• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2018

Семейде Астана қаласының күндері өтті

348 рет
көрсетілді

Елордамыздың 20 жылдығына орай Семейге Астанадан арнайы ат арылтып жеткен  «Ақ тілекпен, Астана» жобасына қатысушы қонақтарды қалалық Достық үйінің ұжымы арнайы  қарсы алды.

Достық үйіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Райымбеков астаналықтарға ақ батасын берді. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының солтүстік-шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожиналармен бірге түрлі  этномәдени орталықтар өкілдері қонақтарға ерекше ілтипат көрсетіп, қазақы қонақжайлықпен Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнер музейінің залында  ұйымдастырылған «Ақ тілекпен, Астана» атты көрмеге шақырды.

Осындай айтулы көрме бүгін еліміздің барлық облыс орталықтарында өтті. Семей қаласында ұйымдастырылған көрмеде қала әкімі Ермак Сәлімов астаналықтарды қарсы алып, ізгі тілегін жеткізді.

– Астана Ұлы Дала елінің Сарыарқасында орналасқан, сәулет пен мәдениеттің орталығы,-деді қала әкімі Ермак Бидахметұлы,- «Ақ тілекпен, Астана»  шығармашылық жобасы әлемдегі ең табысты және дамып келе жатқан жас қалалардың бірі Астанамызды насихатауға арналып отыр. Жас Астананың өнерінің қалай дамып келе жатқандығын біз осы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінен тамашалау мүмкіндігіне ие болып отырмыз.  Астана – заманауи  сәулет үлгісі ғана емес, сонымен қатар үнемі жаңа идеялар мен іздену үстіндегі жаңашыл қала.

Көрмеде Тәуелсіздік сарайының қорынан  қазақстандық суретшілердің 100-ге жуық жұмыстары ұсынылды. Атап айтқанда,  А.Ақанаев, Е.Айтуаров, Р.Күлбатыров, А.Смағұлова, М.Бекеев, Е.Сидоркин, К.Каметов, Е.Оспанұлы, К.Муллашев, M.Байбосынов, Ө.Тлеулиев, Д.Макин, Д.Нүгер және мүсіншілер Тохтар Ермеков пен Сембіғали Смағұловтың жұмыстары қамтылыпты.

– Біздің шарамыз міне, көрмеден басталды,-деді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамедалина,-мұнда тек астаналық қана емес, Қазақстандық суретшілердің жұмыстары қамтылған. Семей қаласында Астана қаласының академиялық қазақ музыкалық оркестрі жетекшілері Айтқали Жайымовтың басқаруында өнерлерін көрсетуі біз үшін үлкен мақтаныш.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Суретті түсірген автор

СЕМЕЙ