«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жуырда ғана құрылған ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен «Ұлттық стандарт негізінде мемлекеттік тілді оқытуды жетілдіру және біріздендіру жолдары» атты әдістемелік семинар өтті.
Аймақта Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өз жемісін беріп келеді. Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты жаңа орталықтың ашылуы – осының жарқын дәлелі. Мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асырып, латын графикасын енгізу барысында әдістемелік көмек көрсету мақсатында ашылған «Ресурстық тіл орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің екі бөлімі жұмыс істейді. Жаңа орталықта латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс, сондай-ақ латын графикасына көшу бойынша талдау, мониторинг және ақпараттық технологиялар бөлімдерінің мамандары алдағы уақытта ұйымдардың іс-қағаздарын, БАҚ-ты және көрнекі ақпараттарды латын графикасына көшіру, латын графикасына көшу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу, үштілділікті енгізу бағытында жұмыс атқаратын болады.
Таяуда орталық аудан, қалалардағы тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары мен оқыту орталықтары директорларының басын қосып, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін белгілейтін Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес мемлекеттік тілді бірізге түсіру мақсатында әдістемелік семинар өткізді. Семинарда «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешені негізінде мемлекеттік тілді оқытудың жүйеленген бағдарламасын әзірлеу, курс тыңдаушыларына берілетін сертификаттардың бірыңғай үлгісін бекіту, тіл оқыту орталықтары мен курстары әдіскерлерінің және оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері талқыланып, орталықтардың әлеуетін көтеріп, қазақ тілін оқытуды бір жүйеге келтіру үшін 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылуға тиісті іс-шаралар ортаға салынды. Ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова семинар шымылдығын ашып, оқыту орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқытудың қалай жүзеге асып отырғанына жан-жақты тоқталды. Баяндамашы өз сөзінде 2018 жылдың І жартыжылдық қорытындысы бойынша облыс аумағында мемлекеттік тілді оқыту курстарына – 1398, ал ағылшын тілін оқыту курсына – 974 тыңдаушы қамтылған, оның ішінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырмасы негізінде мемлекеттік тілге – 365, ағылшын тіліне – 165 адам қамтылғанын айта келіп, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеудің үшжылдық қорытындысымен таныстырып, тестілеу бойынша алдымызда тұрған міндеттерге баса назар аударды. Сонымен қоса аймақтардағы оқыту орталықтарының хал-ахуалына тоқталып өтті.
Бүгінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында Балқаш, Шахтинск, Жезқазған, Теміртау, Саран қалаларында тілдерді оқыту орталықтары ашылып, мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Айта кету керек, бұл күнде жұмысын дөңгелетіп отырған әр орталықтың өзіндік ерекшелігі бар. Атап айтқанда, Жезқазған орталығы өзінің орналасқан географиялық жағдайына байланысты орта және одан жоғары деңгей топтарын оқытып, «Шешендік өнер» курсын жүргізіп отырған бірден-бір орталық болса, Балқаш орталығы штаттық кесте бойынша маман саны ең көп әрі мемлекеттік тілге оқытқан тыңдаушы саны жағынан да көш бастап тұр. Шахтинск орталығына келетін болсақ, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша оқыту әдістемесін дұрыс қалыптастырып үлгерген орталық ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Ал Теміртау және Саран қалалары өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған қала болғандықтан, қазақ тілін оқыту мәселесі әлі бірнеше жыл бойы күн тәртібінен түспеуге тиісті. Семинарда аталған орталық өкілдері жергілікті жерде тіл саясатын жүзеге асыруға өздерінің қосқан үлесі туралы, атқарған жұмыстары төңірегінде сөз қозғады.
Одан әрі ресурстық тіл орталығының латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жұпар Жақанова қордаланып қалған мәселелерге тоқталып, оны шешу жолдарында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Орталық жұмыстарын жандандыру үшін жүйелі жұмыс жасау қажеттігін баса айтты.
Елбасымыз: «Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарын әзірлеу керек», – деп атап көрсеткен еді. Республика көлемінде осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Сонымен қоса Қарағанды облысының мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру бағытында үлкен жобаны жүзеге асырғанын атап кету керек. Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қолдау көрсетуімен Ұлттық стандарт талаптарын басшылыққа алған бесдеңгейлік «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешені әзірленді. Қазіргі уақытта тілді оқыту жүйесін біріздендіру барысында «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешенінің алатын орны ерекше. Кешеннің А1 және А2 деңгейлеріне арналған оқу құралдары республикаға таралды. Оқу құралы сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша деңгейлеп оқытудың халықаралық тәжірибелеріне негізделген.
Ресурстық тіл орталығының латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Әсия Смықова жаңа әліпбиді оқытып-үйретудің әдістемесін көрсетті.
Семинар жұмысын қорытындылаған ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова алдағы жоспарлармен бөлісті. Алдағы уақытта ресурстық тіл орталығы жанынан жұмыс топтары құрылатынын, топ мүшелерінің күшімен мемлекеттік тілді оқыту барысында шешімін таппай отырған біраз мәселенің басы қайырылып, оң нәтижеге қол жеткізуге болатынына тоқталды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы