Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының хабарлауынша, 1-9 шілде аралығында суға шомылу кезіндегі оқыс оқиғалар күрт көбейіп кеткен. Суға кеткен 8 адамның 4-еуі бала.
«Ертіс өзенінің жағасында 22 жағажай ашылды. Бірақ тұрғындар облыс орталығындағы суға шомылу үшін аса қауіпті және рұқсат етілмеген орындарға барып суға түседі», дейді құтқарушылар. Департаменттің жедел-құтқару жасағының хабарлауынша, статистика судағы оқыс жағдайлардың 90 пайызы шомылуға арналмаған жерлерде болатынын көрсетеді.
Өңірдегі өзен-суларда 50-ден аса осындай қауіпті жерлер бар, сондықтан тексерілмеген су айдындарының түбі қауіпті, онда темір, қоқыс және тағы басқа заттар кездеседі. Екіншіден, бұл жерлерде қатты ағын, жартас, иірім болуы мүмкін. Үшіншіден, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде дабыл түсе салысымен көмекке келетін құтқарушы болмайды. Шомылуға рұқсат берілмеген жерлердегі тұрғындар өздерінің жеке қауіпсіздігі, балаларының қауіпсіздігі туралы ойланбайтыны өкінішті.
Мысалы, бас құтқарушы Ерқанат Аққозиновтің айтуынша, өңірде суға шомылуға рұқсат берілген жағажайларда бірде-бір адамның қаза болуы тіркелмепті. Өйткені бұл жағажайлар су жағалауларының қауіпсіз аймағы саналады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары білім беру басқармасымен бірлесіп, былтыр 1,5 мыңға жуық оқушыны суда жүзуге де үйретті.
Қазір жаз маусымының басынан бастап құтқару бөлімшелері мен сүңгуір апаттық-құтқару жасағы кез келген қауіптің алдын алу үшін күшейтілген режімде жұмыс істеуге көшкен. Сенбі және жексенбі күндері Жасыбай және Сабындыкөл көлдері демалыс аймақтарында демалушылардың саны 10 мың адамға жетеді. Өткен аптада құтқару жилетінсіз катамаранда серуендеушілер Жасыбай көліне батып кете жаздап, дер кезінде құтқарылыпты.
Қазір Ертіс өзеніндегі судың деңгейі жоғары. Сондықтан суға шомылу кезінде сақ болу қажет. Жағажайларға жақын және аса қауіпті жерлерде 100-ден астам ескерту және тыйым салу белгісі орнатылған. Төтеншеліктердің айтуынша, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін шомылушыларға арналған арнайы жағажайлардың қатарын әлі де көбейте түсу қажет. Облыс бойынша 192 көл, 7 шағын өзен және Ертіс өзені бар. Барлық ауылдың, аудан орталықтарының тұрғындары Ертіс өзені жағалауында демалып, суға түседі.
Қазір өзен жағалауларындағы 26 жағажайда 99 құтқарушы, жедел-құтқару жасағының қызметкерлері кезекшілікте. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың 6 айы аралығында жас ерекшеліктері әртүрлі 7 бала суға кеткен, 5 бала биіктіктен құлаған. Басқарма ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР