Жуырда Бурабай курорттық аймағындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында жас геологтардың V қазақстандық ашық далалық олимпиадасының ашылу салтанаты болды.
Шараға Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты – Галина Баймаханова, Ресей Федерациясының бала-жасөспірімдік геологиялық қозғалысының орталық кеңесінің төрағасы, жер қойнауын пайдалану бойынша Федералды агенттіктің бас маманы Светлана Яшина, «Мұнайшы-геологтардың қазақстандық ұйымы» АҚ президенті Балтабек Қуандықов сөз сөйлеп, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Шараның қонақтары «Жас геолог» бірлескен қорына олимпиаданы ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ олимпиада жастардың кәсіптік бағытына, геология ғылымын зерт- теуге оқушылардың қызығушылығын арттыруға, өсіп келе жатқан ұрпаққа геологияны ғылым ретінде дәріптеуге бағытталғаны айтылды.
Олимпиадаға қатысып жатқан 20 команданың ішінде Ресей Федерациясынан Қырғыз Республикасынан, Өзбекстаннан келген қонақтар бар. Айта кетуіміз керек, 2010 жылы І қазақстандық олимпиадада барлығы 8 команда қатысқан болатын. Атап өтетін жайт, жас геологтардың тек команда саны ғана емес, дайындалу деңгейі де өскен.
Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы олимпиадаға қатысу – теориялық және практикалық біліміңді көрсетудің жақсы мүмкіндігі екенін атап өтті. Қатысушылардың ішінен көбі өз өмірін өте романтикалық мамандықтың бірімен байланыстыратынына үміт артты және жақсы көңіл-күй, жарыста сәттілік тіледі.
Олимпиада қатысушыларын геологиялық тілмелер мен карталарды құру, маршруттар салу, минералогия және петрография негіздерінен білім сайыстыру күтіп тұр. Жас геологтардың V Қазақстан ашық далалық олимпиадасы 27-шілде мен 3-тамыз аралығында өтеді.
«Егемен-ақпарат»