Қазақ жерінің тұңғиығы табиғи байлыққа толып тұр. Мұнай мен газдың да, алтын мен көмірдің де мол қоры бар, бір сөзбен айтқанда, біздің жерімізде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік кездеседі. Алайда, еліміз өз тәуелсіздігін алмай тұрғанда осынау табиғи байлықты халық қажетіне жарата алмадық. Сол себептен отандық экономикамызды қарышты өркендету мүмкін болмады. Бұл жасырын емес. Тіпті Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңындағы қиыншылықтар да ұмытыла қойған жоқ. Тәубе деп айтайық, тәуелсіздік біздің еліміздің бағын ашты, экономиканың әр саласын еркін дамытуға даңғыл жол ашып берді. Мұны еліміздің әр өңірінің экономикалық-әлеуметтік дамуынан байқай аламыз.
Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойлық салтанатында сөз сөйлеген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұдан былай Қазақстанды индустрияландырудың маңызы айрықша екеніне орынды тоқталды. Өйткені, кез келген мемлекеттің индустриясыз өркен жайғаны кемде-кем. Әсіресе, бүгінгі жаһандану дәуірінде индустриясы кең ауқымда дамымаған мемлекеттер бәсекеге қабілетті бола алмауы ғажап емес. Табиғи байлықты шикізат ретінде әлем рыногына молынан шығаруға болар, бірақ түптің-түбінде ен байлық таусылмайтын дүние емес қой. Міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде Елбасының «Біздің жаңа индустрияландыру –Тәуелсіздіктің мәңгілік қозғалтқышы. Бүгінде Қазақстанда электрониканың, машина жасаудың, авиация құрылысының, локомотивтер мен вагондар өндірісінің, құрылыс индустриясының жаңа салалары мен елімізде бұрын ешқашан болмаған басқа да салалар құрылуда. Жаңа индустрияландыру – жаңа ғасырдың кең ауқымды өркениетті жобасы» деп екпін түсіруінің еліміздің келешегі үшін маңызы айрықша екенінде дау жоқ.
Қазір еліміздің экономикасы шын мәнінде еркін дамудың жолына түсті. Соның дәлелі ретінде Елбасы баяндамасында айтылғандай, индустрияландырудың инновациялық жобалармен айшықтала түскенін айта аламыз. Бұл жобаларды іске асырудан шағын және орта бизнес өкілдері тыс қалмайды. Өйткені, тәуелсіздікпен бірге бұрын өңіміз түгілі түсімізге кірмеген кәсіпкерлік саласы қарқынмен дами бастады. Бұл күндері кәсіпкерліктің өркен жаюын экономиканың әр саласынан байқаймыз. Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалды. Осы сала өкілі саналатын өзім де кәсіпкерлігімді тұз өндірісі саласында жалғастырудамын. Мұнайлы Атыраудың Индер ауданындағы тұз көлінен күнделікті өмірімізде жиі тұтынатын ас тұзынан бастап, техникалық тұзды да өндіреміз. Енді жаңа бір өнім түрін шығаруды бастағалы отырмыз.
Мұның бәріне Тәңір сыйындай болған Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Әр қазақ үшін, әр қазақстандық үшін бойтұмарымыздай болған Тәуелсіздігіміздің қадірін арттырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі екені де жасырын емес. Елбасы елімізді еркін дамудың жолына түсірмегенде бүгінгідей бәсекеге қабілетті әрі сапалы өнімдер өндіруге қадам жасамаған болар едік. Енді міне, бүгінгі биігімізді индустрияландыру арқылы нықтай беретінімізге сенемін. Өйткені, еліміз үшін еркін дамудың кемел кезеңі басталды.
Абиырбек ТОҚТЫБАЕВ, «Тұз» ЖШС директоры.
Атырау облысы.