Қазір жазғы демалыстың қызған шағы. Қолы қалт еткен адамдар табиғат аясында қыдырып, жанға сая, дертке дауа болатын тұмса мекен іздеуге әуестенетін кезең. Осы орайда тұмса табиғат пен таңғажайып іздеген жанның қызығушылығын тудыратын бір әсем орын туралы айтсақ па деп отырмыз. Әрі бұл жер Жетісудың көрікті мекендерінің бірі ғана емес, Азия құрлығындағы теңдесіз нүктенің санатында екен...
Біз бұған дейінгі «Будда бейнеленген тас» атты жазбамызда Текелі қаласынан оңтүстік шығысқа қарай өрлей шығатын жол бойындағы табиғат ғажайыбы жайлы жазған едік. Ерінбеген адам «Егеменнің» бұрнағы сандарынан оны тауып, оқып алар дейміз. Бұл жолы сол ізбен ілгерілеп, Азия тарихына табиғаттың ғажайып сыйы болып енген Бұрханбұлақ сарқырамасына бет аламыз...
...Кеншілер қаласынан аттап басқан қадамыңыздың елу бесінші шақырымы Қора шатқалына келіп тіреледі. Бұл Жоңғар Алатауына сұғына кіріп, ұлы таулар етегіне оранғаныңызды білдіретін тас қақпа іспетті. Қора шатқалының кіреберісінде тұрған, жұрт қасиетті тас деп санайтын Будданың суреті туралы алдыңғы жазбамызда айттық. Жалпы, демалыс іздеген адамға жол бойындағы қызықтан гөрі сарқыраманың салқын суы мен тылсым әсері таңсық деп ойлаймыз.
Сонымен, Бұрханбұлақ несімен баурайды? Мұны аз сөзбен түсіндіруге тырысайық. Бастысы – Азиядағы ең биік сарқыраманың бірі. Бастауын Жоңғар Алатауының жотасындағы мұздықтардан алғанымен, жер асты су көздерінің молдығы сарқырама суының мөлдірлігі мен тазалығына кепілдік береді. Сарқыраманың өзі теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқандықтан, су ағысының күші біршама қуатты. Тастан құлай аққан алтын көбікті ағынның ұзындығы 50 шақырымға дейін жетеді дейді. Негізінен, Бұрқанбұлақ табиғаттың өзі жасаған су қоймасы сияқты. Сарқырама арнасына 255 шақырымға жететін су жиналады деген дерек бар. Жотаны жағалай аққан су таудың арғы бетіндегі Жаркент өңіріне дейін жетіп, Үсек өзеніне барып құяды.
Әсілі, сылдырап аққан судың дыбысы мен самалдап ескен салқын леп әрі айнала мүк басқан тастардың тылсым тілсіздігі қала шуынан қашып, жүйке тыныштығын аңсаған адамға таптырмайтын демалыс болса керек. Мұнан бөлек, Бұрханбұлақтың суының құрамы күкірт пен сутегі элементтеріне бай екен. Демек емдік қасиеті де бар екені даусыз.
Жалпы, Бұрханбұлақтың кереметіне біздің жазуымызша тамсанбай, туралап келіп көрген дұрыс шығар. Ол үшін Текелі қаласына ат басын бұрыңыз. Айтпақшы, Бұрханбұлаққа жетуде аздаған қиындық кездесуі мүмкін. Тау жоталарының арасындағы қия жолдарда тек арнаулы техника ғана жүреді. Жақында осы маңда жол таңдамайтын көлік аударылып, жолаушылар құтқарушылардың көмегіне жүгінген болатын. Бірақ бетіңіз қайтпасын, табиғаттың тұмса бөлшегін көзбен көру үшін қандай да болсын тәуекелге баруға болар...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы