Сайлау-2012
Дүйсенбі күні «Нұр Отан» ХДП республикалық қоғамдық штабының өкілдері Ақмола облысы Ақкөл ауданы Наумовка ауылында болды. Нұротандықтардың айтуынша, олар өз кездесулерін ауылдан бастағаны кездейсоқтық емес. «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасы басымдықтарының бірі ауылды дамыту болып табылады. «Нұр Отан» бұрын да ауылға қолдау көрсетуге арналған бірқатар бағдарламаларды әзірлеген еді. Олардың ішінде жұмыспен қамту, ауылдық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары бар. Ал «Дипломмен – ауылға!» партиялық жобасының іске асырылуы ауылдық жерлерге 14 мыңнан астам дәрігер мен мұғалімдерді тартуға мүмкіндік берді. Осы жоба жалғасын табады, ауылға енді басқа да мамандар баратын болады. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін қалалықтарға жақындату.
Наумовка – шағын ауыл. Осында және оның үш бөлімшесінде, яғни Филипповка, Виноградовка және Өрнекте бір жарым мыңнан астам адам тұрады, барлығы – 500-ге жуық аула. Нұротандықтар «Хлебороб» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесіп, Наумовка ауылының көшелерінде тұрғындармен партия Тұғырнамасының ұстанымдарын түсіндірді, сондай-ақ жергілікті дүкеннің бағаларымен танысты.
«Біздің партиямызды ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарады. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз ауылдың дамуы үшін барлығын жасап жатыр. «Нұр Отан» партиясының да агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту үшін де, ауылдарды көркейту үшін де нақты іс-шаралар жоспары бар. Біздің партия – нағыз халықтық партия», – деп атап өтті «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Нұрлан Нығматулин.
Жаңа технологиялар, экспорттық әлеуетті қолдану және өнімділіктің 2 есеге өсуі агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, делінген партияның бағдарламалық құжатында. Партия назарының басты объектісі ауылдықтардың өздері, олардың әлеуметтік мәселелері болып табылады.
Олардың табыстарын ұлғайту үшін 5 жылдық мерзімге 3 миллионға дейінгі микронесиелерді бөлу арқылы ауылдық кәсіпкерлікке қолдау көрсетілетін болады. Жуық арадағы 5 жылда орталықтанған су жүйесімен ауылдық елді мекендердің 65 пайызы қамтылады. Партия жергілікті жолдарды қайта құру, абаттандыру, көгалдандыру саясатын жалғастырады. Ел Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақшалар құрылысы жалғасып келеді. Шағын мектептер мәселесін шешуді де көздейді. Ұтқыр көлік медицинасын дамыту да осы қатарда. Тұрғын үй жайы да назардан тыс қалмаған.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Ақмола облысы.