Белгілі спортшы Денис Теннің Алматының қақ ортасында, тал түсте қаскөйлердің қарулы шабуылына ұшырап, опат болуы ішкі істер министрлігі тарапынан әлі де көңіл аударарлық мәселелердің жеткілікті екендігін айғақтап отыр. Марқұмның атағы жер жарып, беделі аспандап тұрмағанда бұл оқиға полицейлер үшін қатардағы қылмыстардың бірі болып қалуы да мүмкін еді. Бірақ қоғамдағы жаңғырық бұл жолы қатты және талапшылдығымен ерекшеленіп отыр.
Күдіктілер бір қарағанда орташа ауыр қылмысқа барды. Өзінің мүлкін қорғауға бекінген жәбірленуші қаскөйлердің әрекетіне жол бермеуге тырысты. Ұрлыққа әбден машықтанған, дәніккен ұрылар күтпеген қарсылыққа қарумен жауап қайтарып, аса ауыр қылмыс жасап, қолдарын қанға малды. Таяуда ғана полицейлер ауыр, орташа және ауыр емес қылмыс саны, сондай-ақ бұзақылық, зорлау, тонау және ұрлау қылмыстары қысқарғандығын баяндаған болатын.
Сөйте тұра қасақана кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл және өзге де ауыр қылмыстарды ашу және тергеу бойынша қылмыстық-процестік және жедел-іздестіру қызметінің, сонымен бірге пробация есебінде тұрған адамдардың қайталап қылмыс жасауының алдын алуды жандандыру қажет екендігін мойындаған болатын.
Міне, ішкі істер органдары сөзден іске көшіп үлгергенше, елімізді дүр сілкіндірген оқиға орын алып, қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Тиісінше әлеуметтік желіде пікір қалдырған оқырмандар ішкі істер органдарын жағымсыз пікірлермен аяусыз төпелеп, полицияның беделін теңселтіп-ақ тұр. Олардың мазмұны тоғысқан тұс мынадай: ел азаматтарының қауіпсіздігі қорғалмайды, қылмыскерлер еркін сайрандап ашық әрекеттерге көшкен. Демек, алдын алу шараларының мардымсыздығын айтпағанда, халыққа ақпарат жеткізу саласы, құлақтандыру қағидалары ақсап тұр.
Осы оқиғаға байланысты ақпараттық тепкіні көтере алмаған Алматы полицейлері Денис Теннің өлімінен соң автокөлікке қатысты қылмыстарға байланысты баспасөз мәслихатын өткізуге мәжбүр болды. Олардың айтуларына қарағанда, Алматыда биыл автокөлік тонаған 165 адам ұсталған. Алматы қалалық ІІД Бөтеннің мүлкін ұрлауды әшкерелеу бөлімінің басшысы Алексей Стрельцов ұсталғандардың 99 пайызы жұмыссыздар екендігін айтып қалды.
– 165 адамның ішінен 73 адам –Алматыға сырттан келгендер. Бұл жалпы алғанда қылмыскерлердің 44 пайызы. Қалған адамдар да Алматыға сырттан келіп, уақытша тіркелген адамдар болуы мүмкін. Негізінен мұндай қылмысты сырттан келгендер жасайды, – деді А.Стрельцов.
Теннің өліміне күдікті екі адамның бірі – Жамбыл, бірі – Қызылорда облысының тумасы. Бұл дәйекпен қылмыстың алдын алудың жүгін өзге өңірлердегі әріптестеріне ысыра салудан оңайы жоқ. Ал осыдан аз уақыт бұрын тұрғылықты жерінде уақытша тіркелмеген азаматтарды әшкерелеп, айыппұлдармен төпеп, туған өлкесіне жер аударуға дайын тұрған полицияның бұрынғы айбыны қайда кетті?
Стрельцовтің айтуынша, Алматыдағы автокөлікке қатысты қылмыстардың көбі Алмалы, Әуезов, Бостандық аудандарында кешқұрым уақытта жасалады екен. Тек биыл ғана Алматыда 1688 көлік тонау дерегі тіркелген. Былтырғы тіркелген осы тектес қылмыс – 2310. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыстың ашылуында да сәл-пәл өсім бар.
Бірақ полицейлер қылмыс құрбаны болған әрбір азаматтың құқықтары, қауіпсіздігі жоғары заңдармен қорғалатындығын қаперге ала бермейтін сияқты. Өйткені осы баспасөз мәслихатында полиция басшылығы ұрланған қосалқы бөлшектер саудаланатын базарлар мен сауда орталықтарын да атап өтті.
А.Стрельцовтің айтуына қарағанда, «КарСити» мен «Тұлпар» базарларының сатушылары ұрланған көлік бөлшектерінің саудасын жүргізуге бейім келеді екен. Полицейлер авто бөлшектеу орындарының да тізімі бар екендігін жасырмады. Қаскөйлер, сондай-ақ «Лексус», «Тойота» және «Лэнд крузер» автокөліктерін жиі нысанаға алатындығы да айтылды. Қымбат көліктің қосал- қы бөлшегі де арзан еместігі және үнемі сұраныс жоғары болатындығы түсінікті.
Денистің өлімінен соң журналистік зерттеу жүргізген бірқатар әріптестеріміз жоғарыда аталған сауда орындарында бұрын қолданылған айналардың бағасы 40-60 мың теңгенің аралығында сатылатындығына көз жеткізген. Айналып келгенде атпалдай азаматтың құны да осы бөлшектің бағасымен өлшеніп жатқандығын еріксіз мойындауға тура келеді.
Осы болмашы деректердің өзіне қарап отырып, Алматыда көлік тонау, ұрланған қосалқы бөлшектерді өткізу, сату жүйесі жолға қойылғандай сезіледі. Өйткені соңғы күндері ғана әлеуметтік желілерде көліктері тоналған эстрада өкілдерінен бастап, қоғамға белгілі азаматтардың зары бұндай қылмыстардың ашылмай қалатындығы, қалталылар үшін арызданып, уақыт жоғалтудан гөрі басқа бөлшек – айна сатып алудың тиімді болғандығын аңғарамыз. Міне, әккі ұрылар іздеушісі жоқ мүлікке қырғидай тиеді, ал жәбірленушілер көп жағдайда өзінің немесе тағдырластарының мүлкін қайта сатып алуда. Осы арада полицияның осындай қылмысты тек сырттай бақылаушылық рөлі елді ашындыруда. Өйткені, осы оқиғадан екі тәулік өткен соң Денис қанға малынған орыннан 150 метрде тағы бір азаматтың көлігі зақымданған. Тонаушылардың әбден дандайсып, бетімен кеткендігін қоғам көріп отыр.
Бір өкініштісі, мұндай оқиғалар бюджеттің миллиондаған қаржысына сатып алынып, жол бойына ілінген бейне бақылау камераларына іліге бермейді. Қылмыстың алдын алуға, ізін суытпай ашуға бағытталған мұндай құрылғылардың тиімділігін де құзырлы орындар тексере жатар. Айтпақшы, өткен жылдары ақтөбелік прокурорлар көшедегі 80 камераның істен шыққандығын мәлімдеуі мұң еді, әкімдік пен ішкі істер органдары өре түрегеліп, ақталып әлек болды. Мұндай текетірес ұсақ қылмыстардың алдын алуға, кінәлілердің көптеп жазалануына кедергісін тигізетіні анық және байтақ елімізге ортақ мәселе екендігі даусыз.
Ұсақ, болмашы құқық бұзушылықтарды түбегейлі жою арқылы ауыр қылмыстың алдын алуда әлемде озық тәжірибелер жеткілікті. Денис Теннің қазасына қайғырған жұрт ес жиып үлгермей жатып Ақтау қаласында 32 жастағы жігіттің қылмыскерлер қолынан қаза тапқандығы және бұл жерде де қарудың пышақ болғандығы айтылуда. Өрімдей жастардың өліміне қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстардың тиімсіздігінің өлшемі тергеу барысында анықталуы тиіс. Кінәлілер де жазасыз қалмайды деп сенеміз.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»