• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Шілде, 2018

Солтүстік Қазақстанда қан тазарту орталығы ашылды

1133 рет
көрсетілді

Тайынша аудандық орталық ауруханасында бүйректің асқынған ауруынан зардап шегетін науқастар толыққанды ем-дом алатын болады.  Осында ашылған кабинетті қажетті құралдармен жабдықтауға 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

«Гемодиализ – қанды бүйректен тыс тазарту әдістерінің бірі. Аудан бойынша аталмыш ауруға шалдыққан 12 адам есепте тұр. Бұл шара кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүргізіледі. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі дертіне ұшыраған науқастар аптасына 3 рет қандарын тазартып отырады. Бір ауысымда 6 науқасқа ем-дом қолданылады», дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Анатолий Рафальский.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде аталмыш  ем-домды қажет ететін тұрғындардың саны біршама артқан. Былтыр125 науқас тіркелсе, биыл 137-ге жеткен. Бұдан созылмалы бүйрек дертіне шалдыққандардың бәрі  гемодиализ ем-шарасын қабылдауы міндетті  деген ой тумаса керек. Қан бүйрек ауруының төртінші кезеңінде тазартылады.  Гемодиализдің баламасы – бүйректі ауыстыру. Облыста 22 адамның бүйрегін ауыстыру отасы жасалған.

Петропавлда алғашқы қан тазарту орталығы 2014 жылы ашылған болатын. 12 аппарат орнатылған орталықта 62 науқас ем қабылдайды. «Нефрос»-СК» ЖШС-нің директоры Лилия Гмызинаның сөзіне қарағанда мұнда ауыл тұрғындары да келеді. Алайда ем-дом бағасы қымбат әрі барып-келуі көп уақыт алатындықтан, аудандарда гемодиализ орталықтарын ашу туралы ұсыныс  аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тарапынан қолдау тапқан.

Жаңа қан тазарту орталығыТайынша, Ақжар, Уәлиханов және Айыртау аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта  Шал ақын ауданында іске қосу жоспарланған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы