Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлары ассоциациясы ұйымдастырған ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне қатысушы шетелдік ұжымдардың өнерін тамашалағаннан кейінгі ойымызды бөлісуді жөн санадық.
Фестиваль той тойлау емес, жетістіктерімізді саралай отырып, әлі де жетіле түсуге және жаңа белестерді бағындыруға қол жеткізу болуы тиіс. Сондықтан бұл фестивальды Ресейдің Чехов атындағы, Францияның Авиньон, Англияның Эдинбург, Аустрияның Зальцбург секілді әлемнің ірі халықаралық театр форумы деңгейіне жақындатудың басы деп бағамдағанымыз абзал. Мұны тәуелсіз Қазақ елінің оң имиджін әлемдік қауымдастыққа таныту мақсатындағы саяси мәні зор мемлекеттік маңызды шара деп түсінгеніміз жөн.
Фестивальдың еуропалық көрсетілімі әлемге танымал италиялық «Piccolo Теаtro di Milano» театрының «Арлекин – екі мырзаға бір қызметші» спектаклімен басталды. 70 жылдан аса сахнадан түспей келе жатқан туындыны ХХ ғасыр театрының ірі тұлғасы, режиссер Джорджо Стрелер сахналаған. Мұны «Астана» фестивалі сахнасындағы шетелдік театрлар шеруінің жақсы бастамасы деп білдік. Екінші дүниежүзілік соғыс бітісімен іле-шала қолға алынған спектакль несімен құнды деген мәселеге келсек, бұл – әлем театрының даму тарихына үлкен із қалдырған италиялық del arte театр жанры үлгісін жаңалап, қалпына келтірген айтулы қойылым. Орындаушылардың сахнадағы актерлік амал-әдістері әр алуан.
Заманауи театр өнерінде поляк режиссурасы, поляк театры ізденістерінің алар орны бөлек. Белгілі «TR Warszawa» ұжымы өзінің 2015 жылы сахналанған «Азап шеккендер» спектаклінен елге танымал екі бірдей авторды тартқанын көреміз. Немістің жас та болса танымал драматургі әрі режиссері Мариус фон Мейенбург пьесаларының заманауи Еуропа және орыс сахнасында қойылуы прогрессиялық өсу үстіндегі үрдіс болып табылады. Берлиндік «Шаубюне» театрының көркемдік жетекшісі Томас Остермайермен тұрақты тандемде жұмыс істеуі, классик драматургтерді заманға сай лайықтап қоюы, өз пьесаларын жазуы және сахналауы үйреншікті құбылысқа айналды. Оның «Азап шеккендер» пьесасын қойған талантты режиссер Гжегож Яжинаның бүгінгі заманауи Еуропа режиссурасындағы орнын ескерсек, көрермен бұл жолы да үздік туындымен танысты деуге толық негіз бар. Спектакль батыс пен шығыста қаны сорғалаған өзекті мәселенің біріне, жас ұрпақтың дін жолына келуінің, жай келмей дінді ұстанушы, насихаттаушы жолына түсуінің себеп-салдарына үңілдіреді.
Литвалық «Meno Fortas» театры Ф.Кафканың «Аштық шебері» әңгімесі негізінде белгілі театр режиссері Э.Някрошюс сахналаған спектакльді ұсынды. Суреткер мен қоғам арасын сипаттаған әңгіме негізінде режиссер философиялық терең мәні бар, метафоралық ойға жетелейтін, экспрессивті заманауи спектакль жасаған. Адамның бойындағы «әлсіздікті» көрсететін детальдар спектакльде молынан табылады. Басты кейіпкердің аштық жариялаудан алған сылдырмақ марапаттарын көрсететін тұс назар аударуға тұрарлық. Театр осы спектаклі үшін түрлі фестивальдарда алған марапат қағаздары мен естелік статуэткаларын, кубоктарын спектакльдің реквизиті ретінде қолданады. Мұндайда «Ф.Кафка тәрізді шағын әңгімелерімен танылған қазақта да жазушы аз емес, шіркін солар қашан сахналанар екен» деген үміт еріксіз тұтанады. Қалай десек те еуропалық деңгейдегі режиссерлік жұмыстардың төл режиссура үшін алдағы уақытта сабақ болар тұстары көп.
Германияның тәуелсіз халықаралық «11» театры француз экзистенциализм бағытының философы, жазушы-драматург Жан Поль Сартрдың «Жабық қоғам» («Шығарға жол жоқ») қойылымын көрсетті. Қоғамның әр- түрлі сатысына жататын бірі бай Эстель, екіншісі пошта қызметкері Иннес, үшіншісі Гарсен журналисі Жұмбақ қызметкер бір бөлмеге тоғытады. Сәлден соң үш адамның арасында өзара кикілжің, күштінің әлсізге әлімжеттілігі, өзгені өзіне бағынышты ету секілді әрекеттер басталады. Автор осындай тар ортада, түрме камерасында, жабық қоғамда күш көрсету позициясынан болатын әлімжеттілік пен өзгеге тәуелділіктің табиғатына назар аудартады. Тақырып қызықты, көтерген мәселе терең де мәнді. Театрдың жас актерлер құрамының орындаған спектаклі көрерменге екіұшты ой қалдырды. Негізінен спектакльдегі актерлердің сахналық әрекеті, мизансценалар, декорация, жарық құралдары өте қарапайым. Алайда осы қарапайымдыққа ойынымен жан бітіруге тиіс жас актерлердің көзінде от, жүрегінде жалын сезілмеуі, шығарманың мәні мен мазмұнын толық ашып бере алмай қалғаны өкінішті.
Ағылшынның «1927» театры белгілі жас театрлардың бірі саналады. 2005 жылы жазушы, актриса және режиссер Съюзенд Андрейд пен әріптесі аниматор, иллюстратор және кинорежиссер Пол Бэрритт тарапынан құрылып, оларға актриса және костюм суретшісі Эсме Эпплтон және актриса, композитор әрі музыкант Лилиан Хэнли қосылады. Шығармашылық тұлғалардан құрылған театр спектакльдері сан түрлі жанрдың басын біріктіруімен жан баурайды. Мультипликация мен театрдың қосындысында жұмыс істейтін бұл ұжымның өнері әлемдік театрлар фестивальдарында үлкен сұранысқа ие. Балшықтан жасалған алып адам – Големге жан бітіру арқылы адамның технология мен экономика тұтқынына айналғанын көрсетеді, технологияның озық жетістіктері адам тұрмысын едәуір жеңілдеткенмен, големдер (технологиялық жетістіктер) билеген «заманақырды» сатиралық тілмен ұтымды түйрейді.
Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры Астанаға ат басын бұрмас бұрын Алматыда өнер көрсетті. Белгілі режиссер Р.Стуруа драматург Б.Брехттың 1930 жылы жазған «Ережеден тыс және ереже» – «Исключение и правила» пьесасын «Заңдастырылған заңсыздық» деген атпен ұсынды. Грузин театр сыншыларының 2016 жылғы бағалауы бойынша жылдың 5 үздік қойылымының қатарына енген бұл спектакльдің Астана фестивалінің бағдарламасына қосылуы сөзсіз жетістік. Б.Брехт көтерген мәселе бүгінгі күннің тынысымен етене үндесуімен құнды. Бұдан ғасырға жуық уақыт бұрынғы қоғам жағдайын сөз ететін туынды сәл сабыр сақтап, өз ісімізге бажайлап қарау керектігін еске салады. Қойылым пысықай бизнесмен Лангман (актер З.Папуашвили) әрекетімен пайда бар жерге елден бұрын жүгіретін, байлық үшін бәрін таптап өтуден тайынбайтын ашқарақ капитал иесін еске салады. Оның жалдаған жұмысшыларына жасайтын қысымы, қатыгездігі, соттағы құқық қызметкерлерінің шешімін өз пайдасына заңдастыруы заманның азғанын, заң жүйесінің әбден тозғанын көрсетеді. Үстем тап езгісінен босамаған қарапайым халықтың тартқан азабына трагедиялық фарс жанрында назар аудартады. Режиссер пьесада жоқ араб шейхы мен будда құдайы секілді кейіпкерлерді спектакльге кірістіре отырып, шындыққа мүлде жанаспайтын, әділдікті белден басқан қарама-қайшы сот шешімін шығартады.
Жапония астанасы Токиодан келген «Nakamura Gekijo» театр труппасының өнерін асыға күттік. Күншығыс еліндегі 400 жылдан аса тарихы бар дәстүрлі «Кабуки» театрының Сарыарқа төсіне тұңғыш рет келуі шынында да тарихи құбылыс еді. Театрдың дәстүрлі ойынынан бөлек, жалпы шетелдік көрерменге ұғынықты қолтаңбамен жасалған арнайы қойылым оқиғасы Жапония тарихындағы аңыздан бастау алады. Айдаһарға құрбандыққа берілген қызды құтқаруға шыққан жас батырдың ерлігі, Күншығыс елінің барлық тарихы жазылған орама қағазға қол жеткізудегі күресі баяндалады. Асыл мұраны иелену жолындағы күрес жапонның дәстүрлі театр кейіпкерлерін Хан тәңірі тауынан ескен самал желмен бірге Қазақ елінің бас қаласы – Астанаға алып келеді.
Ал Қытай Халық Республикасынан Бейжің халықтық көркем театры Жэнь Мин сахналаған драматург Ц.Цзинчжидің «Шабдалы гүлін ұнатамын» атты драмасын әкеліпті. Бас-аяғы үш-ақ актердің қатысуымен ойналатын драма «қойылым ішіндегі қойылым» үлгісінде орындалады. Режиссер шағын сахна кеңістігінде өзіндік пластикасы мен сөйлеу мәнері бар актерлердің ойынын үйлестіре білген. Тан династиясы тұсындағы дәстүрлі қытай әдебиеті хикаятынан алынған оқиға желісі махаббат пен шынайы өмір өрнегімен астаса өрбиді. Қытай мәдениетінде махаббат символы болған шабдалы гүлінің көрерменге айтпақ ойы мол. Өз елінде танымалдыққа ие бұл қойылым халықаралық театр фестивальдарына қатысып, он жылда 275 мәрте көрсетіліпті. Бір ғажабы, орындаушы актерлер өз кейіпкерлерінің іс-әрекетіне баға беріп, қажет жерінде пікір-ұсыныстарын ашық білдіріп отырады. Бұл бүгінгі қоғамдағы махаббат, мораль, екіжүзділік секілді этикалық мәселелерді көтерген қызықты спектакльдің бірі болды.
Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театрының белгілі режиссері Ю.Бутусов сахналаған А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасын көрермен сүйіспеншілікпен қабылдады. Спектакль 2017 жылы Ресейдің «Алтын маска» конкурсының алты аталымы бойынша үздіктер тізіміне ілігіп, «Үздік режиссура» жүлдесін иеленген. Александр Новиков Ваня ағайы үшін «Үздік ер адам», Сергей Мигицко – профессор Серебряков, ал Ольга Муравицкая Соня рөлі, екінші қатардағы қосалқы бейнені сомдағаны үшін жеңімпаз атанған болатын. Әр кейіпкердің өзіндік айтар ойы бар. Актерлердің өмір сүру дағдысын режиссер әдейі шартты түрде көрсете отырып, олардың жанайқайын, жалғыздық зардабынан жапа шеккен кейпін беруге тырысқан. Бәрі оқыған, интеллигент ортаның адамдары бола тұрып, өмірде көп сүрінген, қателікке ұрынған, жанталаса адасқандар жайы суреттеледі. Кейіпкерлер трагедиясын, жалғыздық шерін көрермен бірге сезініп, бірге егіледі. Классикалық туындының ұзақ жылдар қолданыста болуының басты ерекшелігі – заман талабына сай өзгере алатындығында, өзгеше үлгіде қоюға болатындығында.
Бұған дейін Астанада бірнеше рет болған Мәскеу губерниялық театры заманауи драматург Ярослава Пулиновичтің пьесасы бойынша режиссер А.Горушкина сахналаған «Шексіз сәуір» драмалық импровизациясын алып келді. Сахналық туынды көп отбасының шоғырлана өмір сүріп жатқан сүреңсіз ортасын суреттейді. Жасы 90-нан асқан, қатерлі ісікпен ауыратын Вениамин қария өлер алдында бала күнінен бастап, барлық өмір белестерін дәл алақанға салғандай етіп есіне түсіреді. Бұл – аумалы-төкпелі ХХ ғасырдың елеулі кезеңдерінің куәгері болған адамның тұтастай ғұмыры. Актер А.Амелиннің сахнада өмір сүру дағдысы ерекше. Қалт-құлт еткен кәрілік пен балалықтың бақытты шағына қатар ене алатын актер ойыны арқылы режиссер соғыс әкелген өмірдің қиыншылықтары мен бейбіт өмірдің қызығын, албырттық пен ақыл толғандағы сабырлылықты, сүйікті ойыншықтарынан айырылған баланың ренішін, тұтас бір ұрпақтың толқымалы сәттерін көз алдыңызға әкеледі. Спектакль әсерлі әрі кейіпкерлер тағдырын актерлердің шебер ойыны арқылы өрнектеп көрсете алды.
Қырғыз ағайындардың екі спектаклін тамашаладық. Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз академиялық драма театры тарихшы-ғалым Ерлан Сыдықов пен Шамил Жапаровтың «Ажалмен күрес» драмасын алып келіпті. Қойылым этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірінің соңғы сәтін бейнелейді. Қырғыз-қазақ үшін қастерлі тұлғаның 170 жылдық мерейтойы тұсында сахнаға шығуы, оған екіжақты шығармашылық байланыспен келуі көңіл қуантарлық жайт. Спектакль бір сарынды шыққан. Тек Шыңғыс пен Шоқанның бақұлдасқан сәті ерекше әсер қалдырады.
Жазушы-драматург С.Досановтың «Жанұран» пьесасы негізінде қойылған спектакль желтоқсан көтерілісінің сабақ аларлық тұстарына назар аудартады. Мұнда Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің тағдыры, оның Фатимамен арасындағы сезімі, елім, жерім, Отаным деген ұланның еркіндік аңсаған күресі, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған егемендікке талпынысы суреттеледі. Қазақ жастарының бойындағы ерік-жігер, төзімділік пен намыс оты жырланған қойылымның желісі жалпы көпшілік сахналардағы пластикалық сахналармен ұштасып әсерлі шыққан. Азаттыққа ұмтылған жастардың жігері мен бұлқынысын дене пластикасы тілімен берілуі құптарлық. Сот процесі кезінде Қайратты бес бұрышты қызыл жұлдызға керіп қойып жауап алуы жалпы спектакльдің ой-идеясын ашатын темірқазық деу керек. Алайда Қонаевтың орнынан түскені туралы ресми қаулы оқылғаннан бастап атойлап, ұрандатқан жастардың бәрінің жаппай алаңға жүгіруі, төңкерісшіл топқа айналуы ескі кеңестік «ура-патриотизмді» еске салатын біржақты шешім болған.
Өзбек ұлттық академиялық драма театрында режиссер Марат Азимов сахналаған И.Сұлтанның «Ар-ождан» драмасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары жазылған екен. Профессор Камиловтың: «Үйіме байлық келіп, ар бас тартса, байлықты өртеймін» деген сөзі спектакльдің негізгі өзегін аңдатады. Жаһандану тұсында, талай ғасырлар бойы халықтың даралығын, салт-дәстүрін, бірлігі мен бірегейлігін жоғалту қаупі өткір тұрғанда жеке отбасыдағы рухани хал-ахуалды жалпы қоғамдағы болып жатқан өзгерістерден бөле-жарып қарауға сірә болмас. Сондықтан атадан балаға берілетін тәрбие, ұят пен ар-ұждан мәселесін көтерген өзбек театрының спектаклін бүгінгі қоғамның өзін-өзі қорғауға, өзіндік даралығын сақтап қалуға жасаған қадамы десе де болады. Бұл спектакль фестивальдық форматтан гөрі кассалық қойылымға келеді.
Фестивальды кәсіби тұрғыдан алдағы уақытта жетілдіре түсу үшін «Астана» фестивалінің бағдарламалық дирекциясы бекіп, фестиваль миссиясы мен ұстанымдарын, форматын айқындау қажет, әлемдік театрдың озық жетістіктерін насихаттайтын тақырыптық бағдарламалар түзуді қолға алу керек. Сондай-ақ фестиваль аясында қазақ және өзге диаспоралар театрларын, озық режиссура жетістігімен насихаттайтын «қазақстандық шоукейс» бағдарламасы ұйымдастырылып, белсенді жұмыс істеуі тиіс, отандық театрлардың шоукейс бағдарламасына арнайы шетелдік қонақтар, театр сыншылары, театр фестивальдарының бағдарламалық директорлары, продюсерлер, т.б. шақырылса құба-құп. Қазақ театры мен қайраткерлерін толғандырған мәселелер төңірегінде тақырыптық конференциялар, ғылыми симпозиум мен «дөңгелек үстелдер» тұрақты өткізіліп тұрса, қанеки.
Аманкелді МҰҚАН,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі