Шілде-тамыз айларын батысқазақстандықтар «тұз айы» деп те атайды. Бұл – тұзды сордың шипалы қара балшығына «түсіп», ем алатын уақыт. Өңірде осындай шипалы жерлер аз емес. Бірақ оны өркениетті пайдалану, заманауи сауықтыру орындарын ашып, халыққа қызмет көрсету жолға қойылмаған.
Қазақ «қырық күн шілде» деп атайтын жылдың ең шіліңгір кезінде үлкендер тұзға түсуге жиналатын. Ауылымыздан 8 шақырым жердегі Қойсары әулиенің тұзына түсудің өзіндік жөн-жоралғысы бар еді: тұзға түсетін адам әуелі әулие зиратына соғып, дұға бағыштап, ақ шүберекке тиын-тебен садақасын байлайтын. Содан кейін сордың жағасына шатырын тіге орналасып, малын соятын. Әйелдер қазан-ошағын қамдап жатқанда, ерлер сор жағасынан ауызын кең, түбін тар етіп «құдық» қазатын. Сәлден кейін-ақ шұңқырдың түбіне удай ащы су шым-шымдап жинала бастайды. Бұл су кейін жуынуға керек. Ал тұздың шипалы қарабалшығы сордың ортасына қарай он шақты қадам жүргенде шығады. Күннің ыстығы табан күйдіреді. Жұп-жұмсақ майлы қарабалшықты түгел денеге жағып, белуардан балшыққа кіріп, маужырап жатқан қандай! Кейбіреулер тіпті осылай ұйықтап та алады. Бірақ бірін-бірі ескертіп, «Әй, тұз өтіп кетпесін!» деп те жатады. Біз сияқты балалардың ермегі – тұзға түскен адамдардың орнында қалған «ақтық» шүберектерден тиын жинау, одан қалса сор жағасындағы ақ тақырға жалаң аяғымыздың ізін қалдырып жарысу еді.
Тұзға ашқарын түсуге болмайды дейтін. Қарабалшыққа аунап жатудың да уақыты шектеулі, ұзақ дегенде бір сағаттан аспауы тиіс. Сосын сол сордың өзінен шыққан ащы сумен түгел жуынып, қымтанып киініп аласыз. Көбінесе қарабалшық «ваннасын» араға уақыт салып үш мәрте қабылдайды. Ең басты шарт – тұзға түскен соң үш күнге дейін жуынуға болмайды. Қалың киініп, жел тиюден, суықтан сақтану керек. Осы күндері адамның терісі ерекше жұмсарып, жиі терлеп, ол тер киімге сіңіп қаудырлап, ақ сортаң болып қалады. Межелі үш күн өткен соң ғана адам таза сумен толық жуынып, киімін түгел ауыстырады. Жыл сайын осындай ем-шарадан өткен адам тері ауруларынан ада болып, буын-буынға жиналған суықты қуып шығады дейтін...
«Тұзға түсудің ғасырлық дәстүр-дағдысы сол күйінде өзгермей сақталған» деп мақтансақ та болады. Өйткені өңірдегі емдік-шипалы, қарабалшықты орындардың ешқайсысында арнайы тіркелген сауықтыру орны жоқ.
– Жақында Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылы маңындағы Соркөлге барып тұз қабылдадық. Соркөлдің басында 100-ден аса адам ем қабылдап, машиналарын көлеңке қылып, ас ішіп жатты. Біз де маңындағы әулиеге дұғамызды бағыштап, ақтығымызды байлап, бісміллә деп кірісіп кеттік. Айтайын дегеніміз, келіп-кетіп жатқан ел-жұрттан біраз қоқыс қалады екен. Бүйте берсек, киелі де шипалы орын қоқыс полигонына айналатын түрі бар. Ешкімнің меншігінде болмағандықтан, «бұл жерді неге абаттандырмайсың?» деп айта алмайсың. Ауылдық округ әкімдігі тазалықты қадағалап, қоқыс қалдырмау, жинап кету сияқты ескерту тақтайшаларын орнатып қойса қайтер еді?! Немесе белсенді азаматтар бірлесіп бастама көтеріп, сенбілік өткізсе қане?! Жалпы, тазалық мәселесі жалғыз Соркөл емес, тұз қабылдайтын жерлердің біразына тән, – дейді Орал қаласының тұрғыны Нұрлан Сәдір.
Әрине емдік-шипалы орындардың санитарлық тазалығы өте маңызды мәселе. Ең бастысы, табиғат берген байлықты ретімен пайдалану, қазіргі заманға лайық сауықтыру орындарын ашып, халықтың қажетіне жарату жайы. Батыс Қазақстанмен көршілес жатқан Астраханьдағы Эльтон, Орынбордағы Соль-Илецк (қазақтар Тұзтөбе деп атайды) санаторийлерінің ғасырдан артық тарихы бар. Аталған бальнеологиялық шипажайларда жыл сайын мыңдаған адам қаржы шығарып, шипа іздеп барады.
Ал Батыс Қазақстан өңірінде балшықпен емдейтін шипажайлар бар ма? Негізгі профилі болмаса да, ем шараларында шипалы балшықты қолданатын бір-екі шипажай бар екен. 2009 жылы Жаңақала ауданы орталығында «Капустин Яр», «Азғыр» полигондарында жасалған әскери сынақтардан зардап шеккен тұрғындарды емдеу үшін ашылған «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы» бүгінде науқастардың бел, тізе, шынтақ буындарын емдік балшықпен сылап емдейтін ақылы қызмет көрсетіп жүр. Оңалту орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Нұрманғали Фазыловқа хабарласып, емге қолданатын балшықтың қайдан алынатынын сұрадық.
– Біз емдік балшықты Атырау облысындағы Қарабатан көлінен алдырамыз. Жылына бір рет, жаз кезінде 3 тоннадай балшық алдырып, емге пайдаланамыз. Ал қыс уақытында балшықпен емдеу жүргізілмейді, – дейді орталық өкілі.
Оның айтуынша, облыста, тіпті Жаңақала ауданында да белгілі тұзды көлдер болғанымен, балшықтың химиялық құрамы, дәрігерлік талдауы жоқтықтан емге пайдаланылмайды. Қымбатқа түссе де алыстан тасуға мәжбүр. Ал Қарабатан балшығына Атырау гидрогеология мекемесінің анықтама қағазы берілген.
Белгілі «Ақжайық» шипажайында да балшықпен емдеу қызметі бар. Бір тәуірі, шипажай емдік балшықты іргедегі Әлжан сордан алады екен. Шипажай директоры Альберт Сафуллиннің айтуынша, Әлжан сордың емдік балшығының қасиеті одақ кезінде белгілі болған. «Мәскеудегі курортология және физиотерапия ғылыми-зерттеу институты гидрогеологиялық партиясы «Әлжан көлі Батыс Қазақстан облысындағы ең болашағы зор сор көзі. Осы өңірде балшықпен емдейтін сауықтыру орындарын шикізатпен қамтамасыз ете алатын орталық бола алады. Сордың санитарлық-бактериологиялық көрсеткіштері орталық курортология және физиотерапия ҒЗИ талаптарына толық сәйкес келеді. Әлжан сордың балшығы жоғары минералды орта сульфитті балшықтар қатарына жатады. Мұндай жоғары минералды сульфитті емдік балшық – Новосібір облысындағы Карачи көлінің сорымен теңдес» деп берген анықтама қолымызда», дейді ол.
Жаңақала оңалту орталығы да, «Ақжайық» шипажайы да табиғи шипалы көлдің жағасында орналасқан, балшықпен емдеуге арнайы маманданған мекеме емес. Ал Әлжансор, Аралсор, Хакисор, Кіндікті, тағы басқа да толып жатқан шипалы балшықты көлдері бар өңірде шипажай ашуға не кедергі?
– Мұндай бальнеологиялық қоры бар рекреациялық ресурстарды жекелеген адамдар игеріп, кәсіп жүргізе алмайды. Бұл өте қымбатқа түседі. Сондықтан мұндай орындарды мемлекет қолына алуы керек, – дейді география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденов.
Қажымұрат Мақсұтұлының айтуынша, Атырау облысында дәл осындай бастама аяқсыз қалған. Индер тұзды көлінің жағасында жекеменшік сауықтыру орнын ашпақ болған кәсіпкерлер көп ұзамай тақырға отырған.
Қарабалшықты орындарды игерудегі ең басты кедергі – бұл жердегі шипалы балшықтың әрқайсысына химиялық талдау жасалмағаны, құрамы анықталмағаны болып тұр. «Жеке кәсіпкер мұндай талдау жасауға тапсырыс бере алмайды, бұл өте қымбат шара. Өңірдегі шипалы тұздардың құрамы қандай, қайсысы қандай дертке шипа болатынын анықтау үшін денсаулық сақтау орындары тиісті мекемелерге тапсырыс берсе болар еді», дейді Қ.Ахмеденов. 2017 жылы Қ.Ахмеденов бастаған ғалымдар тобы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғылыми зерттеу институты атынан «Қазақстан Республикасы үшін тұзкүмбезді ландшафты құрылымдардың әлеуметтік-экономикалық маңызын талдау» атты ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмысын жүргізген екен. «Зерттеу барысында Батыс Қазақстанда геодинамикалық, топырақтық-геохимиялық, сукцессионды-флористикалық, микроклиматтық, гидрологиялық, геопатогендік құбылыстардың индикация әдісі негізінде тұзкүмбезді тектогенездің дамуы бағаланды. Каспий маңы ойпаты тұзкүмбезді геожүйесінің табиғи-ресурстық әлеуеті зерттелді. Индер, Аралсор, Әлжансор және Хакисор көлдерінде минералды сулар мен емдік балшықтардың төлқұжаты жасалды» дейді ғалым.
Оралдық ғалымдардың соңғы зерттеуі Батыс Қазақстан облысының рекреациялық және бальнеологиялық әлеуеті жоғары екенін көрсетіп отыр. Өңірдің өзіне тән геожүйесі минералды балшықтар мен табиғи сұйықтардың ерекше қорын қалыптастырған. «Бірақ бұл әлеуетті пайдаға асыру төмен дәрежеде. Өйткені салаға құйылған инвестиция жоқ, инфрақұрылым дамымаған, жарнама да жетіспейді», дейді ғалымдар.
Дегенмен, Алматыдағы У.Ахметсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының химиялық талдау зертханасы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің сынақ орталығы және «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО филиалының сынақ орталығы Индер, Әлжансор, Аралсор және Хакисор тұзды көлдерінен алынған шикізатқа химиялық талдау жасады. Зерттеу нәтижесі шикізаттың емдік балшықтардың ішіндегі ең құнды сульфидті-тұнбалы бромды қоспаларға бай екенін көрсеткен. Соның ішінде бұл балшықтардың шипалылығы Ресейдің белгілі Эльтон, Карачи шипажайларынан кем түспейтіндігі анықталып отыр. «Әлжансордың балшығы өте жұмсақ, майда болып келеді. Балшықтың ылғалсақтағыш қасиеті бальнеологиялық құндылығын арттыра түседі. Біз зерттеген тұзды көлдердің ішінде физикалық-химиялық көрсеткіштері жағынан ең озығы осы Әлжансор балшығы», дейді ғалымдар.
Мамандардың пікірінше, шипалы балшықтың ерекше химиялық құрамы арнайы шипажайлар ашып, қазақстандықтарды ғана емес, жақын шетелден де демалушыларды тартуға мүмкіндік берер еді. Сондықтан бұл аймақта балшықпен емдеу-сауықтыру жүйесін құру, медициналық туризмді дамыту – өңір алдында тұрған бір меже дер едік.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы