Елорда төріндегі «Астана балет» театрында Орталық Азия елдерінің халықаралық би фестивалінің (СENTRAL АSIAN DANCE FESTIVAL) салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айтулы шараға АҚШ елшілігінің құрметті өкілі Питер Ковач, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұлов және Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры Бибігүл Нүсіпжанова қатысты.
22 шілде мен 5 тамыз аралығында бас қаланы би думанына бөлейтін өнер мерекесі Мәдениет және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ ұлттық хореография академиясы мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруы негізінде елордада биыл тұңғыш рет өтіп отыр. Орталық Азия елдеріне ортақ фестивальде Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанның талантты бишілері мен хореографтары бас қосып, би өнерінің әлемдік деңгейдегі шеберлерінен дәріс алып, өзара тәжірибе алмасады. Атап айтар болсақ, фестиваль барысында АҚШ-тан арнайы шақырылған Кэтрин Пилкингтон және Дэл Фина сынды әйгілі хореографтар екі апталық шеберлік сабақтарын жүргізеді. Хореографияның алдыңғы қатарлы шеберлері қатысушыларға неоклассикалық балет, контемпорари, модерн, бродвей, джаз, хип-хоп, сонымен қатар хореографияның фото-видео түсірілімі мен арт-менеджмент тақырыптарына арнайы скилл-ап өткізеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Астана қаласына 30 грант, аймақтарға – 50 және Орталық Азияға 20 грант бөліп, жастардың айтулы шараға тегін қатысуына кең жол ашып отыр. Сонымен қатар бүгінгі таңда кез келген бизнестің маңызды бөлігі саналатын қуат- ты құрал – жарнамалық жұмыстар, сондай-ақ фото мен кино өнерінде сәтті игеріліп жүрген заманауи цифрлы технологияның айтулы жетістіктерін би өнерінде ұтымды пайдалану мен жалпы хореографияның маркетинг пен байланыс салаларында кең дағдыға ие болуы бағытындағы тиімді тәсілдерді игеру және оны тәжірибеде қолдану жолдарына жан-жақты тоқталып, үйренушілерге құнды кеңестер беріледі.
«Шараның тұңғыш рет Қазақстанда ұйымдастырылуының өзі көп нәрсені аңғартады. Негізгі мақсатымыз – елімізді, жас Астанамызды қазір әлемді жаулаған заманауи бидің орталығы ету», дейді Central Asian Dance фестивалінің ұйымдастырушысы Мерей Зейнеш.
Айтулы фестивальдің басты ерекшелігі – шараға тек кәсіби бишілер қатысады. Арнайы талап негізінде іріктеліп алынған үздік 100 қатысушы фестиваль соңында алған дәрістері мен шеберлік сабақтарының қорытындысы ретінде 5 тамыз күні «Өнер зорлық-зомбылыққа қарсы» атты гала-концерт өткізеді. Екі апта бойы елорда төрін думанға бөлейтін айтулы би фестивалі жастардың өзара мәдени және кәсіби тәжірибе алмасуына негіз болып, Орталық Азия аумағында неоклассикалық және заманауи хореографияның дамуына үлесін қосады деп күтілуде.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»