Аудандық ардагерлер үйінде аға буын өкілдері арасында халқымыздың көнеден келе жатқан асық ату, бес тас сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті.
Жарма аудандық ішкі саясат бөлімі мен Ардагерлер үйі бірлесе ұйымдастырған сайысқа Қалба өңірінің ауылдарынан келген қариялар қатысты. «Біз ұлттық құндылықтарымыз ұмытылмаса, асық ату, бес тас сынды көне спорт түрлері жастар арасында насихатталса дейміз. Біле білсек, асық ойынының пайдасы өте зор. Асық ату балаларды мергендікке, ептілікке баулиды», дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есполов.
Жас кезінде асықты көп ойнаған, қариялар арасындағы ойын тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысында ауылдық округтерден келген ардагерлер арасында асық атудан 1-орынды Серікбай Қалиев (Шалабай ауылы), 2-орынды Амангелді Нұрғалиев (Ортабұлақ ауылы), 3-орынды Қайыртай Құрманғалиев (Бірлікшіл округі) пен Төлеубек Қасенов (Қалбатау ауылы) иеленді. Бес тас ойынында 1-орынды Рысқайша Оразбаева (Қызылағаш ауылы), 2-орынды Райса Бекқасымова, 3-орынды Жұмабақыт Рахметова (екеуі де Қалбатау ауылы) еншіледі.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы,
Қалбатау ауылы