ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖОЛЫН БАСТАУШЫ
Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған сара саясаты мен бағыт-бағдарламаларының қолдаушыларының бірімін. Қашанда халқының қамын ойлайтын Елбасы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында еліміздің осы кезеңде өткен жолдарын әдемі әдіптеп берді. Осы кезеңде қол жеткен жетістіктерді боямасыз баяндаған Елбасының сөздерінде егемен еліміздің өткен жолдары айқын аңғарылды. Мұны әр қазақстандықтың сезініп отырғаны шындық. Еліміздің бүгінгі экономикалық-әлеуметтік дамуының қарқыны достарымызды қуантып, дұшпанымызды қызғантуда. Экономикалық дамудың арқасында халқымыздың тұрмысы жақсарып, әлеуеті артты. Тәуелсіз 20 жыл ішінде атқарылған шаруаларға халқымыздың риза екендігіне күмән жоқ. Кеңестік кезеңнің 70-жылдарында бармаған алыс ауылдарға, елді мекендерге қазір су құбырлары тартылып, «көгілдір отын» барғанын көзіміз көріп отыр. Елбасы қашанда ауылдың дамуын ұдайы назарда ұстап келеді. Елбасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиынында сөйлеген сөзінде ел экономикасының даму бағыттарын нақтылап берді. Тәуелсіздік әкелген жеңістер тұғырлы болу үшін бүгінгі жастарымыз ерен еңбек етуі тиіс. Елбасы 15 желтоқсанда сөйлеген сөзінде жастарға, соның ішінде, ғылыммен айналысатын өрендерімізге үлкен сенім артты. Бұл сенімді ақтау олардың азаматтық парызы ғана емес, сонымен бірге патриоттық міндеті деп білуіміз керек. Отанын қорғау үшін қыршынынан қиылған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлік істерін насихаттаумен айналыса жүріп, еліміздің егемендігі осындай қайсар ұл-қыздарымыздың арқасында мүмкін болғанын айтқым келеді. Елбасы баяндамасында еліміздің қол жеткен жетістіктерімен қатар ертеңгі даму бағыттары да айқын сөз болды. Қашанда нақты іске бағытталатын бағдарламаларды тілге тиек еткен Елбасының сөздерінен еліміздің таяу жылдардағы даму бағыттары айқын аңғарылады. Біз Елбасының сөзі мен ісінің бірлігіне талай тәнті болдық. Халқына қызмет ететін ұлдың сөзі қашанда өтімді. Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк атындағы Ақтөбе қалалық қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Ақтөбе облысы.
•
21 Желтоқсан, 2011
Елбасымен – ертеңге!
231 рет
көрсетілді