Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Францияның Авиньон қаласында өткен «Festival d’Avignon» халықаралық театр фестиваліне қатысты.
Өнер ұжымы драматург Иран-Ғайыптың Қазақстанның ғана емес, күллі түркі халықтарының аңызына айналған Қорқыт ата тағдырынан сыр шертетін «Қорқыттың көрі» қойылымын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қалың көрерменге тарту етті.
– Мінеки, Францияда бір аптаға созылған Авиньон фестивалінде әлемдік театр жұлдыздарымен қауышып, Қазақстанның атынан қатысып келдік. Бәрі ойдағыдай болды. Франция елі жақсы қарсы алды. Парижде, Марсельде болдық. Жалпы фестиваль туралы көп дүние айтуға болады. Ең бастысы, бұл тәжірибе алмасу болды. Әлемдік театрлар қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын және біздің театрдың деңгейін байқадық. Бір тәуліктен аса жол жүрдік. Ұжыммен жүргеннен кейін жолдың алыстығы, ауырлығы сезілген жоқ. Шетелден келген сайын еліміздің кеңдігі байқалады. «Қазақстан жеріне бірнеше Франция сыйып кетеді» деп бекер айтпайды екен. Кең-байтақ жеріміз, еліміз аман болсын! «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолтығымыздан демеп жатқан Мәдениет және спорт министрлігіне ұжым атынан ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Дулыға Ақмолда.
«Авиньон» халықаралық театр фестивалінің үшінші күні М.Əуезов театрының ұжымы Литваның және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал режиссер Йонас Вайткустің сахналауымен «Қорқыттың көрі» қойылымын ұсынды. Фестивальға əлемнің түкпір-түкпірінен келген үш мыңға жуық театр ұжымы өнер көрсетті. Фестивальдің ерекшелігі, қатысушы театрлар спектакльді қала көшелерінде парадқа шығып жарнамалайды екен. Сондай-ақ билеттер мен афишаларды таратады. Спектакльді қояр алдында театр актерлері гриммен Авиньон көшесімен жүріп, сақ, ғұн дəуірін, шамандық дəстүрдің сипатын еске түсіріп, қала тұрғындарына қазақ жерінен келгенін жеткізді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Бекжан Тұрыс Франция еліне барған әсері туралы ойымен бөлісті.
– Елбасы мәдениетіміздің озық үлгілерінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуы мен бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық деңгейге сай келуі аса маңызды екенін, мәдениет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын айқындауға болатынын айтқан еді. Кез келген ұлттың өнері, ең алдымен, өзінің ұлты үшін керек. Ұлы өнерін әлемге паш ету үшін кез келген ұлт, өзі талпыныс жасағаны жөн, – дейді ол.
Авиньонды Театр фестивалі қаласы деуге әбден болады. Осы шағын қала аталған фестивальді өткізу арқылы өзін-өзі асырап отыр.
Еске сала кетейік, әкемтеатр 1984 жылы Францияның Нанси қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне Әзірбайжан Мәмбетовтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен қатысқан болатын. Араға 34 жыл салып, өнер ұжымы Орталық Азиядан тұңғыш рет аталған фестивальға қатысып отыр.
Әділғазы БАҚЫТҰЛЫ