• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Шілде, 2018

Қара үзгендер миллионер болады

491 рет
көрсетілді

Кейбір аймақтар жұмысы барлар мен жұмыссыздарының есебін шотқа салып, әрі-бері сапырылыстырып жатқанда, Қызылорда әкімдігі әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тұратындарды анықтауды аула аралаудан бастап кеткен.

Індетіп іздегенге бәрі айқын. 97 мың 538 адам толыққанды жұмыспен қамтыл­ма­ған, былай айтқанда жұмыссыз десеңіз болады. «Е, осыншама жұмыссыз адам бар екен. Екі қолына күрек таба алмаса өз обалы өзіне» деуге болар ма еді? Кей­бір әкімдер «амалым жоқ» дер ме еді? Қызыл­орда облысының әкімі олай ойламайды екен.

Шағын және орта бизнесті өрістетуге 32 млрд теңгенің есебін шығарды. Қалтаны ұрмайтын, ай, жыл сайынғы инфляциямен-ақ айырмасын жеп қоя­тын жеңіл несие, үздік жобаларға қай­та­рымсыз грант.

Әр аудан, ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берілген. Ауыл әкімдерінің жұмысына септесу үшін қасына басқарма, жетекші мекемелерден арнаулы өкіл бөлді. Содан соң аудан, қала аралаған облыс басшысы жұмыс сапарының соңында кәсіпкерлікті қолдауға байланысты қоры­тын­ды жиын өткізді.

Алда берекесі ақтарылған қоңыр күз келе жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту мәсе­ле­сінің қорытынды шешімі шы­ға­ды. Осыған бай­ланысты облыстық кәсіп­керлер пала­та­сының директоры Ғалымбек Жақ­сы­лықов жақсы жаңа­лығымен бөлісті.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс­тың әр ауданы және Қызылорда қа­ла­сы бойынша үздік кәсіпкерлерді, облыс бойынша бір үздік ауыл әкімін және бір жауапты бекітілген тұлғаны, сондай-ақ палатаның аудандағы бір филиалын 1 млн теңгеден қаржылай сыйақымен ма­рапат­тау туралы шешім қабылдапты. Оған кім­дердің лайықты болатындығы жыл со­ңында анықталады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы