Соңғы 10 жылда бюджет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген науқастар саны 15 процентке артты. Бұл науқастардың көбейгенін көрсете ме, әлде мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық көлемінің қанат жайғанын байқата ма?
Осы уақыт ішінде тұрғындарды тегін препараттармен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржы 6,4 есе шамасында көбейген. Демек, мемлекет аталған саладағы көмек көлемін арттырғаны анық. Сондай-ақ биыл амбулаториялық дәрілерді сатып алу орталықтандырылды. Нәтижесінде препараттарды онлайн жүйеде сату жолға қойылып, 23 миллиард теңге үнемделді.
Жасыратыны жоқ, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі ең іргелі мәселе созылмалы аурумен ауыратын науқастардың тізімге кірмей қалуы мен қажетті тегін дәрі-дәрмекке қаражат бөлудің дұрыс жоспарланбауы болып отыр. Екіншіден, жергілікті деңгейде қаржыландырудың қиындығынан азаматтардың дәрі-дәрмек жетімсіздігін көріп қиналуы дер едік. Дәрі-дәрмек жеткізудің мәнісіне үңілген сайын мемлекет тарапынан қамтамасыз етілетін тегін қызмет түрінде біраз мәселенің шикілігі барлығы айқындалып отыр. Биылдан бастап бұл олқылықты шешудегі нақты қадамдардың тізбегі жасалды. Алғашқысы дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютрдің тегін амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету мәселелерін зерделейтін қанатқақты жоба ретіндегі байланыс орталығы іске қосылды.
2018 жылдың 1 тоқсанында еліміздегі 404 медициналық ұйымға тегін амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету мақсатында 22,3 млрд теңге көлеміндегі дәрі-дәрмек жөнелтілді. Тұтас алғанда, бірыңғай дистрибьютрдің тізімі бойынша амбулаториялық және стационарлық дәрімен қамтамасыз етуге арналған 1040 атаулы дәрі-дәрмек сатып алынды. Бұл сатып алу шараларының онлайн режімінде өткізілгенін де айта кету ләзім. Ал дәрілік препараттарды сату мен сатып алудағы айтулы жаңалық – электронды веб-порталдың іске қосылуы болып отыр. Дәрі-дәрмекті сатып алуда бұрынғы қағазбастылық кері ысырылады және фармацевтикалық компаниялардың әрбір лот бойынша жасаған қадамы ашық түрде жүргізіледі. Ең төменгі баға қойылғанша сатылым барысы бәсекеге қатысушылардың бәріне айқын көрінуі үшін бір мезетте атқарылады. Бұл «бармақ басты, көз қысты» сыбайластыққа тосқауыл болатыны анық.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, дәрімен қамтамасыз етуде электронды сатып алуды енгізу денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде жүзеге асырылатын маңызды жоба.
Электронды порталдың функционалдылығы қарапайым және қолжетімді әрі осыған дейін барлық салада өткізіліп жүрген мемлекеттік сатып алуға ұқсас. Жоба дәрілік препараттарды сатып алу туралы заңнаманың барлық талабын ескере отырып әзірленген. Сатып алуға қатысатын компания өкілдерінде аталған ұйымда тіркелген электрондық сандық қолтаңбасы болуы ғана міндетті. Ал басқа шаруалар ұсынылған регламентке сәйкес стандартты тендерлік рәсімдердің барлық сатыларын қамтиды.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, аймақтарда жоспарлау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Соның салдарынан бір жерде дәрі-дәрмек жетіспей жатса, енді бір жерде артығымен сатып алынған препараттар қоймаларда жатыр. Бұл дегеніміз – мемлекет қазынасынан шыққан қыруар қаржы. «Судың да сұрауы бар» деген. Осындай олқылықты болдырмау мақсатында «СК-Фармацияның» кейбір ақпараттық жүйелерді өзара қосуы нәтижелі болды. «Осының арқасында емxаналарға жеткізілетін дәрілердің көлемін көріп отырамыз. Мәселен, дәрігер рецепт жазып берсе, науқас адам дәріні алды ма, алмады ма, әлде дәрі әлі қоймада жатыр ма, бәрін көруге болады. Негізі, кейбір өңірде көп дәрі-дәрмек қоймада жатыр», деді Е.Біртанов.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде барлық әкімдіктерге науқастардың тізімін электронды форматқа ауыстыру туралы тапсырма берілді. Ал электронды форматқа ауыстыру – дәрілік препараттарға сұранысты автоматты түрде жоспарлау деген сөз. «Қажетті дәрі электронды портал арқылы сатып алынады. Пациентке SMS арқылы, иә болмаса, мобильді қосымша арқылы xабарлама түседі. Ол дәріні алғаны немесе алмағаны туралы жауап береді. Соған қарай жоспар жасалады», деді Е.Біртанов.
Портал апробациядан өтіп, қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін веб-ресурста әлі жүзеге асырылмаған сатып алу позициялары бойынша 2018 жылға арналған дәрілерді сатып алу ұйымдастырылады. 2019 жылы пациенттерді тегін дәрілік қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектерді сатып алудың барлығы электрондық форматта жүзеге асырылмақ.
Портал Электрондық коммерция орталығының платформасында жұмыс істейді. Онда электрондық мемлекеттік сатып алу порталы, «е-Минфин» және «Қазынашылық – клиент» негіздері қарастырылған. «СК-Фармация» өкілдері жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Электрондық коммерция орталығы арқылы өтеусіз негізде жүзеге асырады. Осылайша тегін дәрі-дәрмек пациенттер үшін веб-портал арқылы сатылып алынбақ.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»