• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2010

ІЛКІМДІ ІСТЕР – ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІ

1490 рет
көрсетілді

Облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс әкімі Елеусін Сағындықов облыстың 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2010 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді. Оған қала және аудан әкімдері, мәслихат хатшылары, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еңбек және соғыс ардагерлері қатысты. Тағы бір тарихи жылды артқа қалдырып, еліміз жаңа кезеңге қадам басты. Өткенімізді саралап, алдағы мақсатымызды айқындар сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы халқымыздың рухын көтеріп, болашаққа сенімін орнықтыра түсті, деп бастады өзінің есепті кездесудегі сөзін өңір басшысы. Тәуелсіз мемлекетіміздің қол жеткен жетістіктерінде ақтөбеліктердің де үлесі зор. Ақтөбе облысы – экономикада және әлеуметтік мәселелерді шешуде еліміздегі көшбасшы өңірлер қатарында келеді. Өт­кен жылы облыс экономикалық даму көр­сеткіштері бойынша айтарлықтай өсім­­ге қол жеткізді. Мысалы, өнеркәсіп өн­­дірісінің көлемі 105,6 пайыз, жалпы өңір­­­лік өнім 104 пайыз құрады. Бұл елі­міз­дің орташа көрсеткішінен едәуір жоғары. Облыс басшысы одан әрі “Ынтымақ ырысыңды тасытады” деген халық дана­лығын еске сала келіп, ел бірігіп, ерлік жасағанын тілге тиек етті. Егер ақтөбе­ліктер қазіргіден де ұйысып, ұжымдаса түссе, алар асу бұдан да биік, бұдан еңселі боларына, облыс осы қарқынын үстеме­лей түссе 2020 жылға дейінгі Даму стра­тегиясын бірінші бес жылдықта орындап шығуға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Әрине, Елеусін Наурызбайұлы мұны арзан бедел жинап қалу үшін айтпағаны белгілі. Оған облыста қол жеткен табыс­тар да берік негіз қалайды. Өткен жылы мұнай өндіру 5,2 пайыз, ілеспе мұнай газы 1,2 есе, мыс кені 12,3 пайыз, мыс кон­центрат­­тары 1,2 есе, хром рудасы 11,2 пайыз, хром концентраттарын өндіру 5,2 пайыз артқан. Облысымыздағы ең ірі мұнай өндіру компаниясы – “СНПС-Ақтө­бемұнайгаз” акционерлік қоғамы көмір­сутегі шикізатын өндіруді 6 млн. 50 мың тоннаға жеткізген. Облыс басшысының айтуынша, өткен жылы экономикадағы тұрақтылықты сақ­тап қана қоймай, дағдарыстан неғұр­лым жаңарған және бәсекеге қабілетті эконо­ми­камен шығу жөніндегі Елбасы тапсыр­масы жүзеге асырылған, экономиканы жаң­­ғыртудың жаңа жолдары игерілген. Күрделі кезеңнің ауыр салмағына қара­мас­тан, жалпы құны 260 млрд. теңгеден астам қаржыға 240-қа жуық өндірістік және әлеуметтік нысан­дар іске қосылып­ты. 2009 жылы алғаш рет өңір экономика­сын дамыту­ға бағытталған инвестиция көлемі 300 миллиард теңгелік шептен асып түскен. Тұрақты дамып келе жатқан облыс экономикасына инвестиция салуға ықылас білдірушілер қатары уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Есепті кезеңде пайдалануға берілген индустриялық-инновациялық жобалар ішінде өзінің маңыздылығы жағынан ерекшеленетін күйдірілген хром шекем­та­сы (окатыш) фабрикасы және ұсақ класты руда байыту фабрикасының екін­ші кезегі, ұялы бетон бұйымдарын шы­ғару зауыты, “Кеңқияқ-Құмкөл” мұнай құбыры, әуе қозғалысын басқаратын заманауи Орталық және тағы басқалары бар. Мемлекет басшысы кезінде қазақстан­дық мазмұн аясында отандық тауар өндіру­шілерді қолдауды қадап тапсырған бола­тын. Облыстың ірі кәсіпорындары­мен іс­кер байланыстар жасау арқылы ин­вести­ция­лық жобаларда қазақстандық мазмұнды ұлғайту­ға бағытталған 38 меморан­думға қол қойы­лып, жалпы құны 263 млрд. теңгеге келісім-шарт жасалған. Отандық кәсіпкер­лер­ден нақты тауар, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алу 161 млрд. теңге құраған. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкер­ші­лігін терең сезінген облыс кәсіпорын­дары халықты әлеуметтік қолдауға бағыт­талған ізгілікті істерін қиын кезеңде де үзген жоқ. Есепті кезеңде ауылдық жер­лер­дегі ден­сау­лық сақтау, білім беру, спорт нысан­дарын салуға және қайта жарақтандыруға  мил­лион­даған теңге бөлініпті. Облыс бас­шы­сы осы бағытта “СНПС Ақтөбе­мұнай­газ” акционерлік қо­ғамы, “Қазақ Ойл Ақ­төбе”,“Транс Мост Групп”, “Нау­рыз СИМ” ЖШС-лері ерекше белсенділік қөрсеткенін, респуб­ли­калық “Парыз” конкурсының же­­ңім­­паз­дары атанғандарын атап өтті. Олар­­дың ісі бизнесте табысқа жетуге ұм­тыл­ған басқа компанияларға үлгі болуы тиіс екендігін еске салды. Бәсекеге қабілет­ті, отан­дық сапалы өнім шығаруда республи­ка­лық “Алтын сапа” конкурсына қатыс­қан “Каз­хром” акционерлік қоғамы да жеңімпаз болды. Елеусін Наурызбайұлы облысымызда Елбасының “Жол картасы – 2009” бағдар­ламасының жүзеге асырылуы жайлы да әңгімеледі. Осы бағдарлама аясында және облыс аумағында жаңадан іске қосылған мекеме, өндіріс орындары есебінен барлы­ғы 40 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Елбасы сөзімен айтсақ, экономиканы әртараптандырудың өзегі, қозғаушы күші кәсіпкерлік болып табылады. Облыста шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға үнемі жағдай жасалып келеді. Соның бір дәлелі – бизнесті қолдау үшін 77 млрд. теңге қаржылық-несие көмегі беріл­гендігі деу орынды. Осындай қолдау-кө­­мек­тің нәтижесінде субъектілер 4,5 пайыз­ға, оларда жұмыс істейтіндер 103 па­йызға, ал өндірілген өнім көлемі 105 пайызға артқан. Шағын және орта бизнес субъектілері 152 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Жолдауда экономиканы әртараптан­дыру­дың тағы бір маңызды сегменті – агро­өнеркәсіп кешенін дамыту екені атап көр­сетіл­ген. Өткен жылы облыстың агро­өнер­кәсіп кешенінде ауыл шаруашылығы өн­дірісін дамытуға мемлекеттік қаржы ал­дың­ғы жылға қарағанда 1,5 еседей артық беріліп, ол 9 млрд. теңгені құрапты. Соның нәти­жесінде, мал шаруашылы­ғын­да өнім өндіру көлемі мен мал саны артқан. Ақтөбе қаласы аймағында азық-түлік белдеуі жа­­салуда. Әрине, бұл бағыт­та әлі де көп шару­алар жа­салуы тиіс. Сапа­лы өңдеуді меңгеру қажет. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін елді ме­кен­дерге жол қатынасын жақсарту қа­жет­тігін де жасыр­маған жөн. Әрине, аталған бағытта был­тыр айтарлықтай жұмыс ат­қарыл­ды. Миллиардтаған теңге қаржы жұмсалды. Жердің шетінде, желдің өтінде жүріп, ауылдың түтінін түтетіп отырған халық­тың тұрмысын жақсарту бағытында да біраз шаруалар тындырылыпты. Алыс елді мекендерге газ жеткізу күн тәртібіндегі өзекті мәселе екені сөзсіз. Дегенмен, об­лыст­а оның да түйінін шешудің сәтті қадамдары жасалуда. Соңғы алты жыл ішінде 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалып, облысымыздың 50-ден астам елді мекеніне газ жеткізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Мәселен, 2011-2015 жылдары 77 елді мекенге газ тартылады. Бұл жұ­мыстың жалпы құны – 41 млрд. теңгені құрайды. Ауылдың таусылмайтын жырының бірі – ауыз су екені белгілі. Соңғы алты жыл­да “Ауыз су” бағдарламасы бойынша 71 елді мекенге су құбыры жүргізіліп, 53 ауыл­дың тұрғындарын сумен жабдықтау жақ­сартылған. Осы мақсатта 7 млрд. 300 млн. теңге жұмсалыпты. 2010 жылы да бұл үдеріс жалғасады. Өңірде жыл өткен сайын халық­тың тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді. Облыс­та жұмыссыздар саны 6,4 пайыздан 5,9 пайызға төмендеді. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі қазір 6 пайыз шама­сында, яғни республикалық деңгейден екі есе төмен. Соңғы бес жылда 1 млн. 200 мың шар­шы метрге жуық тұрғын үй алаңы пайда­лануға берілді. 70 мың адам жаңа қоныс тойын тойлады. Бұл қарқын 2010 жылы да бәсеңдемейді, деді облыс басшысы. Ол құқық тәртібі және қоғамдық қауіп­сіздік мәселелерін де айналып өтпе­ді. Аса ауыр қылмыстың азаймай отыр­ғанына алаң­даушылық білдірді. Демек, осы мәсе­лелерде алдын алу жұ­мыс­­тарын неғұрлым белсен­дірек жүргізу қажет. Жолдауда көр­се­тілгенін­дей, құқық қорғау қызметіндегі екпін ішкі­ведомстволық мүддеден азамат­тардың құқы мен мем­лекет мүддесін қор­ғау­ға қарай ауыс­тырылуы тиіс екендігін қадап айтты. Ол сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын да­мы­ту барысына да тоқталды. Соңғы бес жыл­да оларды қаржыландыру жыл сайын 20-30 пайызға өсіп отырыпты. Облыста үстіміздегі жылы мектепке дейінгі балалар мекемелері жүйесін кеңейтіп, оларда бала­лар­ды қамтуды 80 пайызға жеткізу көзделуде. Облыс әкімінің есебінде президенттік “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қыруар шаруалар қолға алынып, сәтті аяқталғаны, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына әзірлік, бұқаралық спортты дамыту, 12 жыл­дық білім беру, мемлекеттік тілдің қол­­данылу аясын кеңейту мәселелері тара­тып айтылып, тартымды баяндалды. Елеусін Сағындықов есепті баяндамасын таза қазақ тілінді жасап, ара-тұра орысша түсінік беріп отыруы да көңілден шық­ты. Бұл мемлекеттік тілді төрге шығарудың бір үлгісіндей болды. Облыс басшысы өз сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндік­тері” атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді жоғары деңгейде орындап шығу­ға әлеумет­тік-экономикалық қуаты­мыз бен рухымыз жетеді деп сенімді қорытын­дылады. Облыс әкімінің есепті кездесуінде сөз алған СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ бас директорының орынбасары Жеңіс Сейіт­мағамбетов өңірдегі мұнай өндіру мәселе­леріне тоқталса, Қарғалы ауданындағы “Степное” ЖШС директоры, облыстық мәс­лихаттың депутаты Аманғос Телеуов ауыл шаруашылығында жаңа техника мен озық технологияны пайдалану қажеттігін сөз етті. Еңбек ардагерлері Бекет Есен­жолов, Мақсот Балғынов, “Бейбітшілік пен келісім” қоғам­дық қоры облыстық фи­лиалы­ның төрағасы Келдібай Еспағам­бетов облыстағы атқарыл­ған істерді оң бағалады. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе универси­тетінің студенті Гүлдәурен Мү­сіро­ва жастар мәселесінің оң шешіліп отыр­ғанын нақты мысалдармен дәйектей келе, облыс басшы­сының жастарды қол­даудағы іс-әрекетіне ризашылығын білдірді. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов зал­дан түскен сұрақтарға да іркілмей жауап берді. Көптеген сауалдарға қатысты жауап­тың баяндамада қамтылғанына қа­ра­­мастан, бірқатар мәселені сол бойда шеш­ті, ал кейбіреулерін бақылауда ұстауға уәде берді, қайсыбіріне жауап беруді тиісті орындарға тапсырды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ МОЛ Қызылжар өңірі жұртшылығының өткен жылға өкпелеуінің еш реті жоқ. Қаржы қиындығы жан-жақтан қанша қысса да, Елбасының дағдарыстан шынығып, ширығып өтеміз деген сөзін есте ұстаған солтүстікқазақстандықтар ерекше серпінмен еңбек етті. Астықтан рекордтық өнім жиналды. Сүт пен жұмыртқа өндіруден алдыңғылар қатарында. Ауыр өнеркәсіп жақсы дамып келеді. Тау-кен өндірісіне инвестициялық жобалар енгізіліп, қомақты қаржы салына бастады. Қызылжар өңірі десе, көз алдымызға алдымен астықты аймақ, егіс танаптары, тау-тау үйілген қызыл дән елестейді деуші­лер көп. Оған таласымыз жоқ. Елі­міз­дің азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз етудегі облыстың ішкі әлеуеті өте зор. Жолдаудағы экономиканың аграр­лық секторын жан­дан­дырып қана қой­май, ауыл үшін өсудің перспективасы еңбек өнімділігінің артуына түседі деген Елбасы сөзін жауапкершілікке жігерлен­діретін міндет деп түсінген түрлі сала өкілдері облыс әкімі С.Біләловтің тұр­ғын­дар алдындағы есебін тыңдау үшін Погодин атындағы орыс драма театрын­да өткен облыстық мәслихаттың кеңей­тіл­ген мәжілісіне жиналды. – Елбасы агроөнеркәсіп кешенін өркендетудің іргелі міндеттерін белгілеп берді. Соған орай алда өндірісті әртарап­тандыра отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді ұйымдастырудың көп­теген шаралары күтіп тұр, – дей келіп, Серік Сұлтанғазыұлы мал шаруашылы­ғын да серпінді өркендетудің толғағы жеткенін қадай айтты. Өткен жылы ауыл шаруашы­лығы өнімдері өндірісінің жал­пы көлемі 238 миллиард теңгеге жетіп, 2008 жылмен салыстырғанда 114 пайыз­ды құраған. Жыл өткен сайын бұл салаға бөлінетін демеу қаржы мөлшері өсіп келеді. Петропавл бройлер фабрикасы өнімді жұмыс істей бастады. Мұнда қал­дықсыз өндірісі бар осы заманғы сою цехы пайдалануға беріліп, инкубатор құрылысы басталды. “Баско” фирмасы­­ның құс фабрикасы мен шошқа кешені табысты салаға айналды. “Тайынша-Астық” ЖШС-дегі сүт кешеніне шетел­дің сүтті сиырлары әкелін­ді. “Зенченко және К” командиттік серік­тестігінде үш сүт фермасы жұмыс істейді. Бәрі озық технологиялармен жабдықтал­ған. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемі артып, қоғамдық мал саны көбейді. Бұрындары облыстың атақ-даңқы ауыр өнеркәсібімен де әйгіленетін. Өт­кен шақпен сөйлеуіміздің сыры құпия бол­маса керек. Одақ ыдырағаннан кейін әскери қорғаныс­тағы кәсіпорындардың берекесі кетті. Конверсиядан өтіп, бейбіт мақсатқа бейім­делгенше алтын уақыт зымырап өте берді. Елбасы облыстағы жұ­мыс сапар­ларын әркез ауыр өнер­кә­сіп­­тің тыныс-тіршілігін білуден бастай­тын. Төрт аяғы­нан тұралап қалған тұлпар­дың күйін кеш­кен сала мемлекет қаржылан­дыр­ғаннан кейін ғана оңала бастады. Сөйтіп, өнер­кәсіп кешенінде тұрақты өсім қамтамасыз етілді. 2009 жылы өнер­кәсіп өнімдерінің көлемі 77 миллиард теңгені құрап, оның алдындағы жылға қарағанда 5 пайызы өсті. Осы мерзім ішін­де 1,2 миллиард теңгенің 5 инвестиция­лық жобасы жүзеге асты. Жаңа кәсіп­орындар құрылды. Солардың бірі “Петро­павл құрылыс материалдары зауыты”. ЖШС полиэтилен құбырларын және құры­лым­дық оқшаулау панельдерін шығару бо­йынша 3 желіні пайдалануға берді. Петро­­павл құбыр зауыты болат табақтан болат құбырларының импортты алмастыра­тын өндірісін ұйымдас­тырды. “Тез құрас­тыры­латын ғимараттар зауы­ты” ЖШС электр­мен дәнекерлеп да­йын­­дай­тын сэнд­вич­па­нельді, профта­бақты және С тәріздес про­фильді металл құрыл­ғылары жобасын игер­ді. Петропавл ауыр мәшине, мұнаймаш зауыт­тары газ-мұнай салалары үшін құрал-жабдықтар мен арнаулы тех­никалар шы­ғару­ға ма­ман­данды. С.Киров атындағы кәсіп­­орын темір жол кешеніне арнап қон­дырғы­лар мен аспап­тар жасауды игерді. “ЗИКСТО” ­АҚ-тың жаңа саланы игерудегі ұмтылысы мен ізденісі неге тұрады. Былтыр “Қазақ­­стан темір жолы” ұлттық компания­сы­ның тап­сы­ры­сымен 250 вагон құрастыр­са, биылғы меже – 600 вагон. Жақында Қазақ­стан­ның темір жолында талап еті­летін жүк тасымалдауға арналған окатыш тасы­мал­даушылар мен платформа­лардың сы­нақ­тары нәтижелі аяқталды. Мұның бәрі – бұрын-соңды қолға алын­баған тың баста­малар. Баяндамашы өз есебінде кәсіпкер­лік­ті және кәсіпкерлік бастамаларды, оның ішінде бизнесті өркендетуде материал­дық-қаржылық, ақпараттық-құқықтық қолдау, қолайлы жағдайлар жасау жұмы­сы жал­ғаса беретінін жеткізді. Бүгінде облыста 24 мыңдай шағын және орта бизнес субъек­тілері шоғырланған. 70 мың­ға жуық адам жұмыс істейді. Был­тыр 124 мил­лиард теңге­нің өнімдері мен тауарларын шығар­ған. Оларды қаржы­лық қолдау мақсатымен 11 миллиард теңгенің несие­лері берілген. Кәсіпкер­лер­дің қаржылық ресурстарға қолжетім­ділігін жеңілдету үшін “Даму” кәсіп­кер­лікті дамыту қоры” АҚ қатысуы­мен 4,6 миллиард теңге қарастырылған. “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” да қомақты қаржы жұмсаған. Алдағы мақсат – шағын және орта бизнестің жаңа тобын қолдау есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу жолдарын іздес­тіру. Бұл салада атқары­латын шаралар, түптеп келгенде, онжыл­дықтың соңында кәсіпкерліктің ІЖӨ-дегі үлесін 40 пайызға дейін көтеруге қызмет етуі тиіс. Серік Сұлтанғазыұлы тұрғындарға әлеуметтік қорғау жайлы да кеңінен айтып берді. “Жол картасын” әзірлеу барысында қаржылық дағдарыстың салдарын еңсеру, экономиканы және қаржы саласын сауық­тыру, жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері нақты көрініс тауып, мүл­тіксіз орындалуы күн­делік­ті қадаға­лауға алынды. Бағдарлама аясында қарастырылған 4,9 миллиард теңге толық игерілді, деді өңір басшысы. С.Біләлов өткен жылы облыс эконо­ми­ка­сының негізгі қорына 47,2 мил­лиард теңге инвестиция құйылғанын, оның басым көпшілігі білім беру, ден­сау­лық сақтау, мәде­ниет, спорт, сумен қам­­тама­сыз ету, қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй нысан­дары құрылысы салаларына бағыт­тал­ғанын атап өтті. Ал, өз қаражаты мен шаруашы­лық субъек­тілерінің есебінен құ­рал­ған жергілікті инвестиция 30,8 мил­лиард теңге­ге жет­кен. Ол өнер­кәсіп, ауыл шаруа­­шы­­лығы, энергетика,­ көлік, байла­ныс сала­ларын дамытуға жұмсалған. Мем­ле­­кеттік тұрғын үй бағдарламасын орын­даудың екінші жылы да табысты аяқ­тал­ған. 108,7 мың шаршы метр баспана салынған. Облыста өткір мәселелерді сөз еткен­де ауыз су және жол жағдайы ойға ора­ла­ды. Әкімнің осы мәселелерге айрықша назар аударуы кездейсоқ емес. Былтыр “Ауыз су” бағдарламасына 3 миллиард теңге бағыт­талды. Азия даму банкі 1,125 миллиард теңге бөлді. 200 шақырымнан астам су құбырлары мен тарату желілері салынып, қайта құрылды. Тұрғындар саны 12,6 мың адамды құрайтын 25 елді ме­кенге су тартылды. 52,6 мың тұрғыны бар 10 ауылда ауыз судың сапасы жақ­сарды. Сол сияқты облыстық және аудан­дық маңызы бар жолдарды жөндеуге, кү­тіп-ұстауға 3,542 миллиард теңге жұмсалды. Баяндамашы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына да кеңінен тоқталып өтті. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономика­лық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” Жолдауынан туындайтын талаптарды мүлтіксіз орындауға облыс жұртшылығы белсенділікпен атсалы­са­ты­нына сенім білдірді. Содан кейін тұр­ғын­дардың ауызша, жазбаша сауал­дарына жауап беру кезегі келді. Зәмзәгүл Мейрамова, М.Жұмабаев ауданы: Возвышен кентінде халық көп тұрады. Бұрындары аудан орталығы болған. Мәдениет үйінің жоқтығы жастарды қатты қинап тұр. – Жағдай маған таныс. Үш мыңдай адам тұратындықтан, мәдени дем алатын орынның қажеттігін түсінемін. Аудан әкіміне жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруды тапсырамын. Ал, облыстық қазынадан 10 миллион теңге бөлемін. Асқар Өтебаев, Қызылжар ауданы: Ауданда бірқатар елді мекен ауыз судан тапшылық көріп отыр. Осы өтінішті көпшілік сізге жеткізуді өтінген еді. – Былтыр “Ауыз су” бағдарламасы бойынша көптеген ауылдарға сапалы ауыз су жеткізілді. Биыл бұл іс жалғасады. Соколов, Боголюбов, Надеж бағыттары үшін 50 миллион теңге қарастырылды. Жалпы, бұл мақсат үшін ауданға 150 миллион теңге бөлінді. Ботагөз Әбілмәжінова, Айыртау ауда­ны: Шалғайдағы ауылдар отандық телеарналарды көре алмайды. Көбіне қызықтайтынымыз – Ресейдің бағдар­ла­ма­лары. Осы мәселе қашан шешімін табар екен? – Киров атындағы зауыт тың баста­маны қолға алып, жүзеге асырмақшы. Атап айтқанда, сандық теледидарды алыс елді мекендерге жеткізу мақсатымен қажетті құрылғылар мен қондырғыларды шығаруға кірісіп кетті. Гүлнәр Оспанова, Жамбыл ауданы:  Аудан орталығында бір ауысымда 90 нау­қасты қабылдайтын туберкулезге қарсы диспансер бой көтеруде. Жұмысқа орна­лас­қан жас мамандарға жағдай жасала ма? –“Дипломмен – ауылға” бағдар­ла­ма­сы бойынша жергілікті жерлерге кел­ген кадрларға біржолғы өтемақы төлене­ді. Бас­па­намен қамтамасыз етіледі. Ау­дан орталығы Преснов кентінде 18 пәтер­лі үй салу үшін 54 миллион теңге қарас­тырыл­ды. Мамыр айынан бастап құрылыс жұмыс­тары қолға алынады. Өзге сауал жолдаушылар да қанағат­танарлық жауаптар алып, көңілдері бір сергіп қалды. Облыс депутаттары атынан Қазақ­стан­ның Еңбек Ері, шаруашылық бас­шы­сы Геннадий Зенченко, жеке кәсіпкер Екпін Әбиев сөз алып, әкімнің атқарған жұмыстарына оң баға берді. Есепті кездесуге Президент Әкімші­лі­гінің мемлекеттік бақылау және ұйым­дас­тыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мем­лекеттік инспекторы Арман Әбенов, Сенат және Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қатысты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ӨРКЕНДІ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ Атырау Атырау болғалы өрелі өзгерістерден, игі істердің атқарылуынан кенде емес. Ел игілігі үшін жасалып жатқан мұндай қадам өткен жылы да өз жалғасын тапты. Басқаша бейнелегенде, кең қанат жайды. Төрткүл дүние экономика­сы қаржы дағдарысының тұмылдырығын киген сәтте Қазақ­стандағы дамудың тұрақтылығына мұнайлы өңірдегі өркен жайған өзгерістер де, ілкімді ізденістер де дәлел бола алары даусыз. Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевтің жұрт­шы­лық алдындағы есеп беруінен әлеумет тұрмысының жақ­саруына, бақуатты болуына елеулі әсер еткен мына мәсе­лелерге айрық­ша тоқталып, тарқата айтуды жөн көрдік. Сонымен... ҚЫЗЫЛҚОҒА ТҰРҒЫНДАРЫ­НЫҢ ҚУАНЫШЫ. Иә, өткен жыл өңір орталығынан алыстағы Қызыл­қоға ауданының тұрғындары үшін қуанышы көп болуымен есте қалды. Олай дейтініміз, құрылғанына 60 жылдан асқан ауданда осы кезге де­йін “көгілдір отынға” қол жеткізу ас­пан­дағы айға құлаш сермеумен бірдей еді. Бұл бір жағынан, аудан жұр­тының әлеуметтік ахуалына, екін­­ші­ден, жастардың осында тұрақ­тауына кері әсер еткені шындық. Енді талай жыл қол жетпес тәтті арманға айналған мәселенің түйіні тарқатыла бастады. Сөйтіп, табиғи газ желісінің қызығын көруге бола­ды екен ғой, дейді қызыл­қоға­лық­тар. Осыған орай былтыр осы аудан аумағында біраз жұмыс жасал­ды. Нәтижесінде, жыл аяғында аудан­ның 16 елді мекеніне табиғи газ желісі жеткізілді. Бұл елді мекен­дердегі 20 мыңнан астам тұрғынның қуаны­шын­да шек жоқ. Биыл осын­дай қуа­­нышқа Атырау-Қандыағаш бағы­тындағы темір жол бойына орна­лас­қан 5 елді мекен тұрғындары кенел­гелі отыр. Қазір осы ауылдарға таби­ғи газ желісін тартудың қаржысы шешімін тапты. – Мердігер мекемелер тұрмысы төмен, көпбалалыларға, барлығы 1500-2000-дай аса мұқтаж отбасы­ның үйіне табиғи газ желісін кіргізіп береді, – деді облыс әкімі аудан ор­та­­лығы – Миялы ауылындағы “кө­гіл­дір отын” алауын жағу салта­натында. Аудандағы ділгір мәселенің бірі – мейір қандырар мөлдір су. Был­тыр Мұздыбұлақ-Қарабау су құбы­ры іске қосылса, Кереген-Сағыз-Жамансор топтық су құбырының құрылысын аяқтау көзделуде. Соңғы су құбырының құны – 1 миллиард 652 миллион теңгені құрайды. Ал Тайсойған-Қоныстану-Қосқұлақ су құбырын күрделі жөндеуге 468 мил­лион теңге жарату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Индер-Қара­бау-Миялы-Сағыз бағытындағы 114 шақырымдық автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмысы бастау алды. Мұның қаржысы қомақты –15 миллиард теңге. Жалпы өткен жылы тек Қызылқоға ауданының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына 16 миллиард 228 миллион теңге жаратылыпты. Бұл – өңір бюджетінің төрттен бір бөлігі. Рас, табиғи газ қуанышына кенел­­ген тек қызылқоғалықтар деу­мен шектелсек, ақиқаттан алшақтап кетер едік. Дұрысында, дәл осындай табиғи газдың рахатын көру бақы­тына Махамбет, Құрманғазы, Ин­дер, Исатай, Жылыой аудандары­ның бірнеше елді мекеніндегі тұр­ғындар да қол жеткізді. Сөйтіп, бұл аудандар толықтай, ал Құрманғазы ауданындағы 49 елді мекеннің 31-і газдандырылды. Дегенмен, Қызыл­қоға ауданы тұрғындарының қуа­нышы ерекшеленіп тұратыны анық. Өйткені, олар табиғи газ бен таза суды, тегіс жолды аңсағалы қашан?!. “ИГІЛІКТІҢ” ИГІЛІГІН КӨРЕ­ДІ. Өңірдегі әр ауданның түйіні мықтап шырматылған өзіндік мәселелері бар. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы көп қабатты үйлер үнемі жылуға жарымайды. Жоғары қабатта тұра­­тындар ауыз суды шелектеп дала­дағы шүмектен тасиды. Себеп –құбырлар әбден шіріп, тозған, тот­танып бітелген. Бұл мәселе ауданды, облысты басқарған талай әкімге айтылды. Қаржының жетпестігін айтып, жақаурата берсе, мәселені жуық арада оңынан шешу мүмкін емес еді. Не істемек, қандай амал қолданбақ, қаржы көзін қайдан таппақ керек сонда? Емен есіктің ар жағында осы сауалдарды әбден саралаған талай басқосулар, талай талқылаулар өтті. Қаржыны іздеп еді, табылды. Қайдан десеңіз, оны ат сабылтатын алыстан емес, сол Жылыой ауданының аумағынан табуға болады екен. Олай дейтініміз, өңірге инвес­тиция салуға бет бұрған шетелдік компаниялар алдымен Жылыойды сағалайды. Себебі, мұнда әйгілі “Теңіз”, оны игеріп жатқан “Теңіз­шевройл” бар. Айтқандай, осы “Теңіз­шевройлдан” өңірдің әлеумет­тік мәселелерін жақсартуға арналған “Игілік” бағдарламасы шеңберінде бөлінетін қомақты қаржы бар. Көле­мі – 15 миллион АҚШ доллары. Бірақ, бұл қаржының басым бөлігі өңір орталығындағы әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалып келді. Алайда, бірде-бір әкім “Игіліктің” игілігін алдымен “Теңіз” кен орны орналасқан Жылыой ауданының тұрғындары көрсін дегенге бас қатыра қойған жоқ. Облыс әкімі Б. Рысқалиев бірлескен кәсіпорын басшыларына: “Игілік­тің” үш жылдық қаржысын Құлсары қаласындағы ауыз су құбырын қайта жаңғыртуға жұмсайық”, деген ұсы­­ныс айтқан екен. “Теңіз­шевр­ойл­дың” акционерлері бұл ұсынысты қолдап, ауыз су құбырын жаңғырту жұмыстары былтыр басталды. Шындығында, бір ауданға әр жыл сайын 15 миллион АҚШ дол­ларын жұмсап, ауыз су құбырын то­лық­тай жаңғырту, әрине, өте ау­қым­­ды жоба және оны іске асыру оңай емес. Де­генмен, сең қозғалды. Де­мек, Атырау қаласынан кейінгі ең ірі елді мекен санатындағы Құлсары қала­сының тұрғындарының да “Игі­лік­­­тің” игілігін көретін күні алыс емес. ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ӘЛЕУЕ­ТІ. Мұнайлы Атырау тұр­ғын­дарының тұрмысы барлық ауданда, барлық ауылда біркелкі емес. Қаланың өзінде де солай. Әр­кім тапқан табысына қарай қатардан қалмауға талпынады. Бірақ бай мен кедейді бір-бірінен бөлектеп жатқан ешкім болмаса да, мұғалімдер мен дәрігерлер қауымының жаңа пәтер түгілі, ескісін сатып алуға да шамасы келе бермейді. Елбасы сол себептен, ұлт келешегі үшін аянбай жұ­мыс жасайтын дәрігерлерге, мұғалімдерге, әсіресе, жас ма­ман­дарға қолдау білдіруді тап­сырып келеді. Бұл тапсыр­маның Атыраудағы орында­лысы туралы айтсақ, былтыр денсау­лық сақтау мен білім беру салаларының өкілдері пәтер­лермен қамтылудан кенде болған жоқ. Облыс әкімі Б. Рыс­қалиев есепті баянда­ма­сын­да мәлім еткендей, қос сала­ның 448 өкілі жаңа баспанаға ие болды. Бұрын-соңды Атырау бала­ларының түсіне кірмеген зәулім мұз айдыны сарайы ашылып, қысқы спорт түр­лерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр футбол, волей­бол, бас­кет­бол коман­далары ел кубогы­ның жеңім­паздары атануы­мен ерек­шеленген өңір спортын дамытуға сеп болар үш спорт кешені пайда­лануға берілді. Еркін елдің ертеңі болатын жастардың сапалы білім алуына да толық негіз қалана бастады. Оған былтыр 13 білім беру ұясының пайдалануға берілгені дәлел болмақ. Жаңа ғимараттармен денсаулық сақтау саласы да қамтылып жатыр. Былтыр 100 орындық жаңа перзент­хана, Миялы және Доссор ауыл­дары­нан өкпе дертіне қарсы ауру­хана нысанымен толықты. Меди­цина ма­ман­дары Алматы, Ақтөбе қала­ларын­да, алыс және шетелде білік­тілігін жетілдіріп қайтты. Әлеумет әлеуетін арттыратын жобалар қатарында аудандарға ауыз су желілерін тартуды айтуға болады. “Ауыз су” өңірлік бағдарламасы аясында 160 су тазарту ғимараты, мұнаралар мен қазандар, 1166 шақырым су құбыры төселді. Жөн­деу мен қайта жаңғырту жұмыстары да жыл сайын жалғасын табуда. “Атырау-Доссор-Мақат” магистрал­ды су құбырының құрылысы аяқталды. Қазір облыстың 26 елді мекенін сумен жабдықтау жұмыс­тары жүргізілуде. Бағдарлама аясын­да 252 мың тұрғыны бар 98 елді мекен сумен қамтылды. Осындай жобаларды іске асырумен бірге, өңір­дің көлік инфрақұрылымын дамы­туда да серпіліс байқалды. Әрине, бұл сала қомақты қаржыны қажет етеді. Кейде қаржының жетіспеуі көп жобаларды іске асыруға қолбай­лау болып жатады. Дегенмен, был­тыр өңірдің көлік инфрақұры­лымында 3 көпірдің құрылысы аяқталды. Жайық өзені үстінен көпір салу да тез біте қоятын, әрі шығыны аз жоба болмаса да, көпірдің Атырауға көптік етпейтіні соңғы жылдары мықтап сезіле түсті. Өңірде 300 шақырымға жуық жол салынып, 3 жолайрығы ашыл­ды. Атырау қаласындағы 180 көше­ге, үй орамдарына асфальт төселді. Қала іргесіндегі ауылдарға дейінгі жолдар да күрделі жөндеуден өтті. “ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ” ЖАҚ­СЫ­ЛЫ­ҒЫ. Елбасы дағдарысқа қарсы шаралардың бірі ретінде жұмыс­сыздықтың алдын алу, жұмыс­пен қамтуды үйлестіру қай кезде де маңызын жоймауы тиіс екендігін тапсырды. Осы орайда “Жол картасы” бағдарламасының жақсылығын өңірлерде молынан сезінгендер өте көп. Атырауда да солай. “Аталған бағдарлама аясында 10,2 миллиард теңге бөлініп, 47 ин­вес­тициялық бағдарлама іске асы­рылды”, деді әкім Б. Рысқалиев. Бұл бағдарлама шеңберінде жобалар әлеуметтік инфрақұрылымдарды жа­ңарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, жолдар­ды күрделі жөндеу және басқа да салаларды қамтыды. Бағдарламаға енгізілген жоблалар бойынша 10774 жаңа жұмыс орны ашылды. 13 мыңнан астам адам даярлау және қайта даярлау курстарынан өтті. “Жастар тәжірибесі” жобасы негі­зінде 1513 жас жұмысқа орналас­тырылды. Қазір 22 компанияда 54 жас маман сынақтан өтуде. Ал 16 маман тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді. Әрине, бір жылда жұмыссыздық мәселесі толық шешілді деуден аулақпыз. Отандық және шетелдік ком­паниялардың қатысуынсыз оң­ға­рыла қоятын мәселе де емес бұл. Сол себептен, жұмыссыздықты азай­тар жобаларға шетелдік компа­ниялар да кеңінен тартылуда. Мәсе­лен, шетел мамандарын алмастыру мақсатында 22 компаниямен келісім жасалған. Соған сәйкес олар 2500 маманды даярлаудан өткізуге мін­дет­теме алды. Аджип ҚКО-ның мердігер компа­ния­ларындағы 17668 отандық жұмысшы вахталық әдіске көшіріліп, соның нәтижесінде 24 000 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік табылды. Мұның нәтижесінде жұмыссыздық 5,9 пайызға төмен­деді. ТҮЙІНДЕЙ АЙТҚАНДА, есепті кездесуде өткен жылы өңір эконо­ми­касындағы серпіліс тудырған серпінді істер атқарылғаны кеңінен тарқатыл­ды. Өңір экономикасында өркенді өзгерістер бар, былтыр 2 триллион 115 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев. Өндірілген мұнай көлемі 26,5 миллион тоннаны құраса, 11,5 миллиард текше метр газ өндіріл­ді. Өңір экономикасына 1 триллион 83 миллиард теңге ин­вес­­ти­ция салын­ды. Инвестиция­ның басым бөлігі кен өндіру өнеркәсібі, көлік және бай­ланыс салаларына бағыттал­ған. Сырт­қы сауда айна­лымы 15 209,7 миллион АҚШ дол­ларын құраған екен. Жалпы, әр саладағы, әсіресе, әлеу­мет­тік ахуал­ды жақсарту бағы­тын­­дағы атқарыл­ған істерді сенатор Сәрсен­бай Ең­сегенов, ақын Хали­долла Ізекенов, профессор Қадір Жүсіп секілді өңір тұрғындары оң бағалады. Әкімнің жұртшылық алдындағы есебіне Парламент Сенаты Төраға­сы­ның орынбасары Мұхамбет Кө­пеев, Сенат және Мәжіліс депутат­тары, Президент аппаратының мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.