Соңғы кезде республикамыз тұтастай алып құрылыс алаңына айналып бара жатқандай көрінеді. Өйткені еліміздің қай қиырына барсаңыз да қайнаған қызу құрылыс нысандарына тап боларыңыз анық.
Театр киім ілгіштен басталса, кез келген құрылыс ең алдымен жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуден бастау алмақ. Айталық, қазіргі кезде бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттардың уақытын созбай, мерзімінде әзірлеудің рөлі мен жауапкершілігі жоғары.
Өйткені бұлай болмаған жағдайда әлеуметтік нысандардың жүзеге асу мерзімі кешеуілдеуі немесе мүлдем тұрғызылмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да өңірдегі облыстық басқармалардың басшылары және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, сондай-ақ жобалау ұйымдары мен құрылыс индустриясы кәсіпорындары басшыларының мұндай сылбыр іс-әрекетке жол бермеуінің пайдасы мен тиімділігі өте мол.
Әйтсе де облыста жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу мерзімі сақталмай отыр. Бұл жөнінде Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Яғни, 2017 жылдың желтоқсан айында 2018 жылы бюджеттен 281 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдар нысанына ЖСҚ жасауға қажетті қаражат бөлінген. Әйтсе де бүгінде екінші жартыжылдық кезеңі басталып кеткеніне қарамастан табаны күректей 115 жобаның жобалау сметалық құжаттары әзір болмай отыр. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева мәлімдеме жасады. Бұған дейінгі жүргізілген талдаулар мен сараптамалар орын алған жағдайлардың басты себептері – конкурстық үдерістер өткізу тәртібінің кеш хабарлануы, әрі ұзаққа созылуы. Бұған қоса бастапқы деректер мен техникалық жағдайларға қатысты жай-күйді ұсынудың мерзімдері де кешіктірілген.
Мұның өзі аталған істің басы-қасында жүргендердің қолында нақты жобалық-сметалық құжаттар жоқ деген ұғым-түсінікті бермей ме? Мұндай көрініс әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу ісін жергілікті және республикалық бюджеттен қаржы тартуға өз кедергісін тигізбей тұра алмайды. Әрі аталған деректің өзі жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуге жауапты заңды тұлғалардың жауапкершілігі төмен, атқарып жүрген істері сылбыр екенін айғақтаса керек-ті.
Айталық ЖСҚ-ны жасақтау барысында бағаны негізсіз көтеруді болдырмауды ұдайы назарда ұстау ісінің де орны айрықша. Бұл өз кезегінде жобалардың сметалық құнын тыңғылықты әрі жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мәселенің осы жағына да жеткілікті түрде көңіл аудармағаны аңғарылады. Сылбырлық қашанда істің нәтижелі аяқталуына кедергі келтіреді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»