016 жылғы президенттік сайлауға Ресейдің қатысы бар-жоғын сұрағанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Ресей ешқашан шетелдің, АҚШ-тың ішкі тірлігіне араласпаған. Әсіресе, сайлау барысына қатысы жоқ. Бұдан бөлек, Сириядағы жағдайды шешіп, гуманитарлық кедергілерді жою үшін АҚШ пен Ресей бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.
Ал Дональд Трамп баспасөз жиынындағы сөзінде АҚШ пен Ресей арасындағы нашар қарым-қатынас «төрт сағат бұрын өзгергенін» мәлімдеді. Оның пайымдауынша, жиын жемісті өтіп, бірқатар маңызды мәселелер талқыланған. «Екі мемлекет арасында келіспеушіліктің бар екені белгілі. Бүгін президент Путинмен бірге оны жан-жақты талқыладық», деді Ақ үй басшысы.
АҚШ президенті өзара қарым-қатынастың нашарлауына екі тарап та кінәлі деп санайды. Осы кездесуден кейін екі ел арасындағы шиеленіс қалпына келуі тиіс деп есептейді. Өйткені саммитте бірқатар мәселелердің беті ашылған. Д.Трамп Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласуы, Иранға және ондағы ядролық бағдарламаға қарсы қысым көрсету, халықаралық терроризм, ядролық қаруды таратпау мәселелерін талқылағанын мәлімдеді.
Жиын аяқтала сала әлем баспасөзі оқиғаны сан-саққа жүгіртіп, түрлі болжамдар жасаған болатын. CNN арнасы Д.Трамптың Ресей президентімен бетпе-бет кездесуінің астарын былайша жориды. Біріншіден, Ақ үй басшысы ресейлік әріптесімен жеке байланысын нығайтуды көздеуі мүмкін. Екіншіден, өзара әңгіме барысында айтылған әңгіменің сыртқа тарап кетуінен қауіптенген. Үшіншіден, В.Путинмен қарым-қатынасты жақсаруын жақтыра қоймайтын Ақ үй әкімшілігі өкілдерінің келіссөздерге араласуын жөн көрмеу ықтимал.
Д.Трамптың Ресей президентіне айтқан жылы сөздері АҚШ-та қызу талқыға түсті. Саясаткерлер, конгресшілер мен шенеуніктер президентті қатты сынға алды. Мәселен, Орталық барлау басқармасының (CIA) бұрынғы директоры Джон Бреннан туиттердегі парақшасында оқиғаға қатысты сыни пікірін жариялады.
CNN арнасының мәліметіне сүйенсек, Мемлекеттік хатшы Майк Помпео, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон, вице-президент Майк Пенс бірқатар лауазымды қызметкерлер мәселені оңтайлы шешу мақсатында Ақ үйде шұғыл жиналыс өткізген.
The Guardian газетінің пайымдауынша, Хельсинкидегі кездесуге В.Путин үлкен дайындықпен келгенін көрсетіп, әр сөзін абайлап сөйлеген. CNN арнасы да В.Путиннің кездесуден өзінше ой түйіп кеткенін болжап отыр.
Жалпы, Ресей де, АҚШ та Қазақстан үшін маңызды серіктес мемлекеттер саналады. Америка Құрама Штаттарымен арадағы стратегиялық қарым-қатынастар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы қаңтарда АҚШ-қа сапарынан кейін одан әрі тереңдей түскені белгілі. Ресей болса бізбен ежелден «ауылы аралас, қойы қоралас» ел. Арада мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияның қабылданғанына биыл 20 жыл толды. Қысқаша айтқанда, екі мемлекеттің қай-қайсымен де саяси және экономикалық қарым-қатынасымыз тамырын тереңге тартқан. Ендеше келіссөздердің жемісті болуының біз үшін маңызы зор.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»