Өте бір қолайсыз, өкініші мол жағдайлар болғанда сүйегімізге дақ келді деуші еді бабаларымыз. Кешегі Жаңаөзенде болған жағдай дәл осындай әсерге қалдырып отыр. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында бұлай болады деп кім ойлаған? Бүкіл әлемге паш еткен Қазақ елінің бірлігі мен тыныштығына дақ түсіп отыр. Ұят жағдай.
Билік басындағы шенеуніктерге өкпелесек те, мына жиырма жылдық ұлы мереке күні халқымыздың мерейлі шырқын бұзбайық деген Жаңаөзендегі басбұзарлардың ойына келмеді. Оған олардың ақылы жетпеді. Осының салдарынан қазақ қазаққа қол жұмсады, оқ атты, қан төгілді. Заманға, елге, әрқайсымызға өте өкінішті оқиға.
Осы қанды оқиғаның арандатушылары бар деп жатыр. Болса болар, оларды іздеп табу керек, атын атап, түсін түстеп халыққа жария ету керек. Тиісті жазасын да беру қажет. Дегенмен, жаңаөзендіктер осындай арандатуға неге түсіп қалды, себебі неде? Ол да анықталуы тиіс.
Ақпаратқа сенсек, бес жүздей мұнайшылар жеті ай бойы ереуілге шығып, алаңда жүр. Әртүрлі компания, министрлік басшыларымен жүргізілген келіссөздер мұнайшыларды қанағаттандырмады. Жаңаөзендіктердің арандатуға түсіп қалғандарының бір себебі осы дер едім.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мәртебелі Елбасыға: «Құрметті Нұреке! Сізге халық екі-ақ міндет артады. Біріншісі – Қазақ елінің жүрер жолын анықтап, сол бағытпен жүруді бақылап отыру. Екіншісі – ешкім есімін білмейтін Қазақ елін әлемге таныстырып, әлем өркениетіне жетелеу. Осыны орындасаңыз халқымыз Сізге дән риза. Ал енді өз елімізде қара қазанды қайнатып, елінің мұң-мұқтажын көзбен көріп, оны түзеп отыратын үкімет емес пе. Оның басшысы Қажыгелдин кабинетінен шықпайды, елдің жан айқайымен шаруасы жоқ», деген пікір айтып едім.
Құдайға шүкір, Президент өз міндетін атқарып-ақ келе жатыр. Ал үкіметке жоғарыда айтқан пікірімді қайталап, елдегі, әрбір өңірлердегі тұрмыс, әл-ауқат, көңіл-күй мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отыру керек дер едім. Еліне жаны ашитын, тәжірибесі мол бір азамат үкімет басшысының орынбасары ретінде әлеуметтік салаға жетекші еткені де дұрыс сияқты.
Жаңаөзендік ағайындар! Сіздерді сабырлылыққа шақырамын. Жалғыз емессіздер, ел болып мұнайшылар талабының дұрыс шешілуіне бүгінгі күні көзін тігіп отыр. Үкімет те тиісті шаралар ойластыруда. Елбасы тікелей бақылауына алған шаруаның қай-қайсысы да шешілетінін халқымыз жақсы біледі. Сіздер де осылай боларына сеніңіздер.
Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.