• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Шілде, 2018

Ауыл мен академик

654 рет
көрсетілді

Биылғы ауа райының жылдағыдан өзгеше құбылуы ауылдың да, ауылдың жайын ойлаған аграршы-академиктің де көңіл-күйін әрі-сәрі еткені рас. Күндіз жауын, түнде суық – не керек, қапелімде көктемнің қалай  шыққанын сезбеген халық, міне, жаздың орта шеніне қалай жеткенін де білмей қалып отыр. Қар­ғаның миын қайнатар аптап жазғы шілденің түскенін сездірді.

Академик Тілектес Еспо­ловтың жолы Алматының ірге­сіндегі өзі май топырағын бала кезден кешіп өскен Суықтөбе баурайына жиі түсе де бермейді. Сұраншы батыр ауылына белгілі ғалымның бұл келуі әп-сәтте жаңалыққа айналды. Ел жайы­н, мал-жан амандығын сұрап, жекеменшік шаруашылық иеле­рінің істерімен танысып, жаны жайдарыланған академик ауыл­дағы ағайындарға сүйінші әңгі­менің шетін шығарды.

Үстіміздегі жылдың 6 мау­сы­мында әлемнің үздік универ­ситеттерінің QS WUR-2019 рей­тингі жарияланды. Рейтингте Жер шарының 2 мыңнан аса университеті іріктеліп, таң­даулы 1 мың жоғары оқу орны арнайы сараптамадан өтті. Осы сараптамада Т.Есполов же­тек­шілік ететін Қазақ аграрлық уни­вер­ситеті ТОП-700 іріктеу тесті бо­йынша әлемнің үздік уни­­верситеті атағын алды. Биы­­л оқу орнын 1314 түлек ба­ка­лавриат бойын­ша, соның ішінде 320 студент үздік дип­лом­мен бітірді. Түлектердің 85 пайызы жұмысқа орнала­су мүмкіндігіне ие болды. Дип­ломды жас мамандар жо­ба­лық жүйе бойынша Қазақ­стан­ның түкпір-түкпіріне аттанып та кетті. Айтпақшы, тоқ­­­сан жылдық тарихы бар бі­лім шаңырағында 90 пайыз­дан ас­там ауыл балалары оқиды. Ау­ыл адамдарымен арадағы әң­гімеде академик бұл мәселеге де басымдық беруді ұмытпады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жол­дауындағы он басымдықтың үшінші бағытында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деп атап көрсетілді. Ғалым аграрлық қуатты саясаттың ға­ламдық маңызы мен мәнісін тыңдаушыларға ұғынықты тілмен түсіндірді. Алдын ала жос­парсыз өткен басқосу ауыл тұ­рғындарына ұнады. Тұс-тұстан жауған сауалдың барлығына ғалым тарапынан нақты жауап қайтарылды.

...Табиғат қанша түрленіп, ауа райы қанша құбылса да Жер-Ана еңбектенген жанға жемісін аямай берері анық. Орта толтырған әң­гімеден соң жергілікті шаруа қо­жалықтарын аралаған академик ауылдағы маусымдық толайым еңбектің толассыз тасқынын көріп марқайды.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы,

Сұраншы Батыр ауылы