Елордада «Ақ жол» демократиялық партиясы «Ұлы дала», «Ұлт тағдыры» қозғалыстары, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамдық бірлестігі, «Болашақ» жастар бірлестігі сияқты бір топ қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді.
Партия төрағасы А.Перуашев: «Барлығымыз да ел бірлігі мен мемлекет тұтастығына, біздің туған халқымыздың әлеуметтік, рухани дамуына, игілігіне қызмет етуге тиіспіз. Бүгінгі сіздермен кездесу – «Ақ жол» партиясы мен ұлттық-патриоттық күштер арасындағы ынтымақтастықтың, қарым-қатынастың заңды жалғасы. Бұдан әрі сіздер мен біздер осы бағыттағы іс-шараларды бірлесіп іске асырамыз деп ойлаймын», деді.
«Алаш Орда» қайраткерлері өткен ғасырдың бас кезінде-ақ ұлттың бірлігін, экономикалық даму мен либералды-демократиялық құндылықтарды алғашқы орынға қойған болса, олардың ұлттық дәстүр мен еуропалық, әлемдік өркениетті ұштастырып, білімді, мәдениетті, озық ел қалыптастыру идеясы бүгінгі «Ақ жол» партиясының мақсат-мүддесімен үндесіп жатыр», деген партия серкесінің сөзінен кешегі алаш азаматтары рухының жалғасы сезілген.
«Ұлы дала» қозғалысының төрағасы Айдос Сарым, «Ұлт тағдыры» ұйымының төрағасы Дос Көшім және «Әділет» тарихи-ағартушылық бірлестігінің төрағасы Бейбіт Қойшыбаев қойылған сұрақтардың өзектілігін алға тартып, қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырын зерттеу мен насихаттаудан басқа, бүгінгі күні жалпы қазақ халқы мен қазақстандық қоғамның рухани бірігу, шеттету үрдістері мен әлеуметтік шыдамсыздықты жеңіп шығу, біздің дәстүрлерге тән толеранттылық пен ынтымақтастықты көкейкесті ету тапсырмалары маңызды екенін атап өтті. Жиын соңында Қазақстан мемлекеті мен қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтап жүрген ұйым өкілдері мен тұлғалар «Ақ жол» партиясына «Қазақ халқының аманатын» тапсырды.
«Ақ жол» партиясы басшылығының ұлттық-патриоттық бірлестіктермен өткізген кездесуінде «Ұлы дала» қозғалысының төрағасы Айдос Сарым Жаңаөзендегі оқиғаға орай құрылған мемлекеттік комиссияның құрамына оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қоғам өкілдерін қосуды ұсынды.
Осы ретте партия төрағасы белгіленген тәртіп бойынша комиссияның жұмысына қатысу үшін өз өкілдерін жіберуге дайын екендіктерін жеткізді. Партияның мәлімдемесінде: «Партия осы оқиғаға орай атқарушы органдардың іс-әрекетіне баға беруді қоса алғанда, оған тиісті дәрежеде құқықтық және саяси баға бере отырып, әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізілуін талап етеді» делінген. Ақжолдықтардың пікірінше, ҚДП-ның беделді мүшелері қатарынан тәуелсіз сарапшыларды тарту мемлекеттік комиссия жұмысының қоғам үшін шынайылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.