• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда мамандандырылған  тергеу соты жұмысына кірісті

875 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында  жаңа құқық қорғау қызметінің ашылу рәсімі өтті.

Оған қатысқан облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов тергеу судьясының жұмысын жандандыру талаптары Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарының 22-қадамында атап көрсетілгенін жеткізді.  Ол өз сөзінде адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсаты қойылғанын, биыл еліміздің барлық аймақтарында мамандандырылған тергеу соттарын құру туралы  Президент Жарлығы шыққанын,  өркениетті елдері тәжірибесі барлық сатыдағы сот жүйесіне енгізілетінін атап көрсетті.

Алғашқы кезде тергеу судьясына қарап-тексеру, тінту, айғақ зат алу өкілеттігі ғана берілсе, бүгінде оның құзыретіне күзетпен ұстау, қамауға алу, оның мерзімін ұзарту, лауазымынан уақытша шеттету, мүлікке тыйым салу сияқты өкілеттіктер кіреді. Қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларына сот қадағалауының енуі, біріншіден, қаралып жатқан істердің ашықтығын аңғартса, екіншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік береді. Бұған дейін істерді прокурорлар қарап, жеке-дара шешім қабылдап келген болатын.

«Тергеу сотына келіп түскен материалды судья 8 сағаттың ішінде ашық сот отырысында қарауға міндетті. Отырысқа барлық тараптар, атап айтқанда, прокурор мен қорғаушы, күдікті мен жәбірленуші де шақырылады. Осылайша, судья олардың алдында шешімді жария түрде қабылдайды»,  дейді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленко.

Мамандандырылған тергеу сотының төрағасы қызметін Дәурен Қайратұлы атқарады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан